Омарбек батыр-қазақ рухының көшбасшысы

Түлекова Гүлжан Қажымұратқызы

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, қауымдастырылған профессор

Алиева Аружан Мұстафақызы

Студент

Жылқыбай Нұрай Абдимомынқызы

Студент

“Тұран” университеті, Гуманитарлы-заң факультеті

Аңдатпа:

Мақалада белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының “Кек”  романының негізгі кейіпкері-өткен ғасырдың отызынша жылдарында Кеңес өкіметінің қысымына қарсы атақты «Қастек»  көтерілісін басқарған Омарбек Жантаев туралы қамтылады. Ол – қазақ елінің қамын ойлап,өз басын қауіпке тіккен көшбасшы батыр. Биліктегі сатқын ұлықтарға қарсы шығып, ұлт азаттық көтеріліс кезінде Жетісудағы Бекболат Әшекеевтің оң қолы болып, халықты ұйымдастыруға белсене араласты.

Аннотация:

В статье рассказывается о главном герое романа известного писателя Нагашибека Капалбековича «Кек» Омарбеке Жантаеве, возглавившем знаменитое кастекское восстание против давления советской власти в 30-х годах прошлого века.В ходе освободительного восстания нация стала правой рукой Бекболата Ашекеева в Жетысу и принимал активное участие в организации населения.

Annotation:

The article tells about the main character of the novel by the famous writer Nagashibek Kapalbekovich “Kek” Omarbek Zhantaev, who led the famous Kastek uprising against the pressure of the Soviet authorities in the 30s of the last century. During the liberation uprising, the nation became the right hand of Bekbolat Ashekeev in Zhetysu and took an organization of the population.         

Кілт сөздер: көшбасшы, батыр, кек, тұлға, халық, орыс әскерлері, қасиет, туған жер, Суықтөбе.

Ключевые слова: лидер, герой, месть, личность, народ, русские войска, свойство, Родина, Суыктобе,

Key words: leader, hero, revenge, personality, nation, Russian troops, property, Homeland, Suyktobe.

Бұл мақалада Омарбек батырдың ерлігі туралы баяндалады.

Жантаев Омарбек 1880 жылы Суықтөбе етегінде Шиен ауылында  дүниеге келген. Алматы облысы, Ұзынағаш ауылында өмір жолы қамтылды. Туған жері Суықтөбеге арнап өлең шығарған.  «Кербезім, жадырай түс күндегідей,

Тұрсың-ай күндіз-түні бір көз ілмей.

Сұлу да сұсты менің Суықтөбем,

Аумаған Алатаудың жүрегіндей.

Келемін, келемін,

Иіліп сәлем беремін.

Туған жерім – Суықтөбем, Суықтөбем, сен едің…»

Ол Алтай өңірі мен Қытайға, кейде Қырғыз асып, сонау Өзбекстандағы Әндіжан шаһарына дейін барып, сауда-саттық жасайтын ауқатты кісі болған. Омарбектің көзін көрген адамдар, өте ержүрек, батыр адам болғандығын айтады. Патша тақтан құлап, Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі жаңа экономикалық саясаттың кезінде ол бұрынғы үйреншікті саудасын қайта жасап, әп-сәтте дәулетті адамның біріне айналған. [2.3-б.]. Демек, бұдан өзбекке де, қырғызға да өзін сыйлата алған, жеке кәсіпті шебер меңгерген бай адам.[1.393-б.].

Қазақ рухының көшбасшысы болған тұлғалар бойында бір ізділік тұлғалық байқалады.  Біз оны төменде көрсетілген ғасыр жырлаған   тұлғаларды мысалға келтіреміз.

Олар: XV ғасырдағы Әз Жәнібек пен Керей, XVI ғасырдағы Қасым хан, XVII ғасырдағы Тәуке хан, XVIII ғасырдағы Абылай хан. XVIII ғасырда елге әділ төрелік еткен, кемел үш биіміз – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би. Қаракерей Қабанбай батыр  “дарабоз” атанған. Билік пен ерлікте тең түскен. Шақшақ Жәнібек заманының биік мәртебелі шені “тархан”атағын алған. Қазақтың “ұлы ақыны” деп Абай атанған. Ал “ұлт көсемі” деген марапат көзі тірісінде Ахмет Байтұрсынұлына айтылыпты.

Көшбасшылық рух биіктілігі Омарбек Жантаевтың халқына сіңірген еңбегі  елдің дамуына үлкен үлес қосқандықтан, Омарбек батырды қазақ рухының көшбасшысы деп танимыз. Жоғарыда аталған тұғалар секілді батырға атқарған ерлік істері үшін тиісті атақ берілгені жөн деп санаймыз.

Омарбекке батырлық қасиет арғы атасынан дарыған. Оған себеп: Омарбектің атасы Қарасай батыр 1643 жылы Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр бастаған  қазақ әскерлерінің басшысы болған. 1627 жылы Хазар теңізінің жағасында 863 күн ұрыс болып, бір жарым ай батырлардың жекпе-жегі өтті. Қарасай батыр 9 рет майдан аланыңда жекпе-жекте Манжы,Танжы бастаған жаудың 11 батырын жеңді. 1652 жылы қалмақтар қырғыздарға шабуыл жасады. Қарасай батыр сарбаздарымен көмекке барды. Осы соғыста, Қарасай батыр қалмақтың қолбасшысы Батыр қонтайшының қолын шауып ол содан мерт болады. Қарасай батыр жөнінде Шоқан Уәлиханов өз еңбегінде атап кеткен.

Зерттеуші-қайраткер Мұхаметжан Тынышбаевтың 1925 жылы Ташкент қаласында шыққан «Қырғыз-қазақ халқы тарихының материалдары» деген еңбегінде «Шапыраштының ұраны-Қарасай, таңбасы – Ай, Тұмар» деп атап көрсеткен. Қарасай батыр өз заманының дара тұлғасы болған, қайталанбас тұлға. Арада 433 жыл өткеніне қарамастан, өсиеті ел есінде. Солардың біріне тоқталсақ:

«Болат қайнауда шынығады,

Батыр майданда шынығады.

Ер ат үстінде көп жүріп

Елі үшін аз тынығады.»[3.25-б.]

Барлық нәрсе өз тегіне тартады демекші, Омарбек Қарасай батырға ұқсамауы мүмкін емес еді.

Автор роман бойынан еліне адал, жүрегі қарсы айырылған батырдың бойындағы асқан ерекшеліктерді сипаттап қана қоймайды, сол кейіпкердің   әр қимылы мен әрекетіне қолдаушы болған  жандарды да тыс қалдырмайды.   

Мысалы: «Ол өзіне қаншама қатігез дұшпан тапса да, өзіне шын берілген, тіпті алғашқы таныстықта-ақ оның сөзін бірден тыңдап, бір ауыз сөзіне құлақ аса салатын, көп дос тапқан. Мысалы: Верныйдағы  абақтыға бара жатқанда, Адырбай мен Толымбай өздерімен он шақты қазақ жігіттерін ертіп, Омарбекті орыс солдаттарынан құтқарып алады. Қазақ жігіттерімен топтасып, кек алуды мақсат тұтады. Омарбек өз сөзінде: «Мен жөйттермен қазақ намысы үшін алысқам. Бұл негізгі – мақсатым. Екінші мақсатым- әлсіздерге күн бермейтін залымдарды, кінәсіздерді жылататын содырларды, жазықсыздарды өлтіретін баскесерлерді жек көремін. Жөйіттер талай жас балалар мен әйелдерді сойып, қанын ішіп, етін жепті. Сол үшін олар маған – ата жау…» [1.313-б.] Осылайша, кектесіп  жүргенде қатарынын азайып, серіктерінің көбісі жан тәсілім еткені жанды ауыртады. Қашғартөбе басында 14 жыл бұрын алысқан қантөгісте серіктері есіне түсіп, іштей « Қайран серіктерім-ай, тірі болғандарыңда ғой, қазір үйленіп балалы-шағалы болып жүрер едіңдер-ау» деп кіжиді. Қорлық өмірден, ерлік өлім артық демекші, ер не көрмейді, ер көңіл есе бермейді.

Кенепбай бастаған қарақшылардың қолында қалып қойған кезде де бұрынғы ауылдас, серіктесі Құлбек көмекке келеді. Ол байлаудан босатып, жоспар құрып, Кенепбайды жеңуге көмектеседі. Құлбек Омарбектің жерлесі екенің қарақшылар білмеді, білгенде жеке қалдырмайтын еді. Себебі, Омарбек бірден қарақшыларға өзінің тегің, шыққан жерің айтпайды, көріңгенге ішіндегісін ақтармауға  жігіттік қасиет пен өмірдің тәжірибиесі әсер еткен. Нағыз ер азамат ретінде Омарбек батырдың бойында көшбасшылық қасиет байқалады.

Солардың біріне тоқтала кетсек: Омарбектің киелілігі.

Суықтөбе шыңында орыс солдаттарынан қашып, үңгірді паналағанда аңдарды аулап, қорек еткен. Сондай күндердің бірінде, шың басында таутекені көреді. Омарбек атқанын мүлт жібермейтін мерген болған. Бірақ осы жолы , мылтығын қайта-қайта атуға оқтасада, атылмайды. Осыдан, таутекенің киелі аң екенін ұқты да, мылтығын төмен түсірді. Қазақ аңыздарына сүйенсек, киелі аңдар кез-келген адамға кездеспейді. Бойында ерекше қасиеті бар жандарға кезігеді. Осыдан-ақ  Омарбектің жай адам емес екендігін аңғаруға болады.

Көшбасшы адамға әуелі өзін тануы керек,ал өзін таныған адам Жаратушысында таниды. Омарбек батыр намазын қаза қылмайтын,ораза ұстайтын,Құдайдан басқа ешкімнен қорықпайтын, көзі ашық, көкірегі ояу, қаймығу дегенді білмейтін нағыз хас батыр. Екі ауыз сөзінің бірі « Жаратқан ием», «Алла, Алла» еді.  Батырдың жатқан жеріне түнде барсаң, шырақ жанып тұрады екен. Алланың сүйген құлдарының басында ғана шырақ жанатыны осыдан шығар. Ол елдің азаттығы үшін, діні мен ділінің сақталуы үшін жиһадқа шыққан халық батыры.Байлығы асқан, ерлігі кәміл, өзі дана, діншіл, тақуа, алғыр һәм көрікті кісі. Айнұр Төлеудің «Жансауға» атты өлеңінде:

«Атаның шығармайды осал атын,

Айбыны Алатаудан аса алатын,

Десі мықты Омарбек дегдар еді,

Мысымен шу асауды баса алатын»-, деп Омарбектің қырларын төрт жол өлеңмен аша алды.

Көшбасшылықтың ең басты әрі ең маңызды көрінісі- табиғатты сүю, туған жерін сүю, елі үшін, жері үшін бәріне бару, нағыз патриот болу. Омарбек өзінің туған мекені Суықтөбені ерекше жақсы көрген. Суықтөбе – осы өлке тарихының шын куәгері. Жақсылықты да, жамандықта да басынан өткізген етегіндегі елмен сырлас, мұндас. Қазір сол шежіре-сырды бойына жиып тығып жатыр. Тау баурайында көрікті мекен-жайлар мен ауылдар орналасқан. Аттары да әртүрлі- Қастек, Талап, Шиен, Қоғамшыл, Аққайнар, Қарақыстақ болып кете береді. Жоғарыда айтылған мекендердің тау-суын құрметтеген, тауда қонып, таудың дәмімен сусындаған жан. Тіпті табиғаттың өзі Омарбекті жақсы  көргендей, ерекше қолайлы болған.

Мысалы, Сібірге айдалғанда терең «Көксу» өзенінен өткен болатын ,  Омарбек судан дін аман шыққанымен , он бес қазақ суға тұншығып мерт болған. Барлығы судың астында Омарбектің аяғына жармасып жан үшін алысқанда, батырға бәрін судан шығару оңайға соққан жоқ. Айласы мен ақылының арқасында орыстардың қолынан сытылып кетті. Құтылғаннан кейін табиғат баурайында, ой үстінде қамыс шетін жағалап біраз жүрді. Табиғатпен жеке қалғандай,бойын ерекше сезім биледі. Табиғат пен көшбасшының тоғысқан тұсы – нағыз осы сәт.

Қазақтың бір туар ұлы ақыны Абай атамыз өз заманың ғана емес, қазақтың бүкіл ғасырын қамтитын көшбасшылық  қасиетті таныта білді. Артынан айрықша із қалдырып халық жадында мәңгі сақталды. Абай өз өлеңінде:

«Уайым-ер қорғаны,есі барлық,

Қиыны бұл дүниенің-қолы тарлық.

«Еһе-еһе» ге елірме бозбалалар

Бұл – бес күндік бір майдан ер сынарлық»,деп түйіп, уайымның өзін ұстамдылыққа бастайтын,кісіні орынсыз жел өкпеліктен сақтандыратын қасиетке балайды. Нағыз адам ешқандай кедергіге қарамастан көздеген мақсатына жетеді. Бұл адамнан рухани қуаттылықты, төзімділікті және қажырлылықты талап етеді. Тек ержүрек, батыл адам ғана өз дегенінде тұрып «көштің соңынан итше ере бермей,…әділетті ақыл мойындаған нәрсеге ,қиын да болса, мойындауға,әділетті ақыл мойындаған нәрсеге , оңай да болса мойындамауға…»бара алады.Ал, Омарбектің бойында Абай атап көрсеткен төзімділік, қайраттылық, батылдықтың бәрі бар.

Бұған Омарбек батырдың немересі Басихан Нұрмұхамедовтың сөзі дәлел :

“Қазақ халқы XX ғасырда ешкімнен қаймықпайтын, өр мінезді, азат ойлы, құлдық психологиядан ада, еркіндікке үш рет қол жеткізді.Оның алғашқысы:

Омарбек батырдың және оның үзеңгілестерінің жиырма мен отызында орда бұзған 1900-1915 жылдар аралығы;

Қырқында қамал алатын 1922-1929 жылдар іші;

1986 жылғы Алматы мен басқа да Қазақстанның ірі қалаларында өткен,КСРО-дағы тәуелсіздік үшін болған боздақтарымыздың ереуілі.”

Омарбекке жануарлардың да көмегі тиді. Ит – адамның досы демекші, екі өлімнен арашалап қалған сенімді серігі ит болды. Омарбекті бала кезден ит қаппайтын. Ит атаулы адамның қас-қабағынан біледі. Ауылдағы небір қабаған төбеттер Омарбекті көргенде момақан күйге түсіп, құйрығын бұлаңдата жата кететін. Ит өзіне еш мән бермей қорықпай тұрған адамға тиісе қоймайтын. Омарбек  жазық даланы кезіп келе жатқан кезде иесіз бос үйді кездестіреді. Ішіне кіре салып, жан-жағына қарап, айғайлағанымен тірі жан кезікпегеннен кейін, шаршағаннан маужырай кетеді. Оянғанда иттің зілді ұлығаны бір суық хабардың нышаны екенің түсінеді.Ит Омарбекті үйдің артына апарып, сұмдық жайттың куәсі қылады. Омарбектің жүрегі дір етіп, бүкіл денесі шымырлап кетті. Анадай жердегі бірнеше дар ағашында он шақты кісі асулы тұр. Араларында ересек кісілер де, әйелдер де, балаларда бар. Бәрінің салбыраған денесі аса қорқынышты. Омарбек мәйіттерді көму керектігін ойлады. Үш үйді ақтарып жүріп екі балта, бір шот кетпен тапты. Жерді қаза бергенде иттің шығыс жаққа қарап, ұлығанын, абыржып тұрғанын көрді. Жазалаушы отряд төбеден төменге түсіп, құлдилап келеді. Омарбек қолындағы мылтығымен көбін атады. Омарбектің ең бір адами қасиеті жауы жалынып тұрғанда, бетін қайтармайды. Сол сияқты, мұсылман башқұрт солдатына аяушылық танытқаны. Алайда башқұрт солдаты мейірімді түсінбей, ту сыртынан наганмен өлтірмекші болады. Ит бұған жол бермейді. Арлан ит солдаттың тура тамағына жармасып, мерт қылады. Бұлда бір иттің алған өзіндік кегі. 

Қорытынды: Омарбек батырдың біз білмеген, аңғармаған қырларын ашу адамзаттық борышымыз.Батырдың өнегесі насихатталып, таратылып,кеңінен құлаш жаю керек.Ол-Кеңес үкіметі мен коммунисттерге қарсы жан аянбай  қарсы соғысты. Мағжанша айтқанда «Арыстанмын, айбатыма кім шыдар? Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?» деп таптық жауымен де, ата жауымен де ақтық демі қалғанша алысты. Оның осы өр рухы, толымды болмысы, құлдық психологиядан азаттығы – бүгінгі жас қазаққа үлгі. Біле – білген қазаққа Омарбек батыр «Ойлан, қазақ!»- деп тұрған жоқ па?!

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Кек. Роман. Н.Қапалбекұлы. -Алматы: «Жамбыл» баспасы,2021.- 432 б.

ISBN 978-601-06-8024-1

2.Омарбек батыр. Жинақ кітап. «Everest» ЖК,2018.- 163 б.

3.Алаш жолы.Публицистикалық зерттеулер мен мақалалар.-Алматы: 2017.—240 б.+ 16 б. жапсырма

ISBN 978-601-06-4623-0

4.Қазақ көтерілістері: Энциклопедия/Бас.ред.    Ж.Н.Тойбаева. —Алматы: “Қазақ энциклопедиясы”, 2015.-616 б.

ISBN 978-601-7472-43-6

5.Қарасай батыр-ұраным. Н. Қапалбекұлы-Алматы.” Жамбыл “баспасы, 2019.-80 б.