Әл-фараби атындағы ҚазҰУ: болашақ көшбасшылар соғатын жүрек
Авторлар:
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Экономика және бизнес жоғары мектебі, «Логистика» мамандығының 4-курс студенттері:
Салтанат Айдана, Хасанова Шахноза.
Ғылыми жетекші:
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Экономика және бизнес жоғары мектебінің аға оқытушысы:Шарапиева Мадина Дузбайевна
Адам өмірінде оның болашаққа деген көзқарасын өзгертіп, алдына жаңа мақсаттар қоятын ерекше кезеңдер болады. Біздің ойымызша, сондай кезеңдердің бірі – студенттік шақ. Өйткені университетте адам белгілі бір мамандықты меңгеріп қана қоймай, өзіне бұрын беймәлім мүмкіндіктерді ашады, дербес шешім қабылдауды үйренеді, өмірлік ұстанымын қалыптастырады. Біз үшін осындай маңызды ортаның бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
ҚазҰУ туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, оның еліміздің жоғары білім беру жүйесіндегі орны мен тарихы ойға оралады. 1934 жылы негізі қаланған университет талай буынның білім алып, кәсіби жолын бастауына мүмкіндік берді. Тоқсан жылдан астам уақыт ішінде мұнда қалыптасқан академиялық дәстүр, ғылыми ізденіске деген құрмет пен білімге ұмтылыс бүгінгі студенттердің де дүниетанымына әсер етуде. Университеттің құндылығы оның ұзақ тарихымен ғана өлшенбейді. Ең маңыздысы – сол тарихтың әрбір жаңа буын арқылы жалғасуы. Университетке алғаш келген кезде студенттердің көпшілігі үшін басты мақсат – таңдаған мамандығын жақсы меңгеру. Алайда уақыт өте келе жоғары білімнің мәні бұдан әлдеқайда кең екенін түсіне бастайсың. Дәріс барысында алынған ақпарат, оқытушылармен пікір алмасу, топпен орындалатын тапсырмалар мен ғылыми жұмыстар адамның ойлауына біртіндеп әсер етеді. Кеше күрделі көрінген мәселені бүгін өз бетінше талдап, шешімін ұсына алу – студенттің дамуын көрсететін қарапайым, бірақ маңызды өзгеріс.
Біз қазір Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Логистика» мамандығы бойынша төртінші курста білім алып жатырмыз. Осы уақыт аралығында мамандығымызға деген көзқарасымыз да өзгерді. Алғашында логистика дегенде жүк тасымалдау, қойма және жеткізу қызметтері ойға келетін. Кейін оның кәсіпорын қызметінен бастап, халықаралық саудаға, өндірістік үдерістерге және тұтынушылардың күнделікті қажеттіліктеріне дейін әсер ететін күрделі жүйе екенін тереңірек түсіндік. Мысалы, кез келген тауардың тұтынушыға уақытында жетуі сырт көзге қарапайым үдеріс болып көрінуі мүмкін. Ал оның артында жоспарлау, жабдықтаушылармен жұмыс, қорларды басқару, тасымалдауды ұйымдастыру және шығындарды есептеу сияқты өзара байланысты міндеттер жатыр. Осындай мәселелерді сабақ барысында талқылау бізге әрбір басқарушылық шешімнің нәтижесін жан-жақты бағалаудың қажеттігін көрсетті. Логистикада бір ғана көрсеткішті жақсарту жеткіліксіз, бүкіл жүйенің тиімділігін ескеру маңызды.
Экономика және бизнес жоғары мектебінде білім алудың біз үшін құнды тұстарының бірі – теориялық материалды нақты жағдайлармен байланыстырып қарастыру. Практикалық тапсырмаларда кәсіпорын қызметін талдау, логистикалық шығындарды есептеу, жеткізу тізбегіндегі тәуекелдерді анықтау, әртүрлі шешімдерді салыстыру сияқты жұмыстар орындалады. Мұндай тапсырмалар дайын жауапты іздеуден гөрі, мәселенің себебін түсінуге және өз пікіріңді дәлелдеуге үйретеді. Әсіресе топтық жұмыстардың берері көп. Бір қарағанда, ортақ тапсырманы орындау оңай көрінгенімен, әр адамның пікірін тыңдау, жұмысты әділ бөлісу, уақытты тиімді пайдалану және ортақ шешімге келу белгілі бір дағдыны талап етеді. Біз мұндай тәжірибенің болашақ кәсіби қызметте де қажет болатынын түсінеміз. Себебі қазіргі еңбек нарығында маманның тек өз саласын білуі жеткіліксіз. Оның адамдармен тіл табыса алуы, жауапкершілік танытуы және өзгерген жағдайға бейімделуі де маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, университет көшбасшылық қасиеттердің қалыптасуына ықпал ететін орта деп есептейміз. Көшбасшылықты тек жоғары қызмет атқарумен немесе өзгелерге басшылық жасаумен байланыстыру дұрыс емес. Кей жағдайда ол өзіне тапсырылған жұмысты сапалы орындаудан, қиын сәтте бастама көтеруден немесе ортақ нәтижеге жауапкершілікпен қараудан басталады. Студенттік кезеңде қалыптасқан осындай қасиеттер адамның кейінгі кәсіби өмірінде ерекше маңызға ие.
ҚазҰУ-дағы білім беру ортасының тағы бір артықшылығы – студенттердің тек бір бағытпен шектелмей, әртүрлі саладағы жаңалықтарға қызығушылық танытуына мүмкіндік болуы. Ғылыми конференциялар, кездесулер, университет көлемінде ұйымдастырылатын мәдени және қоғамдық іс-шаралар жастардың қарым-қатынас аясын кеңейтеді. Мұндай ортада студент өз мамандығының шеңберінен шығып, қоғамдағы өзгерістерге кеңірек қарауды үйренеді.
Біздің ойымызша, университет өмірінің ең есте қаларлық тұстары кейде үлкен іс-шаралармен емес, күнделікті қарапайым сәттермен байланысты болады. Сабақтан кейін бірге талқыланған тапсырма, емтихан алдындағы дайындық, оқытушының орынды кеңесі немесе курстастар арасындағы қолдау – осының барлығы студенттік өмірдің ажырамас бөлігі. Уақыт өте келе дәл осындай сәттердің адамға қаншалықты әсер еткенін түсінесің. Бұл жерде оқытушылардың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Университеттегі ұстаздың міндеті дәріс оқып, білімді бағалаумен ғана шектелмейді. Оқытушының студентті өз ойын ашық айтуға ынталандыруы, қателігін түсіндіріп, дұрыс бағыт көрсетуі, ғылыми ізденіске қызықтыра білуі болашақ маманның қалыптасуына әсер етеді. Кейде бір ғана нақты кеңес немесе сабақ барысында қойылған сұрақ студенттің белгілі бір мәселеге көзқарасын өзгертуі мүмкін. Төртінші курсқа келгенде университетке деген көзқарас та өзгереді екен. Бірінші курста бәрі жаңа әрі қызық көрінсе, соңғы курста өткен уақытты ой елегінен өткізіп, алдағы кәсіби өмірге көбірек мән бере бастайсың. Қандай білім алдық, нені үйрендік, қандай қабілетімізді әлі де дамытуымыз қажет деген сұрақтар жиі туындайды. Осындай ойлар университеттің адам өміріндегі орнын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ біз үшін тек жоғары білім беретін мекеме емес. Ол – өзімізді тануға, мақсатымызды айқындауға, кәсіби мүмкіндіктерімізді бағалауға ықпал еткен орта. Университет қабырғасында алған біліміміз бен қалыптасқан дағдыларымыз болашақта түрлі қиындықтарға дайын болуға көмектеседі деп сенеміз. Университеттің болашағы тек бүгінгі жетістіктерімен емес, оның түлектерінің ертең қандай маман, қандай азамат болып қалыптасатынымен де байланысты. Бірі ғылым саласын таңдайды, енді бірі кәсіпкерлікпен айналысады, үшіншісі өндіріс пен басқару жүйесінде еңбек етеді. Олардың әрқайсысы өз ісін жауапкершілікпен атқарса, бұл білім ордасының қоғамға қосқан үлесінің нақты көрінісі болмақ.
Біздің де алдымызда үлкен өмір, жаңа міндеттер мен кәсіби сынақтар күтіп тұр. Ал университет қабырғасында қалыптасқан еңбекқорлық, ізденімпаздық және өз күшімізге деген сенім сол жолда тірек болады деп ойлаймыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің біз үшін ең үлкен құндылығы – болашағымызды дайын күйінде ұсынып бермей, оны өз еңбегімізбен қалыптастыруға үйретуінде. Нағыз көшбасшылықтың бастауы да осында.
Біз үшін ҚазҰУ – білім алған орнымыз ғана емес, үлкен өмірге бағыт берген орта. Ал сол ортадан алған тәлімімізді болашақта нақты іспен дәлелдеу – біздің алдымыздағы маңызды міндет.
* Демеушілік материал
