Қазақстанның 1916-1617 жж көтерілістерінің саяси көрінісі мен ахуалы («Кек» романы негізінде)

Филология ғылымдарының кандитаты, доцент,

қауымдастырылған профессор Тулекова Гүлжан Қажымұратқызы

Қабылова Марал Мұхитқызы

Әкімбай Ақбибіәдемі Абайқызы

Абдималикова Гауһар Рашидовна

Қазақстан, Алматы қ., «Тұран» университеті

Аңдатпа

Тәуелсіздік алғаннан бастап қазақ  халқы үшін тарих пен мәдениеттің өзектілігі мен маңызы күн сайын артуда. Ата – бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік бізге оңай жолмен келген жоқ. Тәуелсіздікке жету барысында қазақ жерінде көптеген көтерілістер мен толқулар болды. Соның бірі осы мақалада қарастырылатын 1916- 1917 жылдардағы ұлт – азаттық көтерілісі.

Мақаланың зерттеу объектісі – 1916-1917 жылдардағы көтерілістің саяси сипаты, сол уақыттардағы қазақ халқының ахуалы «Кек» романымен байланыстырылып қарастырылған.

Түйін сөздер: ұлт-азаттық көтеріліс, Жетісу ошағы, патша жарлығы. отаршылдық езгі, стихиялық көтерілістер, жазалаушы отряд.

Аннотация

С момента обретения независимости актуальность и значение истории и культуры для казахского народа растут с каждым днем. Независимость, ккоторой стремились наши предки, далась нам нелегко. В период независимости на казахской земле было много восстаний и волнений. Одним из них является национально-освободительное восстание 1916-1917 гг., о котором идет речь в данной статье.

Объектом исследования статьи является политический характер восстания 1916-1917 годов, положение казахского народа в то время в связи с романом «Кек».

Ключевые слова: национально-освободительное восстание, Семиречье, царский указ, колониальный гнет, стихийные восстания, карательные отряды.

Abstract

Since independence, the relevance and importance of history and culture for the Kazakh people has been growing every day. The independence that our ancestors aspired to was not easy for us. During the period of independence, there were many uprisings and unrest on the Kazakh land. One of them is the national liberation uprising of 1916-1917, which is discussed in this article.

The object of the study of the article is the political nature of the uprising of 1916-1917, the situation of the Kazakh people at that time in connection with the novel “Kek”.

Keywords: national liberation uprising, Semirechye, royal decree, colonial oppression, spontaneous uprisings, punitive detachments.

1916 жылы 25 маусымда, яғни, осыдан 106 жыл бұрын ІІ Николайдың «Империяның шетелдік ер азаматтарын әскери құрылымдар мен әскери қатынастар үшін, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс үшін қажетті басқа да жұмыстарға тарту» туралы жарлығы шықты. Жарлық Қазақстанның, Орта Азияның, Сібірдің 19 бен 43 жас аралығындағы ер адамдарын тыл жұмыстарына “реквизициялауды” жоспарлады [6]. Бірінші дүниежүзілік соғысқа 2 жылдан аса уақыт қатысып, шығынға ұшыраған орыс патшасы күллі қазақ даласы мен өзбек , қырғыз, тәжік, түрікмен жайлаған өлкелердегі мұсылман балаларын соғыстағы қара жұмысқа алуды тапсырды. Патша үкіметінің шешімі бойынша тыл жұмыстарына Орта Азиядан 400 мың адам алуды жоспарлады. Шаруалардың көп бөлігін, 240 мыңға жуық адамды қазақ даласынан алуды көздеді. Тыл жұмыстарына адам алуды екі кезеңге бөліп,  бірінші кезеңде 19 бен 31 жас аралығындағы, екінші кезеңде 32 мен 43 жас аралығындағы азаматтарды майданға алу тапсырылды. Олардың тізімін жасау жергілікті болыс, старшындарға жүктелді. Бұл әрекеттер Қазақстанның жергілікті халқының патша өкіметіне қарсы  наразылығының тез арада күшеюіне алып келді. Халық наразылығы күннен-күнге қарқын алып, Қазақстандағы он алтыншы жылғы ұлт – азаттық көтеріліске ұласты [1].

Маусым жарлығы көтеріліске тек түрткі болды, негізгі себеп – экономикалық, әлеуметтік, саяси мәселелермен ұштасып жатты. Отаршылдық езгінің күшеюі мен орыстандыру саясаты, жайылымдық жерлердің күштеп тартып алынуы, салықтардың көбеюі – көтерілістің басталуына түрткі болған еді [8]. Олар қара қазақты адам санамай, қанша жылдардан бері тонап, қарсы келгенді сұраусыз түрмеге қамап қинап келді. Сонымен қатар, жергілікті болыстар  тек жоғары ұлықтарға ғана жақсы адам болып көрініп, ал қатардағы шаруа мен қарапайым елге озбырлығын жасады. Қарапайым халықты қанап, дүние жинап және ұлықтарға жағынудың түрлі әдіс айласына шебер болып алған Сабылтай сынды болыстар қазақ даласының түкпір-түкпірінде билік етті. Бұрындары қазақ әруағына арнап берген асты өз қалағанынша өткізетін. Бірақ болыстардың жағынуының шегі асты дәл орта тұсында тоқтататын, келімсек ұлықтың шешіміне қарсы сөз айта алмай, өз дәстүрінен өзі аттайтын уақытқа жетті.

Бұрын түтіннен алынатын салық  1 сом еді, 3 жылдан бері ұлғайып 1916 жылдары 3 сом 40 тиынға жетті. Әр үйден алынатын 1 қой 5 қойға өсті, әрі жайылым ақысы да қымбаттады. Бала оқытатын молдаға төлейтін ақшаға дейін өз қақтарын белгілеп қойды. Той-көкпардың салығы тағы бар[4, 151 б.].

Мұхаметжан Тынышбаевтың деректеріне сүйенсек, 25 маусымда шыққан жарлық Қазақстанда, оның ішінде Жетісу қалаларында 8 шілдеде белгілі болды. Облыстың түкпір-түкпіріне жұмысшыларды шақыру туралы жеделхат 2-3 шілдеде келіп түсті. Шілденің басында қазақ даласында стихиялық көтерілістер басталды, олар көп ұзамай қарулы көтеріліске айналды: Торғай мен Жетісу аймақтарында көтеріліс басшылары Амангелді Иманов, Әліби Жанкелдин, Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов жетекшілік еткен қарулы қарсылықтардың ірі ошақтары пайда болды[7]. Шілде айының алғашқы күндерінде толқулар Верныйдың батысы мен оңтүстігін  қамтып, Шиеннен Нүке мен Мойнақ, Ақшидан Қарабай мен Жаманбай, Самсыдан Қасабек пен Сырғабек, Үшқоңырдан Бекболат пен Мыңжасар, Түргеннен Оңғар мен Алсай, Теректіден Қосбол мен Арапбай тәрізді ел ағалары патша жарлығы ел құлағына тиісімен, өздеріне қарасты ауыл адамдарын өздеріне қосылуға шақырып, шабарман аттырды. «Қазақ жігіттері майданға емес, батыста Ресей Империясы соғысып жатқан майданға қара жұмысқа, оқ астында жүріп өлік жинап, жер қазып, теміржол жөндейді екен. Шаруаға жарамды жігіттің бәрін алып кетсе, елде егін егіп, орақ оратын әрі жұмыс істеп үйді асырайтын жан қалмайды»,-деп наразы. Бар жоғы он күн ішінде тау ішіндегі қырғыз, түстіктегі бар Алаш, Сырдарияның арғы бетіндегі өзбек, Памир тауындағы тәжік атқа қонды[4, 91 б.].

Тың жұмыстарына адам алуға тізімдер жасаған болыс билеушілері, ауыл старшиналары және патша әкімшілігінің қызметкерлері  халық қаһарына бірінші болып ұшырады[3]. «Кек» романында жарлық шыққанына 9 күн болғанда, Тоқаш Бокин мен Омарбек бастаған наразы топ тізімдерді ояздарға жібермеуге бекінді. Алдымен ел ішіндегі, ауыл арасындағы оязға тыңшылық, әскерге жансыздық жасайтын жарамсақтарды анықтап, жазалауды ұйғарды. Ояздың пәрменімен ауылдардағы майданға аттандырылуға тиіс жігіттердің тізімін жасап жатқан жағымпаз болыс- старшындардың қағаздарын өртеп, өздерін елден аластап жіберуді шешті. Сол үшін де Ескермес Қастекке, Жақсыбек Ұзынағашқа, Әбдәлі Шамалғанға, Шүкір Самсыға, Омарбек Шиендегі Сабылтайға баратын болды[4, 95 б.].

Алғашқы құрбандардың бірі Шиен болысы Сабылтай еді. Ояз бастығы Шиеннен 182 жігітті майданға аттандыруға бұйырыпты. Жігіттер алдымен тізім жазылған қағаздарды өртеп, болыс кеңсесіне өрт қойды. Сабылтайдың жасаған тізімінде көбісінің жастары дұрыс емес еді. Мысалы «Кек» романында көрсетілгендей: 40 жастан асқан Бекболаттың Ойсылы, Шаншардың Әзімбайы, Шолғынның Кесекбайы, Жәңгірдің Тасыбегін отызда деп жазып, Тәштайдың Айдар есімді баласын 19 жаста деп көрсетіпті. Жалғызбасты Сарыгүл кемпірдің кемтар екі баласын шаруаға жарамаса да майданға аттандырмақ екен. Тізімде болыс пен старшын, билер мен байлардың атқосшы не шабармандарының, малшы – жалшыларының бірде-бір туысы не баласы жоқ. Көпшілік болыс пен оның жанындағы көмекшілерін қатаң жазаға кесіп, қамшының астына алды. Кейін болыс, старшындар мен шабармандардың үйіндегі барлық мүлікті тонады. Сабылтай мен Асқар байдың жылқыларын жайлаудан айдады[4, 101 б.].

Бұрын мамыражай жатқан бүкіл Жетісу дүрлігіп, Верный уезіндегі барлық кеудесінде намысы бар жігіттер атқа қонды. Омарбек тобының ісі ертеңгі күні ояз бастығы Базилевский мен облыстың әскери губернаторы Фольбаумның құлағына тиді. Фольбаум оязға қарамағындағы казак жүздігін алып, болыс кеңсесін өртегендерді 2 күн ішінде жазалап, қолға түскендерді тез арада Верныйға жеткізіп, барлығын бірінші кезекте майданға аттандырып жіберуге тапсырма берді. Бұл кезде Тарғаптағы Тоқаштың жанына жиналған жұрттың саны 1000-нан асқан еді. Олар ең алдымен бейбіт келісімді жақтайтын топ екендерін, патша жарлығын қайтарып алса, көтерілген қазақ аттан түседі деп ұсыныс айтпақ болды. Алайда ояз бастығы қазақ жігіттерінің ұмтылысын жабайылыққа балап, көтеріліске ашық кірісу керектігін ұғындырды. Бұл күрес қазақ даласындағы зұлматтың басы еді[4, 107 – 108 б.].

Осындай жағдайда Жайылмыс болысында жасы 70- тен асқан Бекболат Әшекеев Жетісудың шашыраңқы көтерілісшілер топтарының бастарын біріктіру үшін, 1916 жылы 13 тамыз күні Үшқоңыр жайлауындағы Ошақтыда  барлық болыстар өкілдері қатысқан құрылтай өткізді. Құрылтайдың қорытындысы бойынша, қара жұмысқа ер адамдарды алу туралы үкім шығарған Ресей патшалығының жергілікті органдарына бағынбай, оларға қарсы қарулы көтеріліске шығуға бекінді[5]. «Кек» романының «Бекболатты хан көтерді» бөлімінде күллі қазақ-қырғыз Бекболатты ақ киізге отырғызып хан сайлаған. Көмекшілері – Омарбек, Қарабай, Қарасай батырлар Үшқоңыр баурайындағы Ошақтыны штаб пәтері етті. Бұл жерде олар қарулы қақтығыс жоспарын әзірлеп, алдағы қадамдарды талқылап, көтеріліске қызу дайындыққа кірісті. Осы кезде Бекболат жанындағы топтың саны 5000-нан асқан[4, 120 б.].

Дәл осы уақытта Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды қазақ зиялылары «Қазақ» газетіне «Алаштың азаматтарына» деп үндеу жасап, сөздерін қазақ даласынан көтеріліске шыққан барша халыққа арнады. Бұл «Ораз айтқан орынды іс» бөлімінде былайша айтылады:  «Көнгенде шаруаға кемшілік келер, майданға барған жігіт қазаға да, бейнетке де ұшырар. Көнбегенде келетін ауырлық – үкіметтің жарлығына бағынбай бас тартсақ, үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар. Дұрысы жарлыққа көнгеніміз. Ауыл жігіті майданға барса, ел көреді, жер көреді, тіл үйренеді, мылтық атып үйренеді»,- деп  халыққа басу айтуға тырысты. Бірақ көтерілуші топ дегеніне жетсе – терезесі тең ел болуды қалаған, дегеніне жетпесе- басын өлімге тігуге дайын болған жиын еді[4, 141 – 142 б.].

Орыстар қазақ даласын жаулап алғаннан кейін қазақ халқын езгіге айналдырды, оларды қинап, қанап, зорлық – зомбылық көрсетті. Ел басына күн туғанын сезген ұлтшыл  тұлғалар іс әрі қарай жалғасса,  қазақ халқы ұлт ретінде жойылатындығын, тілі мен дінін жоғалтатындығын түсінді. Қазақ халқын ұлт ретінде сақтап қалу үшін, өз елі, өз жерінің тәуелсіздігі үшін көтерілістерге шыға бастады. Күллі қазақ осылай ұжымдасып қарсылық көрсетсе, патша да өз жарлығының жөнсіз екенін аңдап, елмен санасатынына үміттері болды.

Фольбаумның  16 зеңбірек, 47 пулеметпен қаруланған 20 рота жаяу әскер, 100 атты әскер, 2 жүздік барлаушы әскерге қарсы  қолына мылтық алып көрмек түгілі, мылтық дауысын естіп көрмеген қазақ баласы ашық күреске шықты[2]. Олардың ерліктері мылтық пен оқта емес, жүректері мен кеуделерін буған намыста жатыр еді. Қазақ халқының бостандыққа қол жеткізуі үшін жасаған әрекеттер оң нәтиже бермеді. Көтеріліс басталғанына көп уақыт өтпестен Бекболат Әшекеев бастаған Жетісу жеріндегі көтеріліс басылып – жаншылды. Сол жылы 7 қыркүйектеВерный әскери гарнизонының соты  Бекболат Әшекеевті  дарға асуға шешім шығарды[5].  Әскери губернатор Михаил Фольбаум үкімді сол күні бекітіп, үкімді  1916 жылдың  9 қыркүйегінде Боралдайда орындады. Бұл хабарды Омарбек Алматыдағы абақтыда естиді.

Біз романды оқи отырып, тарихты қанша оқысақ та, естімеген, көрмеген 1916-1917 жылдардағы ұлт азаттық көтерілістер туралы жаңа тарихи фактілерге куә болдық. Еңбек әдеби шығарма болғанына қарамастан, тарихи деректемелер дәл қалпында сақталып, тарих пен әдебиеттің ұштасқан тұсы оқырманды шын тебірентіп, бабаларымыздың қаны мен жаны аңсаған армандары жолында кеткенін шын ұғына білдік. Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күндіктен шықпайды, малына да басына да ие бола алмайды деген ұранмен бас көтеріп, көтеріліс айтарлықтай нәтиже бермесе де, халықтың өзін-өзі басқаруға, ел мен жердің тұтастығын, ұлттың бірегейлігін сақтауға  ұмтылысын көрсетті.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. «Азаттық» радиосы. URL: https://rus.azattyq.org/a/27092322.html
  2. Елеуов Т. Установление и упрочение Советской власти в Казахстане. Алма – Ата. 1961. С. 110-112
  3. Қазақстан тарихы порталы. URL: https://e-history.kz/kz/history-of-kazakhstan/show/8754/
  4. Қапалбекұлы Н. «Кек» романы. –  Алматы: «Жамбыл», 2021ж.
  5. Массагет сайты. URL: https://massaget.kz/layfstayl/bilim/gumanitarly-ylymdar/10078/
  6. Редакционная коллегия: А. В. Пясковский (ответственный редактор), Т. Е. Елеуов, А. Г. Зима, О. К. Кулиев, Х. Т. Турсунов. Составители: С. Г. Агаджанов, Ф. Азадаев, А. И. Акатова, Х. Зияев, Ф. Н. Киреева, Н. С. Орлова, Я. М. Серый, О. Д. Чехович. Восстание 1916 года в Средней Азии и Казахстане. Сборник документов. Москва: Издательство Академии наук СССР, 1960. С. 25-26.
  7. Тынышпаев М. Политические выступления, науные труды, документы. – Алматы: «Қазақстан» 2009. 33 б.
  8. Шәмек Тілеубаевтің Azattyq радиосына берген сұхбаты.