Шет тілін оқудағы мотивация: педагогикалық стратегиялар және психологиялық-педагогикалық тәсілдер
Айдынқызы Әлия
Студент
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті
КІРІСПЕ
Тілді меңгеру — адам миының ерекше қабілеті мен әлеуметтік өмірдің қажеттілігінен туындаған күрделі үдеріс. Ғалымдар тілдің пайда болуын миллиондаған жыл бұрын басталған эволюциялық үдерістің нәтижесі деп есептейді. Тіпті адамның бойында тіл мен сөйлеуге жауап беретін «FOXP2» гені ерекше дамыған.
Әлем тарихының басталуынан қазіргі күнге дейін тіл мен сөйлеу қабілеті айтарлықтай дамыды. Қазіргі таңда адамдар бір немесе екі тілмен шектелмей, бірнеше тілді меңгеруге ұмтылуда.
Шет тілін оқу — адамға көптеген мүмкіндіктер есігін ашады, түрлі елдердің мәдениеті мен салт-дәстүрлерімен танысуға, ой-өрісі мен жадының дамуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, XXI ғасырда тіл білу қабілеті өмірдің көптеген салаларында сұранысқа ие, себебі ғылым, саясат, өнер салаларының басым бөлігі әлемдік тілдерде жарияланады. Осыған орай, тіл білу тек ақпарат көкжиегін кеңейтіп қоймай, кәсіби мүмкіндіктерді де арттыра түседі.
Шет тілін меңгерудегі мотивацияның төмен болуы және оның себептері
Қазіргі таңда әлемдік тілдер мектеп қабырғаларында миллиондаған оқушыларға түрлі әдістер мен бағдарламалар арқылы оқытылып жатыр.
Олардың ішінде ең кең таралғаны әрі халықаралық мәртебеге ие тілі – ағылшын тілі. Біздің ғасырда жаңа технологиялар мен цифрлық мүмкіндіктердің арқасында кез келген тілді, тіпті үйден шықпай-ақ, онлайн форматта меңгеруге болады. Дегенмен, тіл үйреніп жүрген көптеген оқушылар мен тыңдаушылардың сабақтарға белсенді қатысуы мен тілді меңгеруге деген мотивациясы төмен деңгейде қалып отыр. Бұл мәселенің бірнеше себебі бар. Атап айтқанда:
1. Оқушылардың нәтижені бірден күтуі
Көпшілік тілді қысқа мерзімде үйренгісі келеді. «Ағылшын тілін 3 айда меңгер» деген сияқты уәделер кең таралғанымен, тіл үйрену жылдамдығы мен сапасы әр адамның қабілетіне, тәжірибесіне және оқуға бөлетін уақытына байланысты. Нәтиже бірден байқалмаған сайын, адамның ынтасы төмендеп, үміті үзіледі.
2. Оқушыда тіл үйренуге деген нақты мақсаттың болмауы
Тілді тиімді үйрену үшін оқушының айқын мақсаты болуы қажет. Мақсат – мотивацияның басты көзі. Адам «Мен не үшін бұл тілді үйреніп жүрмін?» деген сұраққа нақты жауап бере алмаса, тіл үйрену процесі мағынасыз және қызықсыз көрінеді. Керісінше, мақсат айқын болса, оған жету жолында адам белсенді әрекет ете бастайды.
3. Оқушы үшін дұрыс әдіс пен қолайлы ортаның болмауы
Әр оқушы ақпаратты әртүрлі қабылдайды. Біреуге теориялық оқыту тәсілдері тиімді болса, енді біреуге тәжірибеге негізделген, тілдік ортада сөйлеу маңызды. Оқу барысында қолайлы орта болмаған жағдайда тіл тек кітап бетінде қалады да, өмірлік тәжірибеде қолданылмайды.
4. Оқушының өзін сенімсіз сезінуі
Көптеген оқушылар қателік жасаудан, акценттен немесе өз ойын толық жеткізе алмаудан ұялады. Бұл – олардың сөйлеу дағдысын шектеп, өзіне деген сенімділікті төмендететін фактор. Уақыт өте келе бұл тіл үйренуге деген ынтаның жойылуына әкеледі.
5. Қызықсыз оқу материалдары
Егер сабақтар тек оқулықтар мен жаттығулар шеңберінде ғана өтсе, оқушының қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Оқу процесі оқушының жеке қызығушылықтарымен ұштасқанда (хобби) мотивация артады. Сондықтан материалды қызықты әрі өмірмен байланысты етіп ұсыну маңызды.
6. Мектеп жүйесінің шектеулері
Мектептерде тіл меңгеру көбіне бағалау мен емтиханға бағытталған. Бұл жағдайда оқушылар тілдің шынайы, коммуникативтік мәнін емес, тек баға үшін оқуға бейімделеді. Нәтижесінде, тіл білімінің өмірдегі маңызы көмескіленіп, оқушының қызығушылығы мен мотивациясы азаяды.
Педагогикалық стратегиялар
Педагогикалық стратегия – білім беру жүйесінде көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін қолданылатын ұзақ мерзімді әрекеттер жиынтығы. Бұл стратегиялар, әсіресе, шет тілін оқытуда оқушылардың белсенділігін арттыруға және олардың мотивациясын күшейтуге бағытталады.
1. Коммуникативтік әдіс (Communicative Language Teaching)
Бұл әдіс оқушылардың тілдік қарым-қатынас жасау қабілетін дамытуға негізделген. Ол шынайы өмірлік жағдайларды ескеретін тапсырмалар арқылы жүзеге асырылады. Мысалы: пікір алмасу, сұхбаттасу, топтық талқылау, рөлдік ойындар және тағыда басқалары. Коммуникативтік әдіс оқушылардың үйреніп жатқан тілдік ортада өз ойын еркін жеткізуге деген ынтасын арттырып, сөйлеу дағдыларын жетілдіреді.
2. Мотивациялық оқыту стратегиясы
Бұл стратегия оқушының жеке қызығушылықтары мен белсенділіктерін алға шығара отырып, оқу үдерісіне тартуды көздейді. Мұғалім оқушының мотивация түрін (ішкі немесе сыртқы) анықтап, соған сәйкес әдіс-тәсілдер қолданады. Мысалы: оқушыға таңдау мүмкіндігін ұсыну, оның жетістіктерін бақылауға және бағалауға жағдай жасау.
3. Жеке тұлғаға бағытталған оқыту (Learner-Centered Approach)
Бұл тәсіл оқушының жеке ерекшеліктерін, қабілеттерін және қажеттіліктерін ескере отырып оқытуға бағытталады. Мұндай оқытуда оқушы белсенді субъект ретінде танылады. Мысалы: жеке тапсырмалар, жобалық жұмыстар, портфолио дайындау және тағы басқа әдістер қолданылады.
4. Интеграциялық стратегия
Бұл стратегия шет тілін басқа пәндермен немесе өмірлік жағдайлармен байланыстыра отырып оқытуды көздейді. Мысалы: биология, тарих, география пәндерін ағылшын тілінде оқыту. Бұл оқушылардың пәндік білімін тереңдетіп қана қоймай, тілдік қорын кеңейтіп, оны нақты жағдайларда қолдануға мүмкіндік береді.
5. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы оқыту
Қазіргі заманғы технологиялар оқушылардың қызығушылығын арттырып, интерактивті оқу ортасын қалыптастырады. Мобильді қосымшалар (Duolingo, Quizlet), онлайн платформалар (Kahoot, Google Classroom), подкасттар, бейнесабақтар мен әлеуметтік желілерді пайдалану сабақтың тиімділігі мен тартымдылығын арттырады.
Психологиялық-педагогикалық тәсілдер
Мұндай тәсілдер оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, оқу үдерісін жеңіл әрі ынталандырушы етуге бағытталған.
1. Мотивациялық климат жасау
Қателік жасауға тыйым салынбаған ортада оқушы өзін еркін сезінеді. Сондықтан оқу ортасы сенімді, қолдаушы әрі жайлы болуы қажет. Мұндай жағдайда оқушылар өз ойларын ашық білдіріп, білім алуға деген құлшыныстары артады.
2. Алға мақсат қою және жетістікке ұмтылуға мотивациялау
Қысқа және ұзақ мерзімді мақсаттарды нақтылап, оларға жету барысындағы прогресті жүйелі түрде бақылау маңызды. Жетістіктерді мадақтап, тіпті шағын жеңістердің өзін атап өту – оқушының ішкі мотивациясын нығайтып, алға ұмтылысын арттырады.
3. Рефлексия мен өзіндік бағалау дағдыларын дамыту
Оқушының өз жұмысын саралап, күшті және әлсіз тұстарын анықтай білуі – оқу үдерісіне деген жауапкершілігін арттырады. Бұл тәсіл өзін-өзі жетілдіруге, дербес ойлауға және танымдық белсенділікке жол ашады.
4. Кооперативті оқыту
Тілді меңгеру барысында ұжымдық қолдау, пікір алмасу және бірлесіп әрекет ету — маңызды психологиялық факторлар. Топтық және жұптық жұмыстар оқушыларға бір-бірінен үйренуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл әсіресе тұйық немесе өзіне сенімсіз оқушылар үшін өте тиімді.
5. Эмоционалды қолдау көрсету
Мұғалімнің эмпатиясы мен эмоционалдық интеллектісі жоғары болуы – оқу үдерісінің табысты болуына ықпал етеді. Кері байланыс кезінде сын мен пікірді дұрыс, нақты және қолдаушы түрде жеткізу керек. Сонымен қатар, эмоционалдық күйді тұрақтандыру үшін сергіту сәттері, тыныс алу жаттығулары және қысқа үзілістер ұйымдастыру пайдалы.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазіргі білім беру үдерісінде шет тілін тиімді меңгертудің басты шарттарының бірі — оқушылардың мотивациясын арттыру. Тіл үйренуге деген қызығушылық пен ішкі ынтаның болуы білім алушының белсенділігіне, табандылығына және жетістікке жету деңгейіне тікелей әсер етеді. Бұл тұрғыда мұғалімнің рөлі айрықша: ол оқытудың мазмұнын, әдістерін және ұйымдастыру формаларын оқушының қажеттілігі мен қызығушылығына бейімдей отырып, қолайлы оқу ортасын қалыптастыруы тиіс.
Педагогикалық стратегиялар мен психологиялық-педагогикалық тәсілдер, мысалы, ынталандыру, дараланған оқыту, жобалық жұмыс, топтық әрекет және кері байланыс — барлығы мотивацияны арттыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, оқушының жас ерекшеліктері мен тұлғалық қасиеттерін ескеру де олардың шет тілін үйренуге деген көзқарасын қалыптастыруда шешуші фактор болып табылады.
Қорытындылай келе, шет тілін оқытуда тұрақты әрі жоғары мотивация қалыптастыру — бұл жүйелі, кешенді және тұлғаға бағытталған педагогикалық жұмыс нәтижесі. Мұндай тәсілдер арқылы оқушылар тек тілді меңгеріп қана қоймай, сонымен бірге оны болашақ өмірлік және кәсіби мақсаттарына тиімді құрал ретінде қолдануға мүмкіндік алады.