Пәнаралық оқыту – МУР бағдарламасының ажырамас бөлігі
Шималова Алмагүл Социалқызы
Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Айтбаева Жанна Дюсембаевна
Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі
Халықаралық Бакалавриат мектебі – әлемдік білім беру жүйесіндегі жаңалықтарды өз тәжірибесіне енгізіп, жаңарып, толығып отыратын білім ордасы. 2015 жылы Халықаралық Бакалавриаттың оқу бағдарламасына енгізілген жаңалықтардың бірі- пәнаралық оқыту. Пәнаралық оқыту –Халықаралық Бакалавриат бағдарламасының негізгі ерекшеліктерінің бірі және ажырамас бөлшегі.
Үнемі өзгеріп отыратын әлемде білім мазмұнын жаңалықтармен толықтырып, шығармашылық әдістер арқылы пәндерді біріктіріп оқыту –бүгінгі күнде өзекті болып отыр. Халықаралық Бакалавриаттағы пәнаралық оқыту –екі және одан көп пәндерді біріктіре немесе тақырыптық топтардың әдістерін қолдана отырып, жаңа түсінік қалыптастыратын ғылыми нысандарды таныту болып табылады.
Пәнаралық оқытуды тәжірибеге енгізу барысында пән мұғалімдері Сербия Республикасының Белград қаласындағы Халықаралық мектеп ұжымы ұйымдастырған «Халықаралық Бакалавриаттың негізгі мектеп бағдарламасында пәнаралық оқытуды ұйымдастырудың жолдары» атты оқыту семинарына қатысып, біраз тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар, Халықаралық Бакалавриаттың «Негізгі мектеп бағдарламасындағы пәнаралық оқыту», («Middle Years Programme Fostering interdisciplinary teaching and Learning in the MYP», «Негізгі мектеп бағдарламасы», «Принциптерден тәжірибеге дейін» «MYP: From principles into practice» нұсқаулықтары басшылыққа алынды.
Пәнаралық оқыту үрдісі – концепциялар мен зерттеуге негізделгендіктен, күрделі сұрақтар мен идеяларды түсінуге көмектеседі. Бірнеше пәндерді біріктіріп, оқушыларға тұтастай білім беру -топта тиімді жұмыс жасауға және сапалы білім алуға септігін тигізеді.
Оқушылар үшін пәнаралық оқытудың артықшылықтары:
- оқушыларға өздерінің білімдерін қолданып, алған жаңа білімдерін шығармашылықпен дамытуға мүмкіндік береді;
- оқушылар үздіксіз білім алуға ынталанады;
- күрделі сұрақтар мен идеяларды зерттеуде біртұтас әдістерді қамтамасыз етеді;
- әр түрлі пәндер аясында бірлескен жұмыстың, ынтымақтастықтың маңызды үлгісі болып табылады;
Мұғалімдер үшін:
- пәндердегі контекс және концепт ұғымын біртұтас әзірлейді;
- пәндік топтар арасында және әріптестер арасында ынтымақтастық дамиды;
- тақырыптық топтарға дағдыларды, сабақ үрдісін дайындауда уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді;
- басқа пән мұғалімдерімен кәсіби білікті арттыруға көмектеседі;
Пәнаралық оқыту –ауқымды жұмыс. Ол мұғалімнен зор шығармашылықты, сыни ойлауды, уақытты үнемдей білуді және үлкен ізденісті талап етеді.
Пәнаралық оқытуды жоспарлау кезінде пәндер арасындағы сәйкестікті жан-жақты қарастыру керек, негізгі концепция, жаһандық мәнмәтін немесе әр түрлі пәндерді байланыстыратын мазмұн жағынан қандай да бір байланыстың болуы шарт.
Қазақ тілі мен әдебиеті және «Қазақстан тарихы» пәндерінен пәнаралық юнит жасау үшін юниттердің өтілетін мерзімін, негізгі және пәндік концепция тұрғысынан сәйкестіктерді қарастырдық. «Тұлға және қарым-қатынас» атты ғаламдық мәнмәтін – екі пәнді түйістіретін ортақ ерекшелік болып табылады. Ғаламдық мәнмәтіндер жалпы адамзат өмірі мен бәрімізге ортақ ғаламшарды қорғау сұрақтарын зерттете отырып оқытуға бағытталады. Сонымен қатар, ғаламдық мәнмәтін оқушыларға адам табиғаты және адами құндылықтарды зерттеуге мүмкіндік береді.
Пәнаралық оқытуға 10-сыныптан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен «Тарихи тұлғалар» юниті мен Қазақстан тарихы пәнінен «Қазақстан: 1953-1985 жылдар» юниті таңдап алынды. Бұл юнитті Сталиннің билік құрған кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған тарихи тұлғаларға арнадық. Тарихи тұлғалардың қоғамдық қызметі, оның ақталу кезеңі тарих пәнінің объектісі болса, олардың шығармашылығы, шығармаларындағы заман көрінісі әдебиет пәнінің зерттеу нысаны болмақшы. Сонда оқушы «Қазақстан тарихы» пәнінен алған білімін әдебиет пәнінде толықтырып, тарихи тұлғаның қазақ халқы үшін атқарған өлшеусіз қызметі жайлы терең әрі толыққанды білім алады. Ғаламдық мәнмәтін арқылы оқушылар тарихи тұлғаларды, олардың өмірлерін, сенімдері мен құндылықтарын, адами болмысын, қоғамдағы орнын қарастырады. Осы юнит қазақ тілі мен әдебиеті пәнін Қазақстан тарихы пәнімен сабақтастыруға, екі пәнге де ортақ идеяларды қарастыруға мүмкіндік берді. Юнит бойынша қазақ әдебиеті пәнінен тарихи тұлғалардан Сәкен мен Мағжанның өмірі мен шығармашылығы, сонымен қатар Сталиндік репрессияның қырғыз халқындағы көрінісі ретінде Ш.Айтматовтың әкесінің тағдыры алынса, Қазақстан тарихы пәні бойынша олардың қоғамдық қызметі мен репрессия кезеңі қарастырылды.
Тәжірибе барысында «Негізгі мектеп бағдарламасындағы пәнаралық оқыту» нұсқаулығында ұсынылған «Қиылысқан әдістер», «Кешенді түсіндіру», «Контекстуализация» стратегиялары қолданылды. Бұл стратегиялар – екі пәнді біріктіре оқытудағы тиімді әдістер. Сонымен қатар, сыни ойлау стратегиялары да пәннің қызықты да сапалы өтуіне септігін тигізді. Сабақ барысында тарихи тұлғаларды тереңірек тану мақсатында «Биопоэма», шығармаларды мақалаларды, құжаттарды талдау талдау, әңгіме және күнделіктер жазу сияқты жұмыстар атқарылып, оқушыларды «АЛЖИР» мұражайына апардық.
«С.Сейфуллин –қайраткер ақын» атты сабақ өткізу барысында С.Сейфулиннің қоғамдық қызметі мен тарихи тұлғасына баға беру және жазған шығармаларының мазмұнын, тілі мен көркемдік ерекшеліктерін талдауды алдымызға мақсат етіп алдық. «Сәкен Сейфуллиннің тарихи тұлға ретіндегі орны қоғам үшін қаншалықты маңызды болды?» деген сауалды зерттеу сұрағы ретінде алдық. Осы юнитте юнит тақырыбы, юнит идеясы, ғаламдық мән мәтін және зерттеу сұрақтары бір – бірімен тығыз байланысты.
Сабақ жоспарлаудың алдында оқушылар «АЛЖИР» мұражайына барып, қуғын-сүргін құрбандарының өмірімен танысып, жаңа ақпарат жинап қайтқан болатын. Сондықтан да сабақтың алғашқы бөлігінде олармен әңгіме түрінде сол мұражайдан алған әсерлері жайлы ой бөлісті. «Тарихи тұлға қандай болуы?» деген сұраққа оқушылар кластер жасай отырып, топта талдау жүргізді. Қазақ әдебиеті сабағында оқушылар С.Сейфуллинің азаматтық көзқарасын танытатын шығармаларын, мақалаларды талдаса, Қазақстан тарихы сабағында оқушылар С.Сейфулииннің тарихи тұлға екендігін құжаттар арқылы зерттеп, оқушы профайлы бойынша мінездемесін жасады, аргументтер құрып, деректер арқылы бекітті.
Нәтижесінде, оқушылар С.Сейфулиннің қоғамда қандай рөл атқарғанын, тарихи тұлға ұғымын толық түсінді. Қазақтың өлең құрылысына әкелген өзгерістерін және тың тақырыптарда жазғанын дәлелдеді. Осы сабақ негізінде оқушылар тарихи тұлға жайында жан-жақты білім алды, оларға басқа да тұлғаларды зерттеу тапсырмалары берілді. Тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын екі пәннің аясында жан-жақты қарастыру арқылы біртұтас білім берілді.
Шығармаларды таңдауда оқушылардың жас ерекшеліктері ескерілді. Зерттеу идеясын ашуда шығармалар өзіндік көмегін көрсетеді.Осы юнит бойынша ҚБЖ тапсырмаларының өзіндік ерекшеліктері бар. Ол -белгілі бір қоғам қайраткерлерінің өміріне ГРАСПС -күнделік жасау. Оқушылардың қорытынды жұмысы олардың екі пән арқылы жаңа білім мен жаңа дағды қалыптастырғанын байқатты. Тарихи тұлға жайлы ізденіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді, мінездеме жазу дағдыларын қалыптастырды және оны жазу барысында әдебиеттен алған білімдерін қолданды. Оқушылардың жазба жұмыстарын пәнаралық оқыту критерийлері бойынша пән мұғалімдері бірлесе, талқылай отырып бағалады.
Биылғы оқу жылында GRASPS – күнделікке дайындық барысында қалыптастырушы жұмыс ретінде оқушыларға бір тарихи тұлғаны зерттей отырып, тарихи мінездеме жазуды ұсындық.
Нұсқаулық:
- Тарихи терминдерді дұрыс қолдану;
- Дәйектемелерді (аргументтерді) міндетті түрде келтіріңіз;
- Өз ойыңызға қорытынды жасаңыз;
- Жұмысты А4 форматында немесе дәптердің екі парағында жазбаша орындау керек;
- Оқулықты, интернет-ресурстарды, және құжаттарды қолдануға болады;
«Тарихи тұлғаға мінездеме».
1. Жеке тұлға мен оның көзқарасы мен сенімінің қалыптасуына әсер еткен жағдай
2. Тұлғаның жеке қасиеттері ( зияткерлік, адамгершілік, қажырлылық) оның алдына қойған міндеттерін шешуге сәйкес келу дәрежесі.
3. Қоғам мен мемлекетке оның іс әрекеті әсерінің пайдасы мен зиянын ата
4. Мақсатқа жетудегі әрекеті, құралы, әдісі.
5. Сенің ойыңша оның ұлы ісі қандай? Кімнің мүддесін көздегенін ойланып жауап бер.
6. Оған берген ұлы адамдардың бағасы жөнінде пікірлерін келтір.
7. Тұлға қарама қайшылығы неде?
8. Қазақстан тарихында атқарған рөлі қаншалықты?
9. Сенің өзіңнің көзқарасың қандай? Көзқарасыңда қарама -қайшылық жоқ па?
10. Қорытынды жаса. Жалпы тұлғаның прогессивтілігі неде? Ол кім
11. Қорытынды.
GRASPS – күнделік жазуда оқушылар 12 беттен тұратын жұмыста репрессияға ұшыраған адамның атынан сол кездегі тарихи оқиғаларға сүйене отырып, күнделік жүргізеді.
G – мақсат: жаппай репрессиялау жылдары (1930-37 ж.) туындаған қарама-қайшылықтағы өмірін тиімді жеткізеді;
R – рөл: шаруа, зиялы қауым мүшесі, жұмыскер.
A – аудитория: сол кезеңдегі қоғамға және сол уақыттағы белгілі бір мәселені (конфликтіні) көрсетуге бағытталған көзқарасын білдіреді;
S – ситуация: бұл қарама-қайшылықтардан қандай сабақ аламыз (себеп-салдарын анықтау, мәселені тиімді шешу жолын ұсыну);
P – өнім (продукт): күнделік
S – студент ойы: мен бұл жұмысымды қалай жақсарта аламын? (Рефлексия)
Оқушылардың бұл жұмыстары пәнаралық оқыту критерийлері бойынша бағаланды.
А критерийі: Пәндік негіз
В критерийі: Синтез
С критерийі: Коммуникация
Д критерийі: Рефлексия
Бағалауда бұл төрт критерийлер толық қамтылды. Бағалау барысында қай пән басымдыққа ие болса, сол пәннің бағасы қойылады.
Осы жұмысты тәжірибеге енгізу барысында мынадай тиімді тұстарын байқадық:
- оқушыларға өздерінің білімдерін қолданып, алған жаңа білімдерін шығармашылықпен дамытуға мүмкіндік берді;
- оқушылар үздіксіз білім алуға ынталанды.
Пәнаралық оқытуды жүзеге асыру барысында туындаған мәселелер:
– жаңа бағдарлама бойынша тәжірибенің жеткіліксіз болуы;
– бағалауды жүзеге асыруда қиындықтар туындады.
– юниттерді уақыт жағын сәйкестендіру жағы қиындық келтірді.
Пәнаралық оқытуды жалғастыру барысында неге көңіл аудару қажет?
– уақыттың аздығына қарамай, шағын зерттеулер ұйымдастыру;
– пәнаралық оқытуды ұйымдастырудың тиімділігін арттыру үшін оқытудың ортақ стратегияларын дайындау, сол арқылы екі пәннің бірыңғай үлгісін оқушыға таныту;
– пәндердің өзара байланысын тереңдету үшін шынайы өмірден мысалдар дайындау;
– дифференциацияға ерекше көңіл бөлу қажет;
– оқушыларды білім алуына септігін тигізетін қорлардың алуан түрлі болуы;
– жоспарлау барысында мұғалімдер сол рефлексия бойынша оқушылардың деңгейін анықтай алуы үшін юнит бойы рефлексия үздіксіз үрдіс болуы керек.
Пәнаралық оқыту үрдісі – Халықаралық Бакалавриат мектебінің мұғалімдері үшін ізденіс әрі педагогикалық тәжірибелерін жетілдіру жолы болды деп айтуға толық негіз бар. Былтырғы оқу жылында пәнаралық оқыту бойынша үш пәндік топ жұмыс істесе, биылғы оқу жылында осы бағытта жұмыс істеушілердің саны көбейді. Осыған қарап, пәнаралық оқытудың маңызды үрдіс екенін байқауға болады.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Interdisciplinary teaching and learning in the Middle Years Programme Category 3
2. «Орта мектеп бағдарламасы», Халықаралық Бакалавриат ұйымы, 2014 жыл.
3. Назарбаев Зияткерлік мектебінің сайты: http://nisa.edu.kz/
4. «Негізгі мектеп бағдарламасындағы пәнаралық оқыту», Interdisciplinary teaching and learning in the MYP.
5. «Қағидадан тәжірибеге дейін» «MYP: From principles into practice» (2014 жыл)