Қазақ тілі мен әдебиеті және өнер пәндерінің ұштасуы шығармашылық ойлау дағдысын дамытады

Батырханова Айгуль Габитовна

Мұғалім, мұғалім-модератор

Назарбаев Зияткерлік мектебі

Шығармашылық ойлау – жаңа  идеялар мен жаңалықтарды туындататын, мәселелердің  түбегейлі жаңа шешімін табатын ойлау. Шығармашылық ойлау қабілеті кез келген адамның бойынан табылуы мүмкін, ал шығармашылық ойлау әлеуетін дамытпаған адамның жаңа өнімді туындатуы екіталай. 

Халықаралық Бакалавриат мәртебесіне ие болған Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің MYP (негізгі мектеп) бағдарламасында шығармашылық ойлау оқыту тәсілдерінің дағдылары ретінде білім беру континиумының 5 категориясының бірін құрайды. MYP бағдарламасының ерекшелігі сол, білім берумен қоса күнделікті өмірде қажетті дағдыларды қалыптастырып, дамытып оқытуға зор мүмкіндік береді. Бұның дәлелі ретінде екі пән (қазақ тілі мен әдебиеті және өнер) мұғалімдерінің пәндік білімдерді тасымалдай оқыту арқылы шығармашылық  ойлау дағдысын қалыптастыруға бағытталып жүргізілген  зерттеуімізбен бөлісуді жөн көріп отырмыз. 

Өнер және қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінде оқушылардың орындаған  жұмыстарының сапасын саралай келе, екі пәнде де оқушылардың қиналатын ортақ мәселелері анықталды.

Оқушылар қазақ тілі мен әдебиеті пәні сабағында С критерийі бойынша (мәтін құрастыру) автордың көркем суреттеуін терең түсініп, өз ойын сезімталдықпен, елестетумен,  қызығушылықпен жеткізуде  қиналса, ал өнер пәні сабағында С критерийі (шығармашылық ойлау) бойынша оқушылар автордың бейнелеу, кескін  өнері арқылы аудиторияға ықпал етуінің мақсатын түсінуде шығармашылық ойлау дағдыларының жеткіліксіздігін байқатты. Сондықтан сабақ үдерісіндегі оқушылардың шығармашылық ойлау дағдыларын бақылау әрекеттегі зерттеу нысанына алынды.

Бұл анықталған мәселе бойынша үш кезеңнен тұратын  қысқа мерзімді  зерттеу жұмысы жүргізілді: диагностикалық, тәжірибелік және рефлексиялық.

Диагностикалық кезең.

Зерттеудің алғашқы қадамы мәселенің туындауын анықтауға бағытталған сауалнама алудан және оны сараптаудан басталды. Сауалнамаға қазақ сыныбының 7-сынып оқушылары, 24 оқушы қатысты. Оқушылар өздеріне ұсынылған сауалнамада төмендегідей жауаптардың бірін таңдады:

·        пәндік терминологияны, нұсқаулықты түсінбеу;

·        жаңа идеяларды туындатуда қиналу;

·        өз-өзіне деген сенімсіздік;

·        мәтінді оқу кезіндегі зейінсіздік;

·        сөздік қордың аздығы.

Сауалнама нәтижесі бойынша 12 оқушының жаңа идеяларды туындатуда қиналатыны анықталды. 2 оқушы өз ойларының дұрыстығына үнемі күдіктенетіндіктерін білдірді. 4 оқушы зейінсіздіктің салдарынан мәтінді түсініп оқуда қиналатындарын жеткізді. 3 оқушыға сөздік қордың аздығы кедергі келтірген. Ал пәндік терминологияны, нұсқаулықты түсінбеуде 3 оқушының қиналатыны анықталды.  

Жоғарыда берілген сауалнама  қорытындысы  қазақ тілі мен әдебиеті және өнер пәндерінде оқушылардың шығармашылық ойлау дағдыларының қалыптасуына кедергі келтіретін факторларды анықтап берді. Анықталған мәселелер бойынша қазақ тілі мен әдебиетінен кедергілердің алдын алу үшін, көркем шығарманы талдаудың ғылыми жүйесін жасаған ғалымдардың: Ә.Қоңыратбаев, Ә.Көшімбаев, Ә. Дайырова, Т.Ақшолақов, Р.Сыздықова және А.Әлімов, Б.Аубекерова, К.Құрманбай, т.б. сынды зеттеушілердің оқу құралдары мен әдістемелік еңбектері басшылыққа алынды.

Тәжірибелік кезең.

Зерттеудің келесі кезеңінде сауалнама нәтижесі бойынша анықталған шығармашылық ойлау дағдысын қалыптастырудағы басты кедергі – жаңа

идеялары туындатудың тиімді әдіс-тәсілдерін таңдадық. Зерттеу барысында күтілетін нәтижеге, көзделген мақсатқа жетудің тиімді тәсілдері ретінде түстер гаммасын қолдану-  “каллиграмма”, сызықтар ассоциациясы –  “эйдос-конспект”, символдар ассоциациясы – “символдарды қолдану”, “ұқсастық пен айырмашылық кестесі”, “кейіпкерді мінездеу тәсілдері” «ПОПС» стратегиясы, «фантастикалық кейіпкерлер галериясы» таңдалып алынды. 

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні және өнер сабақтарында  “эйдос-конспект” пен “каллиграмма” әдістері пәндік ерекшеліктерге байланысты сабақтастықта қолданылды.     Эйдос-конспект әдісі бойынша оқушылар  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесіне талдау жасады. Ең алдымен, оқушылар өздерін толғандырған  зерттеу сұрағын құрастырды. Содан кейін зерттеу сұрақтарына жауап беруге негіз болатын шығармадан төрт үзінді таңдады.  Әр үзіндінің тұсына туындаған сезімдері мен елестетулері бойынша  сурет салды немесе өз ойларымен үндесетін дайын картина қиындыларын жапсырды. Содан соң бейнелеу өнері арқылы жеткізгісі келген сезімдеріне, қиялдарына қысқаша түсіндірме берді. Жұмыс соңында оқушылар түсіндірмелердегі қысқаша ойларды қорытып, бастапқы зерттеу сұрағына  бес сөйлемнен тұратын жауап жазды.

Ал өнер сабағында оқушылар эйдос-конспект әдісін пәндік ерекшелікке байланысты сәл өзгертілген форматта қолданды. Оқыған аңыз, фантастикалық шығармаларындағы қалаған кейіпкерлерінің бейнесін оқырман ретінде қалай сезініп, елестететіндерін жасаған мүсіндерімен дәлелдеді және мүсіннің мінез, сезімін детальдер арқылы жеткізуде қандай мақсатты көздегендеріне ауызша түсіндірме берді.

Зерттеуде қолданылған келесі әдістің бірі – каллиграмма  әдісі.  Оқушылар жұмысқа кіріспес бұрын өз каллиграммаларының  тақырып, идеясын анықтады. Одан соң юнит контентінде қарастырылған шығарманың әсерлі болған эпизодтарынан немесе юнит концепцияларымен тығыз байланысты үзінділерінен маңызды сөздерді, сөз тіркестерін таңдады.  Таңдаған сөз, сөз тіркестерінің  оқиғадағы орны, юнит концепцияларымен байланысы туралы өз ой-пікірлерін қысқаша жазды. Келесі кезекте  сөздерді\ сөз тіркестерін қолданып, бір форманы\ суретті\ бейнені ойластырып құрастырды. Формаға сөздерді орналастыруда бірнеше түс, бірнеше қаріпті таңдап қолданды. Түс пен қаріпті өз ойларын\позицияларын білдіретін құрал ретінде пайдаланды. Жұмыстың аталған соңғы кезеңінде оқушылар өнер пәнінен алған пәндік білімдерін тиімді тасымалдауға тырысты.

Өнер пәнінде бұл жұмыс пәнаралық сабақтастықпен жалғасын тапты, яғни, оқушылар бұл ретте   қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің пәндік білімін тасымалдауды ескерді, яғни, мінездеу тәсілдеріне қарай кейіпкерлерге мінездеме беру  дағдыларына сүйенді.  Оқушылар өнер пәні сабағында  мүсін, бейнелеу өнері туындыларына қарап және сол туындылар туралы жазылған ақпараттарды зерттеп оқып, автордың кейіпкердің образын жасаудағы детальдеріне немесе идеясын  білдіруде  қолданған символдарына сүйеніп, авторлық көзқарасқа өзіндік пайымдауларын жазбаша жеткізді.  

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушылар  “ұқсастық мен айырмашылық кестесін” жүргізді. Ол үшін оқушылар сабақта қарастырлған шығармалардың ішінен өздері қалаған басты екі кейіпкердің бейнесін салып, сомдалған образдардың  ұқсастықтары мен айырмашылықтарын шығармадағы диалог, іс-әрекеттеріне зерттеу жасау арқылы жазды.

Ал өнер сабағында оқушылар бір кейіпкердің әртүрлі уақыт пен орында салынған портретін салыстыра отырып, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарына түрлі дереккөздерді қолданып зерттеу жүргізіп жазды.   

Рефлексия

Зерттеудің тәжірибе кезеңінде өнер және қазақ тілі мен әдебиеті пәндері сабақтарында қолданылған каллиграмма, эйдос-конспект әдістері бойынша орындаған оқушылардың жұмыстарынан олардың шығармашылық ойлау дағдыларының едәуір қалыптаса бастағанын байқадық. Зерттеуге дейін оқушылар шығарма кейіпкерінің іс-әрекетіне, портретіне үстірт, қысқаша, жалаң сын есімдермен  мінездеме берумен шектелсе, оқушылар зерттеу кезінде маңызды сөздер мен сөз тіркестерін табу, мінездеудің тәсілдерін меңгеру, символдардың мәнін ұғыну және өз символдарын ұсыну, түстерді сезіну, іс-қимылдар мен мимиканың, сызықтардың мағынасын түсініп оқу арқылы мәтінді өздіктерінен зерттеп оқып, мәтінге жақын тілмен сезімдерін, қиялдарын, елестетулерін жеткізіп, жаңа идеяларды қызығушылықпен  туындата бастады. Таңдалған әдіс-тәсілдер оқушылардың шығармашылық ойлау дағдысын қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен қатар, коммуникация, зерттеу, өзін-өзі басқару, әлеуметтену дағдыларын да қалыптастыруға зор ықпал етті.

 Екі пәнде де автордың қиял, сезімдерінің белгілі бір символдармен, түстермен, мінездеу тәсілдерімен  берілуінің қыр-сырларын параллель меңгертіп, сабақтастырып ұйымдастыру туралы жоспарымыз да ұтымды болды.

Дегенмен зерттеу кезінде кейбір оқушылардың тапсырма нұсқаулығындағы пікіріңді, сыни ойыңды білдір деген командалық терминді түсінбей, тапсырманы  шығарма мазмұнын баяндау немесе түсіндірумен орындағандары да кездесті. Сонымен қатар, идеяларын білдіретін символдарды табуда да оқушылардың кейбіреуі ұзақ ойланса, ал кейбіреулері идеясына сәйкес символдар мен түсті тез ойластырып, оған сәйкес ойын ауызша, жазбаша жеткізуде қиындықтарға кездесті. Зерттеу барысында анықталған оқушылардың қиындықтары дер кезінде кері байланыс беру арқылы  реттеліп отырды. Бұл кедергілер біздің келесі зерттеуімізді жоспарлауымызға,  қиындықтан шығудың тиімді әдіс-тәсілдерін таңдаумызға  негіз болды. 

Қорытындылай келе, қазақ тілі мен әдебиеті және өнер пәндерінің пәндік білімдерін екі пәнде тасымалдай отырып оқыту, екі пәннің пәндік білімдерін оқушылардың қолдануына мүмкіндік туғызатын, ұтымды және олардың жас ерекшеліктеріне сай тәсілдерді сабақтарда үнемі пайдалану шығармашылық ойлау дағдысын қалыптастырудағы тиімді тәсіл екеніне көзіміз жетті.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.       «Как проводить исследование в действий», Элейн Уилсон

2.       Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. Алматы. 2009.

3.  «Мектептегі мұғалім көшбасшылығы» Қазақсттан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы. Астана. 2017 ж.

4.       http://subscribe.ru/archive/job.education.trizvshkole

5.      «Орта мектеп бағдарламасы», Халықаралық Бакалавриат ұйымы, 2014 жыл

6.      «Принциптерден тәжірибеге дейін» «MYP: From principles into practice» (2014 жыл)

7.      «Негізгі мектеп бағдарламасындағы пәнаралық оқыту», («Middle Years Programme Fostering interdisciplinary teaching and Learning in the MYP» (2014 жыл)