Бір сағатқа ғана кірген едім… Әлеуметтік желі жастарға мүмкіндік беріп жатыр ма, әлде уақытын ұрлап жатыр ма?

Бихиянова Дина

«Тұран» университетінің студенті

«Телефонды бір минутқа ғана қараймын». Бәлкім, бұл сөзді әрқайсымыз кем дегенде бір рет айтқан шығармыз. Бірақ сол бір минуттың жарты сағатқа, кейде бірнеше сағатқа созылып кеткенін байқамай қаламыз. Бүгінде әлеуметтік желі біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Instagram, TikTok, YouTube сияқты платформаларда жастар жаңалық оқиды, достарымен сөйлеседі, білім алады, өз шығармашылығын көрсетеді. Бірақ осының бәрі бізге пайда әкеліп жатыр ма?

Менің әлеуметтік желімен қарым-қатынасым да қарапайым қолданушы ретінде басталды. Кейін өзім блог жүргізіп көре бастадым. Басында камераға қарап сөйлеу, видео түсіру немесе өз ойыңды көпшілікке көрсету ыңғайсыздау көрінуі мүмкін. Ал қазір әлеуметтік желі менің қызығушылықтарымның біріне айналды.

Блог жүргізу сырт көзге оңай көрінеді: телефонды алып, видео түсіріп, жариялай саласың. Шын мәнінде, бір минуттық видеоның артында әлдеқайда көп жұмыс бар. Тақырып ойлау, мәтін дайындау, түсіру, монтаждау, жариялау, адамдардың пікірін оқу – мұның бәріне уақыт кетеді. Бірақ оның қызықты жағы да бар. Бірте-бірте өзіңді камера алдында еркін ұстауды, аудиториямен сөйлесуді, жаңа идея ойлап табуды үйренесің.

Бүгінде блог тек хобби болып қалмауы мүмкін. Танымал блогерлер жарнама, серіктестік жобалар арқылы ақша табады. Кейбіреулер үшін бұл тіпті негізгі жұмысқа айналған. Сондықтан әлеуметтік желіні дұрыс пайдаланған жас өз қызығушылығын болашақ мамандығына немесе табыс көзіне айналдыра алады.

Әлеуметтік желінің тағы бір үлкен артықшылығы – ақпараттың қолжетімділігі. Қазір ағылшын тілін үйрену, жаңалық оқу, белгілі бір мамандық туралы ақпарат табу немесе жаңа дағды меңгеру үшін міндетті түрде арнайы курсқа барудың қажеті жоқ. Телефонның ішінде пайдалы контент өте көп. Ең бастысы – оны іздей білу.

Алайда әлеуметтік желінің екінші жағын да ұмытпауымыз керек. Кейде біз телефонды қолымызға нақты мақсатпен аламыз да, бірнеше минуттан кейін не үшін ашқанымызды ұмытып кетеміз. Бір видеодан кейін екіншісі, одан кейін үшіншісі… Уақыттың қалай өткенін байқамай қаламыз.

Тағы бір мәселе – өзімізді басқа адамдармен салыстыру. Әлеуметтік желіде адамдар көбіне өмірінің ең әдемі сәттерін көрсетеді. Саяхат, жаңа киім, жетістік, әдемі суреттер – бәрі мінсіз көрінеді. Ал өз өміріміздегі қарапайым күндермен оны салыстыру оңай. Бірақ экраннан көрінген бірнеше секунд адамның бүкіл өмірін көрсете алмайды.

Меніңше, әлеуметтік желіні толығымен жаман немесе жақсы деп бағалау дұрыс емес. Ол – құрал. Оны қалай пайдаланатынымыз өзімізге байланысты. Бір адам әлеуметтік желіде бірнеше сағатын бос өткізуі мүмкін, ал екінші адам сол уақытта жаңа нәрсе үйреніп, өз жобасын дамытып немесе алғашқы табысын табуы мүмкін.

Сондықтан жастарға әлеуметтік желіден бас тарту емес, оны дұрыс пайдалануды үйрену маңызды. Телефон біздің уақытымызды басқармауы керек. Керісінше, біз телефонды өз мақсатымызға пайдалана білуіміз керек.

Өйткені кейде әлеуметтік желіге «бір минутқа ғана» кіріп, бірнеше сағатымызды жоғалтамыз. Ал кейде сол бір минут жаңа мүмкіндікке бастайтын алғашқы қадам болуы мүмкін.