Бейнелеу өнері қызметінде балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытудың инновациялық тәсілдері

Артыкбаева Лаура Кадылбековна

Преподаватель изодеятельности высшей категории

КГКП “Детский сад-ясли №9 “Арман” отдела образования по городу Усть-Каменогорску УО ВКО

Мектепке дейінгі жаста бүкіл адамзаттың дамуының негізі қаланады. Бұл баланың қоршаған өмірмен жақын танысу кезеңі. Бізді  қоршаған ортада адам қолымен жасалғанның бәрі, бүкіл мәдениет әлемі – шығармашылық қиялдың нәтижесі. Бүгін қоғамға стандартты емес, әртараптандырылған тұлғалар, шығармашылық әрекетке қабілетті адамдар қажет болып тұр. Сол себептен, балабақша педагогының міндеттерінің бірі – шығармашыл, креативті, коммуникативті тұлға тәрбиелеу.

Бейнелеу өнері баланың  шығармашылық  және өз бетімен орындайтын әрекеті болғандықтан, әлемді танудың және эстетикалық қабылдаудың ең маңызды құралы болып табылады. Сурет салу арқылы балаларды адамгершілікке, әсемдікке, сұлулыққа, қиялдауға тәрбиелейміз. Балалар сурет салу ұйымдастырылған оқу іс – әрекетінде ақыл-ой операцияларының негізінде өз жұмысының нәтижесін ойша елестетіп алып, содан кейін әрекет ете бастайды.

Қазіргі кезде педагогикалық және психологиялық зерттеулерде мектепке дейінгі жастағы балалардың ақыл-ой, эстетикалық дамуы үшін бейнелеу шығармашылығымен айналысу қажеттілігі дәлелденіп келеді. Л.С. Выготский, О.М. Дьяченко мен  Н.Е. Вераксы, Е.В. Заиканың, Г.С. Альтшуллер сияқты белгілі педагогтар, ғалымдардың зерттеулері бойынша қиялды біртіндеп қалыптастырып, дамытуға  болатынын дәлелдеді. Шығармашылықты баланың интеллектісімен, логикасымен, есте сақтау қабілетімен бірге дамытса олар бірін бірі толықтырып, оқу үрдісі әлдеқайда тиімді болады.

Шығармашылықты дамыту үшін белгілі бір жағдайлар қажет:

  • қауіпсіздік пен сенім кеңістігін құру,
    • баланы ерте жастан бастап шығармашылық әрекетке қосу,
    • ұжымда эмоционалды жайлылық орнату,
    • ұйымдастырылған оқу қызметі жалықтырмауы керек,
    • нәтижеге жету үшін әртүрлі әрекеттер жасау – жаңа өнімге әкеледі,
    • балаға материалдарды (құралдарды) таңдауға еркіндік беру,
    • оқу қызметінің жүйелі болуы,
    • қиындықтар туындаған кезде ересектерден уақтылы, бірақ мөлшерленген көмек алу
    • баланың кез-келген әрекетін ынталандыру, қолдау, сәтсіздіктер болса жанашырлық пен шыдамдылық таныту.

Ұйымдастырылған  бейнелеу оқу қызметі барынша тиімді болуы үшін балалардың шығармашылығын ынталандырудың негізгі принциптері мен шарттарын сақтау қажет:

  • Тұтастық принципі. Бұл балаларға ғылым мен өнердің әртүрлі салаларын біріктіре алатын ҰОҚ тақырыптарын ұсынуында жатыр.
  • Шығармашылық үшін материалдардың (дәстүрлі және дәстүрден тыс) болуы және олармен кез келген уақытта әрекет ету мүмкіндігі.
  • Психологиялық жағдайлар. Баланың шығармашылық ізденістерін үлкендердің қолдауы арқылы қауіпсіздік, еркіндік сезімін қалыптастыру.
  • Шығармашылық тапсырмаларды құру арқылы интеллектуалдық жағдайлар жасалады.

Мұның бәрі баланы қызықтыруға, оны шығармашылыққа баулуға көмектеседі.

Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға оң әсерін тигізетін жұмыс түрлері мен әдістерін анықтайық.

Жұмыс түрлері.

Шығармашылық қабілеттерді дамыту өзіндік ерекшелігі, жасалған суреттердің өзгермелілігі құралдарды игеруге байланысты, сондықтан қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін жұмыстың түрлі формалары қолданылады:

• Жеке жұмыс түрі – баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, шығармашылық іс-әрекетке жүйелі түрде басшылық жасау, бейнені жеткізу үшін көркем мәнерлілік құралдарын өз бетінше табуға үйрету маңызды.

• Бейнелеу өнері ҰОҚ топтық және ұжымдық жұмыс түрлері – бұл балалардың шығармашылық бастамасы мен еркіндігін дамыту үшін ерекше алғышарттар жасайтын дидактикалық құрал. Жұмыстың бұл түрі сүйікті ертегілердің, жыл мезгілдерінің және т. б. тақырыптарын қамтиды .

• Байқауларға, көрмелерге қатысу. Баланың шығармашылық өнер процесінде өзін тануға және ашуға деген ұмтылысын ояту үшін жұмыстың ұйымдастырушылық түрлерін қолдану қажет: бұл суреттер көрмесін ұйымдастыру, сурет галереясын құру, балалардың әртүрлі шығармашылық конкурстарына қатысуы.

Жұмыс әдістері.

Дәстүрлі емес көркемдік әдістерді меңгеру мектеп жасына дейінгі балалардың суреттеріндегі көркем бейнелердің мәнерлілігін арттыруға, олардың бейнелеу әрекетіне эмоционалды оң көзқарасын сақтауға, балалардың көркемдік мәнерлеуге деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға, балалардың бейнелеу өнеріне қызығушылықтарын туғызуға, шығармашылықтарын дамытуға көмектеседі.

• Әртүрлі көркемдік мәнерліліктің құралдарын қолдану. Бұл балаларға әртүрлі көрнекі құралдармен тәжірибе жасауға мүмкіндік береді, көркем шығармашылықтың дамуына ықпал етеді.

• Әртүрлі бейнелеу әдістерімен таныстыру. Балалардың шығармашылық дамуы үрдісінде сурет салудың әртүрлі әдістері қолданылады, оның ішінде дәстүрлі емес әдістермен танысу: пуантилизм, сия тамшысын үрлеу, пластилинография, монотипия, т.б.

• Ойындар – ертегілер – бұл тәрбие мен оқытудың ойын әдісі және бала тұлғасын жан-жақты дамыту құралы.

• Бақылаулар. Маусымдық өзгерістерді бақылай отырып, бала кейін өзінің эмоционалдық күйін, табиғаттың бояуын көркем бейнелеу құралдарын пайдалана отырып жеткізеді, пейзажды салуға тырысады.

• Ауызша халық шығармашылығымен таныстыру. Әдебиетпен танысу эмоционалды сезімталдықты, суретте өз көзқарасын білдіру қажеттілігін дамытуға ықпал етеді.

• АКТ қолдану (интерактивті ойындар).

Мектепке дейінгі мекемеде тәрбие мен білім беру үрдісінде инновациялық тәсілі ретінде және балалардың таным белсендігін, шығармашылығын арттыру құралы ретінде дидактикалық ойындарды қолданамын. Ұйымдастырылған оқу қызметінде ойынды пайдалану үшін, педагог белгілі педагогикалық мақсатты көздеу арқылы дидактикалық  міндеттерді, оқыту сипатын анықтайды. Балаларға тапсырмалар ойын түрінде беріледі, бұл – дидактикалық ойындардың негізгі ерекшеліктері. Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Ұйымдастырылған оқу қызметінің әр кезеңінде дидактикалық ойын әрекеттері  тәрбиеленушінің психофизиологиялық ерекшеліктеріне сай жүзеге асырылуы керек.

Сонымен қатар, баланың шығармашылық қабілетінің дамуы бойынша арнайы ұйымдастырылған оқу қызметтерінде  ТРИЗ,  Г.С. Альтшуллердің техникалық жүйелерді дамыту теориясы технологияларының элементтерін енгізу, шығармашылық сипатта тапсырмалар беру өз тиімділігін көрсетеді.

Балалардың шығармашылық белсенділігінің дамуына аяқталмаған суреттер; белгісіз кескіндер мен дақтар; заттардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары, ерекше, жаңа қасиеттерін сипаттау; бейнені зерттеуге арналған тапсырмалар ықпал етеді.

Мектеп жасына дейінгі балаларды үйретудің дәстүрлі түрлерімен салыстырғанда ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың бірқатар артықшылықтары бар:

1. Бейнелі ақпарат мектеп жасына дейінгі балаларға түсінікті болады.

2. Жарқын сурет, қозғалыс, дыбыс балалардың назарын аударады.

3. Мотивация дамиды, оқу қызметі балалар үшін қызықты болады.

4. Компьютерде, интерактивті тақтаның жанында өз іс-әрекеті барысында бала өзіне деген сенімділікке ие болады, ол көп нәрсені жасай алады.

Интерактивті тақтамен жұмыс істеу кезінде шешілетін міндеттер:

1. Баланың танымдық және шығармашылық белсенділігін, қиялын, бейнелі ойлауын дамыту

2. Балаларды компьютерлік технологияның мүмкіндіктерімен таныстыру, интерактивті тақтамен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.

ҰОҚ балалар үлкен жарқын суреттерді қолданады, геометриялық пішіндерді жылжытады, олардан жаңа бейне құрайды, бейнелерді бояйды.

Интерактивті тақтамен жұмыс істеуге арналған материалды мұғалімдер балалардың жасына сәйкес мұқият таңдайды және перспективалық тақырыптық жоспарға сәйкес құрады. Интернетте еркін пайдалануға болатын дайын интерактивті ойындар мен жаттығулар бар, бірақ қажет болған жағдайда жеке өнімді жасау немесе бар материалды өңдеу қиын болмайды.

Интерактивті ойындарды құру алгоритмі:

  1. ҰОҚ тақырыбына, міндеттеріне сәйкес кезеңдерді белгілеңіз.
  2. Ойын сценарийін құрастырыңыз.
  3. Интерактивті ойынның иллюстрацияларын, суреттерін интернет желісінен іздеңіз.
  4. Таңдалған материалдарды  PowerPoint бағдарламасымен жасаңыз.
  5.  Ұзақтығын белгілеңіз.
  6.  Интерактивті сипатты ескере отырып, ойынды қайта қарап шығыңыз.

Жобалар әдісі мектеп жасына дейінгі – ересек  тобы  балаларының шығармашылық қабілеттерін дамытуда тиімді болып табылады. Танымдық ойын жобасы  «Қазақстан халықтарының салт дәстүрлері мен әдет – ғұрыптары, сәндік қолданбалы өнері» балалардың халық ауыз әдебиетіне деген, халық ойындарына деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі. Жобаға бірнеше танымдық бөлім кіреді: бейне-саяхат, дидактикалық ойындар, халық ойындары, балалардың нәтижелі шығармашылық іс – әрекеті. Мультимедиялық құрылғылардың көмегі арқылы балаларды Этноауыл мұражай – қорығына  бейнелі саяхатқа апарып, эмоциялық көңіл – күйді тәрбиелеу мақсатында заттарды көрсетіп, ұлттық әуенді тыңдатып, мақал-мәтелдер айтқызамын. Тәрбиеленушілер Қазақстан халқының  өмірімен, әдет – ғұрыптарымен, мәдениетімен, сәндік қолданбалы өнерімен танысады,  шығармашылықтарын дамыту мақсатында – сәндік  бұйымдарды, ұлттық киімдер силуэтін дәстүрлі ұлттық өрнектермен әшекейлеуге тапсырма беремін. Балалар жұмыстарынан көрме ұйымдастырып, өз жұмыстарын қызықтауға,  бағалауға үйретемін.

Үстіміздегі жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жоба форматына көшу жүзеге асырылды. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Білімді ұлт» сапалы білім беру»  ұлттық жобасын ұсынды. Ұлттық жоба бес міндеттен тұрады. Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымда бала дамуының жаңа моделі енгізілді. Өз сөзінде Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетов «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандарты «Ойын технологиясы арқылы оқыту» қағидаты негізінде өзгертіледі» –  деп атап көрсеткен.(«Егемендік  Қазақстан» 22 қазан 2021 жыл)

Осыған орай,  білім беру мекемелерінің тәжірибесіне тәрбиелеу мен оқытудың әр түрлі технологиялары енгізілуде, олардың көпшілігін педагогтар жұмысында қолданылып жүр. Инновациялық педагогикалық технологиялардың ішінде балалардың коммуникативті қабілеттерін арттыруға, шығармашылықтарын дамытуға өз үлесін қосатын технологиялардың бірі – ол жаңашыл ойын технологиялары. «Қазіргі заманғы ойын технологиялары» түсінігі педагогикалық үрдісті әртүрлі педагогикалық ойындар түрінде ұйымдастырудың әдістері мен тәсілдерінің жеткілікті үлкен тобын қамтиды.

 «Ойын арқылы оқыту» қағидатына сәйкес мектеп жасына дейінгі баланың танымы мен шығармашылық қабілетін дамытуда «Квест» жаңашыл ойындарыңың элементтерін оқу үрдісінде қолданып жүрмін.
Бұл ойын балалармен күннің екінші жартысында да ұйымдастыра
беруге болады.

Қазіргі уақытта квест ойындары өте танымал. Ол қандай ойын?

«Квест» сөзі ағылшын тілінен «іздеу» деп аударылған. Жалпы мағынада бұл ұғым кез келген кедергілерді жеңу арқылы мақсатқа жетуді көздейтін сюжетті білдіреді. Квест – бұл оқиғаны ілгерілету үшін мәселелерді шешу керек болатын шытырман оқиғалы ойын. Бұдан шығатын қорытынды, әдетте, жұмбақтарды ретімен шешу арқылы жетуге болатын белгілі бір мақсат бар. Әрбір жұмбақ келесі тапсырманың кілті болып табылады. Ал тапсырмалар өте әртүрлі болуы мүмкін: белсенді, шығармашылық, интеллектуалды Ойыншының міндеті – ұсынылған басқатырғышты шешу үшін дұрыс ойлау, сонымен қатар тапсырманы орындау үшін тапқырлық пен топта қарым-қатынас жасай алуы керек.

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде квест ойынының мақсаты:

– балаларды жаңа ақпаратпен таныстыру, бар білімдерін бекіту,  біліктіліктерін  іс жүзінде дамыту, ойын түрінде қатысушылардың танымдық және ойлау үрдістерін белсендіру арқылы шығармашылық, әлеуметтік-коммуникативтік сапаларын дамыту, жобалық және ойын әрекеттерін жүзеге асыру.

Квест – ойыны келесі міндеттерді жүзеге асыруға көмектеседі:

  • білім беру (қатысушылар жаңа білімді меңгереді және барын бекітеді);
  • дамытушы (ойын барысында қызығушылықтары артады, шығармашылық қабілеттері мен белсенділіктері дамиды, зерттеушілік дағдылары қалыптасады, балалардың өзін-өзі жүзеге асыруы байқалады);
  • тәрбиелік (құрдастарымен өзара әрекеттесу дағдылары, ізгілік, өзара көмек және коммуникативтік қабілеттері қалыптасады).

Балаларға арналған квестті тиімді ұйымдастыру үшін белгілі бір қағидаттар мен шарттар сақталуы керек:

  • барлық ойындар мен тапсырмалар қауіпсіз, қызығушылықты жоғалтпайтын болуы керек;
  • балаларға берілген тапсырмалар қатысушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы керек;
  • сценарий мазмұнына әр түрлі әрекет түрлерін енгізу талап етіледі, тапсырмалар жүйелі өзара байланысты болатындай етіп ойластырылуы керек;
  • қажет болған жағдайда ойында декорация (интерактивті тақтаны), музыкалық сүйемелдеу, костюмдер, атрибут қолдануға болады;
  • мектеп жасына дейінгі балалар ойынның мақсатын анық түсінуі керек (мысалы, қазынаны табу немесе жақсы кейіпкерді жамандықтан құтқару), кері байланыс болу керек;
  • ойындағы педагогтың рөлі – балаларға бағыт-бағдар беру, дұрыс шешім қабылдауға «итермелеу», бірақ қорытындыны балалар өз бетімен шығаруы керек.
  • атрибуттар эстетикалық талапқа, ойынның міндеттері мен тақырыбына сәйкес болуы керек.

Квест ойынына дайындық жоспары

  1. Педагог ойын өткізілетін орынды алдын-ала дайындайды.
  2. Мақсаттар мен міндеттерді айқындайды;
  3. Ойынның бағыт картасын жасау;
  4. Қатысушылар құрамын анықтау;
  5. Ойын сценариін, оның форматы мен ережелерін әзірлеу;
  6. Ойынға арналған мәліметтерді, тапсырмаларды, атрибуттарды дайындау;
  7. Қозғалыс маршрутын әзірлеу.

Қорыта келе, мен өзімнің іс-тәжірибемде бейнелеу өнері пәнінде инновациялық тәсілдер арқылы балалардың жеке тұлғасын қалыптастыру және шығармашылық қабілеттерін дамытуға осылайша көңіл бөлемін.