Атажұрттаға мүмкіндік: шетелдік қазақ жастарына білім есігі ашық

Адилханова Жанна Сайыновна

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы

Әлемнің әр түкпірінен жиналған қазақ балаларының атамекенге келіп,білім алып, өз өмір жолдарын тауып, болашаққа нық қадаммен аттап, елімізге өз үлестерін қосып жатқандарына биыл ширек ғасыр уақыт болды. Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде ең алғашқы түлектер 2001  жылдан бастап келген. Бұл шетелдегі қазақ балаларына тегін  білім алуға жасалған мемлекеттік мәні бар орасан бағдарлама. Содан бері мыңдаған жастар атамекенге аяқ басып, білім игеріп, өз таңдаған мамандықтары бойынша кәсіп игеріп, қазақ қоғамына араласып кетті. Сол алғашқы түлектеріміз қазіргі күні бірі журналист, бірі кәсіпкер, бірі ғалым, бірі өнер саласында жұлдыздары жанған жандар. Олардың арасында елімізге танымал талантты шәкірттеріміз де бар. Солардың ізін жалғастырып, биыл да атамекенге көш бастаған қандас бауарларымыздың үкілеген үмітін арқалап, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жүздеген жастарымыз оқуға қабылданды. Оларды факультет деканы А.А.Бектановтың үйлестіруімен жаңа оқу жылының басталуына орай жалпы жиналысы болды. Ол жиналысқа ата аналар да қатысып, қазіргі білім беру бағдарламалары мен оқуға қойылған талаптармен таныстырылды. Факультетіміздің оқу,тәрбие жөніндегі деканның орынбасарлары университеттің ішкі тәртібімен таныстырып өтті. Биылғы оқуға түскен жастардың жанарларынан білімге деген құштарлық пен алғырлықты байқадық. Бұл шәкірттерге университеттің барлық факультетінде биылғы бірінші курсқа түскен студенттердің оқуға қабылданғанына арналған үлкен шараға қатыстырылды. Университетке қабылданған жас түлектерді ректор Қ.Ж.Түймебаев құттықтап, оларға сапалы білім алып, ертеңгі еліміздің айтулы тұлғаларына айналатын білімді азаматтар қатарынан көретініне сенім білдірді. Шара барысында мерекелік концерт қойылды. Университеттің жетістіктері көрсетілді. Әр факультеттің үздік студенттері мен өнерлі жастары ұлттық музыка мен халық әндерінен тамаша орындаулар ұсынды. Кеш өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оқуға енді қабылданған жастар ризалықтарын білдірді.  

Ширек ғасыр уақыттан бері білім алуға талаптанған шетелдегі қазақ балаларының саны күннен күнге артып келеді. Бұл дегеніміз: елге қосылған үлкен білім күші. Жаһандық білім кеңістігіне  бәсекеге қабілетті жастар шыңдалып шығуда. Білімнің қара шаңырағының есігі әр қазаққа, әр білім сүйген жастарға ашық. Мұнда кітапхана қоры, асхана, жатақхана,интернет клубтары,үйірмелер мен стартап клубтары өз  жұмыстарын талапқа сай жабдықтаған. Білім алушыға талап пен ынта болса,өз мақсатына жетуге жол ашық. Білімге құштар жастар еліміздің тірегі. Алға,жас қырандар!