Тілдік мәдениет – болашақтың жарқын бейнесі
Қаршығаева Айнұр Аралбекқызы
ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор
Наухан Сымбат Нұрланқызы
1-курс студенті
«Тұран» университеті Алматы қ., Қазақстан Республикасы
Аңдатпа: Мақалада тілдік мәдениет мәселесі қарастырылады. Сөйлеу мен жазу барысында қолданылатын әрбір сөз айтылар ойға, мәнге қатысты болып келеді. Осыған сәйкес, сөйлеу дағдысында тіл тазалығына нұқсан келтіретін, сөйлем арасында «қызметсіз, орынсыз» қыстырма сөздерді қолдану ерекшеліктеріне тоқталамыз. Сөз тазалығы-қоғамда аса қажетті маңызы бар дүниелердің бірі екендігі белгілі. Сондай-ақ, мақалада сөйлеу – адам санасының басты белгісі болғандықтан, тілдік құрылымның қыр-сыры зерттеліп, жан-жақты талдаулар жасалынған.
Кілт сөздер: тілдік мәдениет, сөз, сөз әдебі, тілдік норма, ұлттық құндылық, сөз мәдениеті, сөйлеу дағдылары.
Аннотация: В статье рассматривается проблема языковой культуры. Каждое слово, используемое в устной и письменной речи, связано с мыслью и значением. Соответственно, остановимся на особенностях употребления прилагательных «неуместный, неуместный» между предложениями, что ухудшает чистоту языка в речи. Общеизвестно, что чистота речи является одним из самых важных вещей в обществе. В статье также рассматривается структура языка, так как речь является основным признаком человеческого сознания, и дается всесторонний анализ.
Ключевые слова: языковая культура, слово, словесный этикет, языковая норма, национальные ценности, словесная культура, речевые навыки.
Аnnotation: The article deals with the problem of linguistic culture. Every word used in speech and writing is associated with thought and meaning. Accordingly, let us dwell on the peculiarities of the use of adjectives “inappropriate, inappropriate” between sentences, which worsens the purity of the language in speech. It is well known that the purity of speech is one of the most important things in society. The article also discusses the structure of the language, since speech is the main feature of human consciousness, and provides a comprehensive analysis.
Key words: language culture, word, verbal etiquette, language norm, national values, verbal culture, speech skills.
Тiл – жүйелі әрі күрделі құбылыс. Тілдің құдіретті күшінде өлшеу жоқ. Көркемдігіне тең келер теңеу де табылмайды. Ұлы ұғым – ұлттың жаны, халықтың үні де бола біледі. Тілі жойылса халық та жер бетінен жоғалуы сөзсіз. Адамзаттың сан ғасырлық тарихында біршама өркениетті елдер есімі өшіп кетіп жатыр. Осының бәрі алдымен тілдің жоғалуынан бастау алғандығын ғылым бізге дәлелдеп отыр.
Ұлт сөзі қозғалса, мемлекеттік тіл ұғымы пайда болары хақ. Көптеген энциклопедияларға көз жүгірттік. Мемлекеттік тіл – eл рухын көтерер мемлекеттік рәміздері байрақ, елтаңба, әнұран секілді дәрежесі асқақ ел қазынасы болып табылады деген анықтама бере аламыз. Қазіргі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз ана тілін ұмытудан әрі oны өзге тілге айырбастаудан туындап отырғаны жасырын емес. Тілі мен мәдениетінен айырылған ондай жан рухани кедейленуімен қатар адам болмысын түсінбейді. Көлденең кезіккен көк атты патшаның қолжаулығына айналмасына кім кепіл?..
Мемлекетінің ертеңін ойлаған әр патриот алдымен қоғамда өзін жөндеуі тиіс деп есептейміз. Дәл қазіргі сөйлеу және жазу әдебіміз бен тіліміздегі көптеген амал-тәсілдердің қолданылуы мен сөздердің айтылуына назар аударайық. Айтар сөзіміз орынсыздығын байқап, оның айтылуы тілдік нормаларға сәйкес еместігі белгілі. Осы жайында көңілге күдік ұялатар көлденең сұраулар саны арта беретіндігін де айта өткеніміз жөн. Сөз қолданысының дұрыстығы не бұрыстығына баға беру арқылы пікір білдіру оңай шаруа емес. Бұл мәселеге байланысты қоғамда тартысты пікірталастар да толассыз жүруде. Өзекті мәселенің біріне айналған тілдік мәдениет –ұлттық құндылықты сақтауға бағытталған. Қазіргі қоғамдағы тілдің дәрежесін, оны тұтынушылардың қарым-қатынас мәдениетін реттеп отырады. Аталған сала Мұқағали айтқан екінші байлықтың заңдылықтарын сақтау мен қорғау міндеттерін жүзеге асуының амал-тәсілдерін көрсетіп отыр. Бірден тілдік мәдениет жайында сөз қозғала қалса санаға ғалым Нұргелді Уәли түседі.
Академик автор «Сөз мәдениеті» [1] деп аталатын еңбегінде сөйлеу мен жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана маңызды болмауы тиіс. Еңбекте тақырыптың айқын ойлылығы мен сөзді дәлдеу шеберлігінің ұтымдылығын сөз еткен. Сөйлеушінің сөйлеу өнеріне шыныққандығын да ескерудің маңызы жайлы терең ой тастап кеткен. Тіл мәдениеті – әрдайым даму үстіндегі саланың бөлігі екендігін атап өткіміз келеді. Ұлы мәдениетті өлтіріп алмас үшін әр сөздің мағынасын түсіну жеткіліксіз. Сонымен біріге оны қолдану барысында салмақтап алған жөн [1, 10].
Соңғы тәуелсіздіктің он жылдығында қазақ елінің туған тілі мен халықтық әдебиеті тарихына қатысты өзекті мәселелерді зерттеу мен қарастыру тақырыбына жұмыстар жасалынып қолға алынғаны рас. Түрлі әрекеттер мен шаралар ауқымды мәселенің толық шешімін табуда мардымсыздығы баршаға аян. Әдеби тіл статусын тек қана жазумен ғана байланыстыру идеясы жоқ деп айтуға да келмейді. Қазақ тілтанушысы, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Мәулен Балақаевтың [2] оқулықтарының алғашқы беттерінде әдеби тіл – жазба тіл екендігін сөз етілген. Осы жазба әдебиеті арқылы тіл байлықтары мен оның құрылысы сымбатты қалыпқа түсіп әрі ерекшелене беретіндігі жасырын емес. Жазуы болмаған халықтың тілі әдеби тіл дәрежесіне көтеріле алмайтындығы да тілге тиек етіліп отырады [2, 54]. Мағыналық жағынан ұқсас дәл осындай тұжырымды Ғайнетдин Мұсабаевтың да сөздерінен кездестіреміз. Жазушы идеясы бойынша әдеби тіл ең әуелі-ақ жазуға сүйенеді екен. Жазу стилінсіз әдеби тіл ешқашан болмайтындығы тағы бар [9, 58]. Анығырақ қарасақ әдеби тіл статусын көтеру мәселелері тек жазумен шектелмейтіндігін аңғарамыз. Оның қолданылуы мен айтылу барысына да ізденіспен ден қою керек.
Концерттерде, конференцияларда не болмаса шерулер барысында спикердің көпшілік алдында сөйлеген сөзі жұртшылықты ұйытып қана қоймайды әрі тыңдаушыға өзіндік әсер сыйлайды. Ой мен санаға қатар әсер етіп жататын сөзді тыңдаудан ешкім де жалыққан емес. Сондықтан адамдар арасындағы қарым-қатынас таза сөйлеу арқылы жүзеге асып отырады. Тіл мәдениеті мен сөйлеу әдебіне екпін қойған тұлға сөйлеу этикетіне зер салады. Өз ойында сөйлеудің ізеттілігі мен орнын, өзіндік қырлары мен сырларын аңғарып та жатады. Сөз тазалығы- қоғамда аса қажетті маңызы бар дүниелердің бірі. Қазіргі таңда заманнан талабы үшін қарапайым индивид сөз арасында бөгде тілдің элементтерін қолданбауы қажет. Осындай қағиданың болуы шарттылық. Себебі бір тілде таза әрі анық сөйлеу – үлкен құрметтің белгісі. Филология ғылымдарының докторы, академик Рәбиға Сыздық кез келген ұлттың жастарына өзге тілдерді қатар оқыту барысында олардың ана тілі болмайды деп есептейді. Бірнеше еңбектің авторы бізге білімінің терең тармағының бірі болып саналатын тіл мәдениеті көптеген ғылыми-практикалық проблемаларды қамтитындығын да дәлелдеп көрсетеді [8, 175]. Ол тек тілдің қолданыс барысындағы кетірілген кемшілік пен ағаттығы, жазудағы қателерді көрсетіп отыруды ғана көздемейді. Тiл қолданысындағы қателердi көрсету үшін олардың дұрыс боларлық базасын тану міндетті. Демек, тіл жүйесін әрi ол жүйеге сай қалыптасқан нормаларды айқындап алу қоғамның шарты. Көрсетілген тұжырымдардан тілдік мәдениеттің жоғарғы үлгісін аңғара аламыз. Алайда, сөз мәдениеті тек тіл түзулігін көздеу деген мәннен алшақ болу қажет.
Сөз мәдениетінің мағыналық бағытын зерттей отырып, түрлі академиктардың кітаптарымен таныстық. Тіл әсемдігіне де көңіл бөлу арқылы дамытып одан әрі нысанаға алу дегенді әрдайым ескеруіміз тиіс. Біздің қазақ тілімізде берілген бір ұғымның әлденеше сөзбен ортақ орайлары мен мәні бар екендігіне көз жеткіземіз. Еліміздің әр өңіріне тән сөйлеу үлгілері диалектке сүйенсек көптеген жаңа сөздерді кездестіреміз. Оған дәлел ретінде ұстаз-мұғалім, оқытушы. Қызметкер-жұмысшы, орындаушы. Тіл грамматикасында мұндай сөздерді синонимдер деп атайтындығы оқырманға түсінікті. Грамматикалық синонимдерге байланысты терминдерді алғаш рет қолданған ғалым А.М.Пешковский болды. Грамматикалық синоним туралы бірнеше мәселелерді зерттей отырып, тіл маманы көптеген анықтама берді. Сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналары олардың грамматикалық мәні бойынша бір-біріне ұқсас әрі жақын болып келеді. А.М.Пешковскийды бір ғана сөзге қатысты ойды тілдік құралдарды қолданды. Сөзге түрліше мағына беруге болатыны қызықтарған екен. Синонимдер туралы тілдік зерттеулерге өз үлесін белсене қосқан ғалымдар бұл салада өте көптеп кездеседі. Соның бірі де бірегейі ретінде қазақ ғалымдарының арасында да кездеседі. Профессор, академик Мырзатай Серғалиевтің орны ерекше екендігін айту қажет.
Мемлекетімізде саясат, кәсіп, шаруашылық, білім мен ғылымның әртүрлі салалары қарқынды түрде заманауи бағытта жетіліп жатқандықтан жаңаша сөздер қолданыстағы сөздік құрамға да өз ықпалын алып келеді. Тілімізде өндіріске байланысты терминдер мен терминдік ыңғайға жатқызылатын сөздер саны да артуда. Мән берер болсақ БАҚ бетінде де олардың тым көп жұмсалуын байқай аламыз. Публицистикалық стильде оларға экспрессиялық баламалар іздеудің тенденциясы күшейгенін де ескеру қажет. Бірақ, тәуелсізденген жаңа ғасырдың тұрғындары болғандықтан этикет сөздер мен терминдердің молдығынан тіліміз зиян көріп, зардап шегеді деген ойдан аулақ болуымыз керек. Тіл маманы, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы жетекшілік етіп, авторы атанған «Қазақ терминологиясы» [7] атты түрлі зерттеулер жазылған оқулық-сөздік кітап жарық көрді. Библиографияның кіріспе беттерінен бастап жазушылардың терминдерге байланысты пікірі сөз етілген. Автор пікірінше, бүгінгі кезде терминжасамда ұлт тiлiнiң ішкі байлығын бірден пайдалануға барынша мəн беріліп отырғандығы баршаға анық. Демек, пайдаланылуға тиісті байлықтың өзін алдымен анықтап, ішкі көздердің осынша мерзімге дейін терминологиялық лексиканы құрауға қаншалықты қатысқандығын жəне алдағы уақытта оларды қалай іске жарату керектігі жайлы сөздің қозғалуының мəні үлкен [7,65]. Біршама сөз орамдарының елеусіз, мағынасыз қолданыста екендігін ескердік. Ескіні жаңғыртып отыру арқылы біз сөз мәдениеті мен сөйлеу әдебін байытып қана қоймауымыз керек. Көненің бояуын нақышына келтіріп құбылта түсеріміз сөзсіз. Арнайы осы бағытқа зер салған оқырман сөздік қорымызда пайда болған әрі ары қарай дамып жатқан жаңа сөздердің аз еместігін де бірден байқайтын болар.
Сөз мәдениетінің келесі бөлімі ретінде сөз молдығын қарастыралық. Тіл мәселесінде қойылар негізгі талаптардың бірі – сөздің молдығы. Талапқа мойынсынбай сөз байлығына ден қоймағанның тілі жұтаң болатындығы баршамызға мәлім. Сапаның функционалдық стильдердегі бейнесі әрқилы болғанымен, қоғам мүшелеріне қойылатын талап пен міндеттеме ортақ. Тілдің байлығы сөздік мәдениеттің құрамдас бөліктерінің бірі. Тілдің бай болуы ол – ұлт байлығы әрі мақтанышы. Қазақта көркем әдебиетте ой мен суреті қиылысқан мағыналы шешендік сөздер де өте көп. Шешендік сөздер – ой мен сөздік құрылымы жарасқан. Олардың мағынасы ақылға қонымды, уақыт өткен сайын көркемдігі арта түсетін асыл қазына. Ұлттың тіліндегі мәдениетінің барлық шарттарын орындауымен де көпке жақын әрі заман өткен сайын құндылығы мен байлығы арта берер сөздер де осылар. Сөз мәдениетінің кезекті бір өнері – көп мағыналы ойды аз сөзбен жеткізе білу. Ой мен сөздің сабақтастығы – тіл. Негізінен, сөз арқылы ғана санамыздағы түрлі ойды сыртқа еш қиындықсыз жеткізе аламыз. Сөзді қабылдау мен оны ұғына білу дегеніміз бір-бірімен тығыз байланысты процесс.
Адамзат үшін тіл мәдениеті, сөз әдебі, тілдік қатынас сынды ұғымдар еш жат емес. Сөз әдебі туралы бірнеше томдық монографиялар жазылып та жатыр. Бұл терминге қысқаша мазмұндама жасап өтейік. Сөз әдебі – адамдардың арасындағы тілдік қарым-қатынастың, сөйлесудің одар ары тіл қатудың қоғамдық жұртшылық қабылдап саралай білген ұлттық сипаты бар ережесі мен этикеті. Сөйлеу әдебін қалыптастыру үшін адамда тілдік қатынастар болуы шарт. Тілдік қатынас дегеніміз адамның ойлау, сөйлеу, пайымдау, айту әрі түсінісу, одан өзге де әрекеттеріне тікелей қатысы бар басты құбылыс. Ал осы ұғымдарға туыстас сөйлеу атты ұғым да тыста қалмайды. Сөйлеу білу- тіл мәдениетіне барар жолдың алғашқы бастауы деуге де келеді. Сөйлей білудің өзі де – өнер сынды пікір халық арасында қалыптасқан. Бұл өнер жалықпастан, еш қажымай, үздіксіз әрі жан-жақты ізденісті талап етеді. Өзін-өзі баптау мен машықтану арқылы игеруге бек болады. Тіл адам баласының бір-бірімен сөйлесуін, олардың пікірлесyiн, өзара түсіністігін қамтамасыз етеді әрі тілдік қарым-қатынасты іс жүзіне тікелей асырады. Бүгінгі күні көптеген жас буындар мен ересек қауымда сөйлеу әдебі өзгеріп жатқандығы қоғамға ерекше әсер етіп отыр. Сөйлеу әдебі қарым-қатынасымызда, қоғамдық орындарда, жалпы өз елімізде сирек сақталуда. Адамның мәдени тұлға ретіндегі табиғатын зерттеуші ғалымдар оның мәдениеттілігі мен қасиетін түсіндіру үшін сол тұлғаның өскен, өнген, дамыған ортасында алған тәлім-тәрбиесі негіз болатындығын жиі ескерте отырып сөз қозғап жатады. Ал кезекті осы мәселеге терең оймен қарар болсақ, әрбiр тұлға қоғамда белгілі бір орынды иемденеді және нақты белгілі міндеттерді атқарушы. Ол үшін соған сәйкес оның құқықтары мен мансаптары, белгіленген әлеуметтік мәртебесі бар десек те болады. Сөйлеу – адам санасындағы ұлылықтың басты бeлгici. Әлеуметтік мәртебені иемденіп, санамыз бен сөзімізді бір-біріне үйлестіре білу де үлкен жауапты іс! Сөйлеу әдебін қалыптастыратын сапаларды әрдайым ескеріп отыру қажет. Сөйлеудің сапаларына кіретін міндеттемелерөте көп. Сөйлеудің мінсіздігі, тілдің тазалығы, сөз байлығы, ойдың дәлдігі, сөйлемнің қисындылығы және дауыстың мәнерлілігі, айтылымның бейнелілігі, оқиғаның әсерлілігі, сөз орындылығы мен оның тыңдаушыға деген түсініктілігі жатқызылады. Тілдiк жүйе мен сөйлеу бұрыннан жеке адамның қоршаған ортада өз ақыл-парасатын, ой-санасын өзгертіп жетілдіруде аса маңызды рөл атқаратындығын жоғарыда да тілге тиек еттік. Ойды жеткізетін әрбір айтылар сөз ойлы да мәнерлі болуы тиіс. Әйтпегенде, ол көздеген міндет-мақсатына жетпейтіндігін дәлелдермен келтірдік. Халықтардың ішінде, қазақтар мәнді сөйлейтіндерді ерекше атайды. Айтылған сөздің атылған оқтай дәлдігін әрі түзулігін дәріптеп және үлкен құрмет көрсетуге шебер халық. Жүсіп Баласағұн да бір сөзінде ақыл-ойдың көркі мен әсемдігі тіл екендігін айтып өткен. Тілдің көркі осы сөз екені де баршаға мәлім.
Сөздің басында мемлекеттік тіл категориясына тоқталып едік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасаған үндеулердің бірінде тіл мәртебесіне де тоқталып өткен болтын. Тілімізді сақтауымыз бен оны құрметтеу керектігі әр жерде сөз етіледі. Тамыры тереңденген тарихтың ең қиын кезеңдерін бастан кешкенде де ана тілiміз дара туған бабаларымыздың арқасында халқымызға мұра болып сақталып отыр. Оқырманға айтарымыз әлі де көп. Мемлекеттік тілді білу –сол елде тұрып жатқан әрбір азаматтың басты міндеті әрі парызы [12]. Ана тіліміз жайлы керемет афоризмдер мемлекеттік тіліміздің- қазақ тілі екендігін дәлелдеп қана қоймай мақтаныш сезімін сыйлай білді. Қазақ тілі- ұлт мақтанышы әрі сан ғасырлық сарқыт мұра. Уақыт өте келе ескірмейді, уақыттың озық үлгісі бола біледі. Біздің тіл сөз байлығы жөнінен кей деректерде алдыңғы қатарда екендігі көрсетіледі. Тілдің сөздік қоры толығымен миллион, көршіміз орыс елінің ана тілінде екi жүз oн бec мың болса, үш тілділікте бағы жанған ағылшын тілінде eкi жүз қырық мың сөз бар екен. Әйткенмен де тіліміздегі біраз сөздің дыбыстық тұрпаттары мен байырғы мағыналары түрленіп әрі жаңа мазмұнға иелік етіп те жатады.
Қазақ тіліндегі сөздердің байлығына қызығып дұрыс қолданамын деудің өзі өте жақсы талап. Бірақ оны орнымен жұмсай білу де қажет. Сондықтан, тілдік мәдениетті, сөйлеу әдебін қолдаймын әрі оның дәрежесін қорғаймын дейтін жанашыр оқырмандар бар болса, оларға арнап жазушылар том-том еңбек жазудан еш уақытта жалықпайды.
Сөйлеу мен жазу барысында қолданылатын әрбір сөз айтылар ойға, мәнге қатысы бар әрі үлкен жүк артуы тиіс. Алайда халық арасында адамдардың сөйлеу дағдысында тіл тазалығына нұқсан келтіретін, сөйлем арасында қызметсіз, орынсыз қыстырма сөздер көптеп кездеседі. Қазақтың тілдік мәдениеті сөзі мен жазуында едәуір айтылып та келеді. Сөз мәдениетін насихаттау тұсы біздің қоғамда әлі де жеткіліксіз екендігін жасырмаймыз. Есте сақталуы қажет ең басты тұжырымдама бар. Қазақ тілі – әлемдегі ең күрделі әрi ең сұлy тiлдердiң бірi де бірегейi. Ана тіліміз – ұлтымыздың жүрегі, өткендердің аманаты. Тілімізде кездесетін кей олқылықтар түзеліп жатыр. Демек, оны тыңдайтын тыңдаушы да оңалуы қажет деген шешімге келдік.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Нұргелді Уәли «Сөз мәдениеті» –Алматы, Мектеп баспасы. 1984—75-б.
2. М.Балақаев «Қазақ тіл мәдениетінің мәселелері», –Алматы, Мектеп баспасы. 1989—96-б.
3. М.Балақаев «Қазақ тілінің стилистикасы», –Алматы, Дәуір баспасы. 2005—255-б.
4. М.Балақаев «Қазақ тілі грамматикасы. Синтаксис. 2-том», –Алматы, 1967.
5. Рәбиға Сыздық «Тілдік норма және оның қалыптануы (кодификациясы)» –Алматы, Ел-шежіре баспасы. 2014—
291-б.
6. Рәбиға Сыздық «Сөз құдіреті» 1-2 том, –Алматы, Ел-шежіре баспасы. 2014—296-б.
7. Шерубай Құрманбайұлы «Қазақ терминологиясы» –Алматы, «Сардар» Баспа үйі. 2014– 465-б.
8. Рәбиға Сыздықова «Қазақ әдеби тілінің тарихы» –Алматы : Ана тiлi, 1993 . – 319 б
9. Мұсабаев Ғайнетдин «Қазіргі қазақ тілі» – Алматы, Абзал-ай баспасы. 2014 — 160-б.
10. С.Исаев «Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар» —Павлодар, 2010— 178 б.
11. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны!» Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың сұхбаты, Нұр-Сұлтан қ., 2019 жылғы 2 сәуір // «Егемен Қазақстан», 2019 жылғы 8 сәуір №66 (30295)
12. URL: https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/tokaev-kazak-tl-maselesn-sheshudn-tort-jolyin-ayttyi-406391/