БАЯНАУЫЛ ҰЛТТЫҚ ПАРКІНІҢ ТУРИСТІК-РЕКРЕАЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН БАҒАЛАУ

Уалитова Сабина Жаннатовна

6В05203 мамандығының 3 курс студенті

Шәріпжан Меруерт Арманқызы

6В05203 мамандығының 3 курс студенті

Тұрар Аружан Қадесқызы

6В05203 мамандығының 3 курс студенті

Ғылыми жетекші: Амантай Айгерім Айдарқызы

магистр, аға оқытушы

Астана Халықаралық Университеті

Аннотация:

Бұл ғылыми мақалада табиғи ландшафттарының алуан түрлілігімен, көркем көлдерімен, таулы жер бедерімен және туристік нысандарымен ерекшеленетін Баянауыл аумағының туристік-рекреациялық әлеуеті қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – Баянауыл аумағының туристік-рекреациялық ерекшеліктерін анықтау, негізгі туристік нысандардың орналасуын сипаттау және олардың туристер үшін қолжетімділігін қарастыру. Зерттеу барысында аумақтың табиғи-рекреациялық ресурстарына, туристік нысандарының кеңістіктік орналасуына және туризмді ұйымдастыруға қолайлы табиғи жағдайларына назар аударылады. Сонымен қатар туристік нысандардың орналасуы мен көлік арқылы жету мүмкіндіктерінің аумақтың туристік тартымдылығына әсері қарастырылады. Баянауыл аумағының табиғи ерекшеліктері мен рекреациялық мүмкіндіктерін зерделеу оның туристік бағыттарын сипаттауға және туристік ресурстарды пайдалану ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді. Зерттеу барысында аумақтың туристік-рекреациялық сипаттамаларын жүйелеуге және туристік нысандардың аумақтық орналасуының маңызын анықтауға басымдық беріледі. Зерттеу нәтижелерінің практикалық маңызы Баянауыл аумағының туристік ресурстары туралы мәліметтерді жинақтау, туристік нысандардың қолжетімділігін сипаттау және өңірдің туристік-рекреациялық ерекшеліктерін кешенді түсіндірумен байланысты. Мақала материалдарын туризм географиясы саласындағы оқу-зерттеу жұмыстарында және Баянауыл аумағының туристік-рекреациялық сипаттамасын қарастыру кезінде пайдалануға болады.

Кілт сөздер

Баянауыл, туристік-рекреациялық әлеует, туристік инфрақұрылым, туристік ағын, рекреациялық жүктеме, экологиялық жағдай, тұрақты туризм, рекреациялық сыйымдылық.

Кіріспе

Қазіргі уақытта табиғи аумақтарға туризм және демалыс мақсатында келушілер саны артып келеді. Мұндай аумақтардың табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану және экологиялық жағдайын сақтау маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Әсіресе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік ағынның көбеюі қоршаған ортаға түсетін антропогендік жүктеменің артуына әкеледі. Сондықтан адам әрекетінің табиғатқа әсерін зерттеу және оны реттеудің тиімді жолдарын анықтау өзекті мәселелердің қатарына жатады.

Табиғи аумақтарды туристік-рекреациялық мақсатта пайдалану адамдардың демалуына, табиғи және мәдени мұралармен танысуына, экологиялық білімінің қалыптасуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар туризм аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді. Алайда рекреациялық қызмет табиғи ортаның сыйымдылығын ескере отырып ұйымдастырылуы қажет. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туристік-рекреациялық аумағында маршруттар мен соқпақтарды жоспарлау кезінде рекреациялық жүктеменің белгіленген нормаларын сақтау маңызды [1].

Зерттеу нысаны – Павлодар облысында орналасқан Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. 1985 жылы құрылған бұл парк Қазақстандағы алғашқы ұлттық парк болып табылады. Оның аумағында таулы ландшафттар, орман алқаптары және Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдері орналасқан. Табиғи ресурстарының алуан түрлілігі, ландшафттық ерекшеліктері мен рекреациялық мүмкіндіктері Баянауылды туризмді дамытуға қолайлы аумақтардың біріне айналдырады.

Баянауылдың туристік-рекреациялық мүмкіндіктері мен экологиялық жағдайы ғылыми еңбектерде қарастырылған. Сонымен қатар Баянауылдың табиғи кешендерінің рекреациялық сыйымдылығы мен туристік жүктемесін бағалауға бағытталған ғылыми жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, Сабындыкөл аумағына қатысты зерттеулер туристік қызметтің табиғи ортаға әсерін және экожүйенің тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік береді. Соңғы зерттеулерде көл экожүйесіне түсетін антропогендік қысым мәселесіне ерекше назар аударылады [2].

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туристік-рекреациялық әлеуетін зерттеу табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаның тұрақтылығын сақтау үшін маңызды. Парк аумағындағы көлдер, таулы ландшафттар мен орман алқаптары туризм мен демалысты дамытуға мүмкіндік береді. Алайда туристер санының көбеюі табиғи ортаға түсетін рекреациялық жүктемені арттырып, экожүйелердің бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан парк аумағындағы туристік жүктемені бағалау, келушілер ағынын реттеу және табиғи ресурстарды қорғау шараларын жетілдіру қажет. Бұл жұмыстар табиғи ортаның сақталуына және туризмнің тұрақты дамуына ықпал етеді [3].

Зерттеудің негізгі мәселесі туристік-рекреациялық қызметтің табиғи экожүйелерге түсіретін қысымын анықтау және табиғи ресурстарды сақтай отырып, туризмді тұрақты ұйымдастырудың тиімді жолдарын белгілеу болып табылады.

Зерттеу барысында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің табиғи және туристік-рекреациялық ресурстары қарастырылып, туристік ағын мен рекреациялық жүктеме шоғырланған негізгі аумақтар анықталады. Сонымен қатар туристік қызметтің табиғи ортаға түсіретін антропогендік қысымы және оның экожүйелердің жағдайына ықпалы бағаланады. Зерттеу нәтижелері негізінде рекреациялық жүктемені төмендетуге, табиғи аумақтарды ұтымды пайдалануға және ұлттық парктің экологиялық тұрақтылығын сақтауға бағытталған ұсыныстар әзірленеді.

1. Зерттеу аумағы

Зерттеу аумағы – Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. 1985 жылы ашылған, Қазақстандағы алғашқы ұлттық парк. Оның ауданы 68 452,8 га. Парк Сарыарқа аймағында орналасқан, таулы‑жартылай жазық ландшафттарымен танымал. Биіктіктері шамамен 400‑дан 1027 мге дейін, ең биік нүкте – Ақбет тауы [1-сурет].

Парктің басты табиғи ерекшелігі – таулар, қарағайлы ормандар, көлдер және ерекше пішінді жартастар. Аумақта Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр және Біржанкөл көлдері бар. Өсімдік жамылғысы да әртүрлі: парк аумағында 552 өсімдік түрі тіркелген, олардың 5‑і Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Баянауылда басты туризм‑рекреация нысандары – көл жағалаулары, Ақбет тауы, Найзатас тауы, Кемпіртас жартасы, Көгершін жартасы, Қоңырәулие үңгірі, ботаникалық соқпақ, тарихи‑мәдени ескерткіштер. Парк ішінде 14 тур маршрут бар. Туристерге демалыс орындары, жағажайлар, қонақ үйлер, тамақ ішу орындары, дәретхана, тур соқпақтары сияқты инфрақұрылым ұсынылады. Соңғы жылдары Жасыбай мен Сабындыкөлде абаттандыру, тур инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүріп жатыр [4]. 

Зерттеуде басты назар – табиғи нысандардың тартымдылығы мен тур инфрақұрылымның шоғырлануы рекреациялық жүктемені кейбір жерлерге жинайды. Сондықтан Жасыбай мен Сабындыкөлде туристер көп барады, сол жерлерде табиғи экожүйе, тур ағыны, адам әсерін тексеру өте қажет.

1-сурет. «Баянауыл ұлттық паркінің зерттеу аумағының картасы»

2. Зерттеу әдістері

Зерттеу тақырыбы бойынша Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туристік-рекреациялық әлеуеті мен экологиялық туризмнің даму ерекшеліктерін қарастырған отандық ғалымдардың еңбектеріне талдау жасалды. Негізгі ғылыми зерттеулер, олардың нәтижелері және зерттеу жұмысында қолданылу мүмкіндіктері 1- кестеде берілген.

1-кесте. Баянауыл ұлттық паркін зерттеген ғалымдар

№Автор, жылМақала/еңбек атауыНе зерттелген?Негізгі нәтиже
1Сапаров Қ.Т., Ракишева А.К., 2016Экологический туризм в Баянаульском государственном национальном природном парке: понятие, развитие, управлениеБаянауыл ұлттық паркіндегі экологиялық туризмді ұйымдастыру, рекреациялық сыйымдылық және табиғи ландшафттардың рекреациялық әсерге төзімділігі зерттелген.Сабындыкол көлінің жағалауындағы геожүйелердің экологиялық жағдайы бағаланып, рекреациялық сыйымдылық есептелген. Табиғи аумақты тұрақты пайдалану және экотуризмді жоспарлау бойынша ұсыныстар берілген.
2Жақыпов А.А., Мұсабаева М.Н., 2015Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының биоалуантүрлілігінің ерекшеліктері және жергілікті этнотуризм мүмкіндіктеріПарктің физикалық-географиялық жағдайы, биоалуантүрлілігі және жергілікті этнотуризмді дамыту мүмкіндіктері зерттелген.Баянауылдың табиғи ерекшеліктері мен табиғат ескерткіштері туризмді дамытуға мүмкіндік беретіні көрсетілген. Этнотуристік маршруттарды ұйымдастыру ұсынылған.
3Жақыпов А., Нахипбекова С., Курбаниязов А., Жильгельдинов С., 2025Баянауыл ұлттық паркі аумағындағы Сабындыкөл көлінің рекреациялық сыйымдылығын бағалауСабындыкол көлінің рекреациялық сыйымдылығы, туристік ағынның және жағалау инфрақұрылымының экожүйеге әсері зерттелген.Туристер ағынының өсуі, жағалау инфрақұрылымының бақылаусыз дамуы және қалдықтардың көбеюі көл экожүйесіне әсер ететіні анықталған. Рекреациялық жүктемені оңтайландыру және тұрақты туризмді дамыту ұсыныстары берілген.

Зерттеу барысында Баянауыл ұлттық паркінің туристік-рекреациялық ерекшеліктерін қарастыру мақсатында ғылыми әдебиеттерді талдау, картографиялық зерттеу, салыстырмалы талдау, географиялық деректерді зерделеу және туристік-рекреациялық ресурстарды жіктеу әдістері қолданылды. Ғылыми әдебиеттерді талдау арқылы зерттеу аумағының табиғи жағдайлары, рекреациялық ресурстары және туризммен байланысты экологиялық мәселелері қарастырылды. Картографиялық әдіс аумақтың географиялық орналасуын, негізгі туристік нысандар мен көлдердің кеңістіктік таралуын сипаттауға мүмкіндік берді. Салыстырмалы талдау әдісі Жасыбай және Сабындыкөл көлдері маңындағы рекреациялық аумақтардың ерекшеліктерін салыстырып қарастыру үшін пайдаланылды. Сонымен қатар Google Maps және Google Earth картографиялық сервистеріндегі мәліметтер негізінде туристік нысандардың орналасуы, олардың арасындағы қашықтық және көлік қатынасының ерекшеліктері зерделенді. Туристік-рекреациялық ресурстарды жіктеу арқылы аумақтың табиғи, тарихи-мәдени және инфрақұрылымдық құрамдас бөліктері жүйеленді. Зерттеу тақырыбына сәйкес сандық көрсеткіштерді қарастыру туристік нысандардың кеңістіктік орналасуын сипаттауға және рекреациялық жүктеме мәселелерін бағалауға бағытталды. Қолданылған әдістер зерттеу аумағының туристік-рекреациялық ерекшеліктерін кешенді түрде сипаттауға негіз болды.

3. Алғашқы зерттеу нәтижелері

Зерттеу барысында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің негізгі туристік-рекреациялық нысандары анықталып, олардың географиялық орналасуы, туристік пайдаланылуы мен табиғи ерекшеліктері қарастырылды. Зерттеу нәтижелері 2-кестеде ұсынылған.

2-кесте. Туристік-рекреациялық нысандар

№Нысан атауыНысан түріКоординатасыТуристік пайдаланылуыЕрекшелігі
1Жасыбай көліКөл50°49′03″ с. е. 75°35′12″ ш. б.Жағажай рекреациясы, су туризмі, экотуризмСуы аса мөлдір, қалың қарағайлы орман мен таулармен қоршалған, Баянауылдың ең басты шомылу және демалыс орны.
2Сабындыкөл көліКөл50°46′31″ с. е. 75°42′05″ ш. бЖағажай рекреациясы, сауықтыру, танымдық туризмСуы жұмсақ, кірпік жуғандай әсер беретін, жағасында Баянауыл ауылы орналасқан әсем көл.
3Ақбет тауыТау50°50′36″ с. е. 75°39′46″ ш. б. Тау туризмі, жаяу туризм, фототуризмБаянауыл таулары мен бүкіл өңірдегі ең биік нүкте (1026 м), жаяу шығуға және панорамалық көріністер тамашалауға қолайлы.
4Кемпіртас жартасыЕрекше ландшафт (жартас)50.86065, 75.56423Танымдық туризм, фототуризмЖел мен су эрозиясының әсерінен кемпірдің басы бейнесін сомдаған табиғаттың бірегей тас мүсіні.
5Қоңыр-Әулие үңгіріҮңгір50°48′31″ с. ш. 75°30′35″ в. д.Танымдық туризм, экотуризмТау ішінде орналасқан, ішінде ерекше емдік суы бар және халық қасиетті санап зікір салатын көне үңгір.
6Торайғыр көліКөл50°51′59″ с. е. 75°39′18″ ш. б. Экотуризм, су туризмі (балық аулау)Атақты қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімімен байланысты, балыққа бай және әсем табиғатымен ерекшеленетін тұщы көл.
7Найзатас шыңыТау (жартас)50.848927, 75.559782.Тау туризмі, жаяу туризм, фототуризмТік найза тәрізді шыңдары мен басында шағын көлшіктері бар, альпинистер мен жаяу серуеншілер жиі баратын аумақ.

Бастапқы талдауда табиғи ресурстар басты рөлде. Баянауылдың тартымдылығы – оның ландшафттары мен көлдері. Бұл ресурстар жағажай демалысы, жаяу серуен, экологиялық және танымдық туризмге мүмкіндік береді. 

Бірақ табиғи әлеует пен қазірдің туризм қолдануында айырмашылық бар. Көпшілік туристер Жасыбай мен Сабындыкөлге ғана қызығады. Нәтижесінде жүктеме бір жерде шоғырланады, басқа аймақтар бос қалады. Сондықтан Баянауылдың туризм әлеуетін дұрыс пайдалану үшін туристерді әртүрлі маршруттарға жіберу керек. Сондай-ақ табиғи аумақтардың тұрақтылығын ескеру қажет [5].

4. Нәтижелер және талқылау

«Баянауыл» ұлттық саябағы табиғи туризмді дамытуға қолайлы аумақ болып саналады. Оның таулы ландшафттары, жартастары, қарағайлы ормандары мен көлдері туристердің демалуына, серуендеуіне және табиғатпен танысуына мүмкіндік береді. Осыған байланысты саябақта экологиялық, жаяу, жағажай және мәдени-танымдық туризм түрлерін дамытуға жағдай бар.

Алайда туристік ағынның Жасыбай мен Сабындыкөл сияқты танымал орындарға шоғырлануы табиғи ортаға түсетін жүктемені арттырады. Бұл экожүйелердің бұзылу қаупін күшейтеді. Сондықтан туристер ағынын басқа аумақтарға бағыттау, рекреациялық жүктемені реттеу және табиғи ресурстарды қорғау саябақтағы тұрақты туризмді дамытудың маңызды бағыттары болып табылады [3-кесте] [6].

3-кесте. Баянауыл паркінің туристік-рекреациялық әлеуеті

№Табиғи ресурс/нысанҚолайлы туризм түріҚандай әрекет ұйымдастыруға болады?Қолайлы маусым
1Жасыбай көліЖағажай, су, сауықтыру туризміШомылу, жағажайда демалу, қайықпен серуендеуЖаз
2Сабындыкөл көліЖағажай, су, фототуризмЖағалауда демалу, табиғатты тамашалау, фотосуретке түсіруЖаз
3Торайғыр көліЭкологиялық, табиғатты бақылау туризміТабиғатты бақылау, жаяу серуендеу, фототурларКөктем–жаз–күз
4Біржанкөл көліЭкологиялық, жаяу туризмЖаяу серуендеу, табиғатты бақылау, тыныш демалысКөктем–күз
5Ақбет тауыТау, жаяу, спорттық туризмТаулы жерлермен жаяу көтерілу, панорамалық көріністерді тамашалауКөктем–күз
6Найзатас тауы мен жартастарыТау, фототуризмЖаяу маршруттар, табиғи ландшафттарды суретке түсіруКөктем–күз
7Қарағайлы ормандарЭкологиялық, сауықтыру туризміСеруендеу, таза ауада демалу, табиғатты бақылауЖыл бойы
8Кемпіртас жартасыТанымдық табиғи, фототуризмТабиғи нысанды тамашалау, фотосуретке түсіруКөктем–күз
9Қоңырәулие үңгіріТанымдық табиғи, жаяу туризмҮңгірге экскурсия, жаяу маршрут, табиғи нысанды зерттеуКөктем–күз
10Баянауылдың таулы-ландшафттық кешендеріЭкологиялық, жаяу, тау туризміЭкосоқпақтармен жүру, ландшафттарды бақылау, фототурКөктем–күз

5. Қорытынды

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туристік-рекреациялық әлеуеті негізінен табиғи ресурстарға байланысты. Парк аумағындағы таулы ландшафттар, қарағайлы ормандар, көлдер, үңгірлер мен ерекше табиғи нысандар туризмнің әртүрлі түрлерін дамытуға мүмкіндік береді. Олардың ішінде экологиялық, жаяу-тау және жағажай-су туризмі негізгі бағыттар ретінде ерекшеленеді.

Зерттеу барысында табиғи мүмкіндіктер мен олардың қазіргі пайдаланылу деңгейі арасында айырмашылық бар екені анықталды. Туристердің басым бөлігі Жасыбай мен Сабындыкөл сияқты танымал орындарға шоғырланады, ал экологиялық туризм мен табиғатты бақылау мүмкіндіктері жеткілікті деңгейде пайдаланылмайды. Мұндай шоғырлану жекелеген аумақтарда рекреациялық жүктеменің артуына және экологиялық мәселелердің туындауына әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты балама туристік бағыттарды дамыту, экологиялық соқпақтарды жетілдіру және табиғатты қорғау талаптарын күшейту қажет. Туризмді табиғи ресурстардың ерекшеліктері мен экологиялық мүмкіндіктерін ескере отырып ұйымдастыру парк экожүйесінің тұрақтылығын сақтауға және оның туристік-рекреациялық әлеуетін ұзақ мерзімді пайдалануға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері туризмді дамыту мен табиғи ортаны қорғау шараларын қатар жүргізудің маңыздылығын көрсетеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Жақыпов А.А., Мұсабаева М.Н. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының биоалуантүрлілігінің ерекшеліктері және жергілікті этнотуризм мүмкіндіктері // ҚазҰУ Хабаршысы. География сериясы. – 2015. – № 1(40). – Б. 384–391. – [Электрондық ресурс]. – URL: https://bulletin-geography.kaznu.kz/index.php/1-geo/kk/article/view/207
  1. Сапаров Қ.Т., Ракишева А.К. Экологический туризм в Баянаульском государственном национальном природном парке: понятие, развитие, управление // Вестник КазНУ. Серия географическая. – 2016. – № 2(43). – [Электрондық ресурс]. – URL: https://elibrary.kaznu.kz/wp-content/uploads/2021/06/vestnik-kaznu.-seriya-geograficheskaya_2016-42-2-2.pdf
  2. Жақыпов А., Нахипбекова С., Курбаниязов А., Жильгельдинов С. Баянауыл ұлттық паркі аумағындағы Сабындыкөл көлінің рекреациялық сыйымдылығын бағалау // Bulletin of the International University of Tourism and Hospitality. – 2025. – № 4(10). – Б. 87–100. – [Электрондық ресурс]. – URL: https://journal.iuth.edu.kz/index.php/main/article/view/448
  3. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі  рельефі және табиғи ерекшеліктері // Биологиялық ғылымдар Қазақстанда. – 2023. – № 3. – [Электрондық ресурс]. – URL: https://biosience.ppu.edu.kz/storage/journals/73.pdf
  4. Баянауыл ұлттық паркі [Электрондық ресурс] // QazaqGeography. – URL: https://qazaqgeography.kz/kz/bayanauyl-ulttyk-parki-16102129
  5. Джонова З.З. Жорықтарды ұйымдастырудың маңыздылығы: оқу-әдістемелік құрал. – Ақтау: Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, 2012. – 90 б. – ISBN 978-601-7349-43-1. – [Электрондық ресурс]. – URL: https://library.yu.edu.kz/wp-content/uploads/2024/08/dzhonova-z.z.zhory%D2%9Btardy-%D2%B1jymdastyrudy%D2%A3-ma%D2%A3yzdyly%D2%93y.pdf?utm_source=chatgpt.com
  6. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі [Электрондық ресурс] // Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі. – URL: https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1251907
  7. Хамзина Ш.Ш., Тулеубекова В. Рекреационные нагрузки как фактор изменения природной среды Баянаульского государственного национального парка // Биологические науки Казахстана. – 2022. – № 2. – С. 38–52. – [Электрондық ресурс]. – URL: https://biosience.ppu.edu.kz/storage/journals/61.pdf
  8. Маслова Г.И. Определение рекреационной нагрузки на озера Баянаульского национального парка // Актуальные проблемы экологии и природопользования: сборник научных трудов XIX Международной научно-практической конференции. – Москва: РУДН, 2018. – С. 337–342. – [Электрондық ресурс]. – URL: https://repository.rudn.ru/ru/records/article/record/53354/