Қоғамдық ғылымдар ғылымдар негіздері мен тілдер пәндерінде эссе жазудың ортақ моделін қалыптастыру

Батырханова Айгуль Габитовна

Мұғалім

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі

Абстракт.  Іс-әрекеттегі зерттеуіміздің мақсаты: әртүрлі пәндерде эссе жазудың ерекшелігін ескеріп,  әдіс-тәсілдерді саралау негізінде  оқушылардың барлық пәндер бойынша эссе жазудың  ортақ талаптарын  құрылымдап, бірізді эссе құрылымын  қолдануына қол жеткізу.

Зерттеудің  маңыздылығы: қоғамдық ғылымдар негіздері  пәнінде аргументтік және салыстырмалы,  дискуссивті эссе түрлерін, ал қазақ тілі, ағылшын, орыс тілі  пәндерінде  әдеби-талдау және әдеби-дәлелдеме түрлерін жиі қолданудың салдарынан пәндік ерекшеліктерге байланысты  эссе түрлерін жазу және олардың құрылымы мен түрлеріне қойылатын талаптарының  әртүрлілігі оқушылардың эссе жазудағы қиындықтарын  туындатты. Сондықтан зерттеу нәтижесінде  барлық пәндерден бірыңғай талаптар қою арқылы оқушыларбір пәнде қалыптасқан эссе жазу дағдыларын екінші пәнде қолдануға   қол жеткізеді.

Әдіснама. Бұл жұмыста аралас (mixed method) зерттеу әдістері қолданылды. Қоғамдық ғылымдар негіздері және тілдік пәндерде жазылған эсселердің үлгілері, оқушы сауалнамаларының, мұғалімдермен сұхбаттың талдамасы, үлгерім мониторингі, эссе жазу дағдысын қалыптастырудың оңтайлы стратегияларын тәжірибеде қолдану және т.б.

Қорытынды. Зерттеу нәтижесінде қоғамдық ғылымдар негіздері және қазақ  тілі пәндерінде эссе жазудың талаптары мен құрылым ерешелігі анықталды. Аталған пәндердің эссе жұмысын бағалау критерийлерінің ерекшеліктері өзара салыстырылды. Ортақ талаптар мен құрылымға қол жеткізудің жолдары талқыланды. Оқушылардың бір пәнде қалыптастырған эссе жазу дағдыларын екінші пәнде қолдана  алуына мүмкіндік туғызатын стратегиялар сараланып, эссе жазудың ортақ моделі құрылымдалды.

Қолданылуы. Іс-әрекеттегі зерттеудің нәтижесін қоғамдық ғылымдар негіздері, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі, ағылшын тілі пән мұғалімдері өз іс-тәжірибелерінде қолданса,  оқушылар үшін  MYP бағдарламасында қалыптастырған  эссе жазу дағдылары халықаралық   дипломдық бағдарлама курсында  сабақтаса жалғасады.

Кілт сөздер: эссе жазу дағдысы, түрлі әдіс-тәсілдер, әртүрлі пәндер, эссе моделі, эссе түрлері

Кіріспе. Зерттеу тақырыбына сәйкес «Барлық пәндерде эссе жазуға бірыңғай талап қою, әртүрлі пәнде дағдыларды ұштастырып үйретуге сәйкес, 8-сынып оқушыларының эссе жазу дағдысын қалайша жақсартады?» және «Әртүрлі пәндерде дәлелдеу мен аргументтеу дағдылары қалай үйретіледі?» деген зерттеу сұрақтары туындады. Оқушылардың көпшілігі қазақ тілі сабағында әдеби-талдау, сонымен қатар, әдеби-дәлелдеме эсселерінен гөрі тарихи эссе жазу құрылымын қолдануға бейім деген наразылықтарын қазақ тілі пәні мұғалімдерінен жиі  естиміз. Сол себепті  эссе жазуға әртүрлі пәндерде  түрлі талаптар қойылып, оқушылар мен мұғалімдер жұмыстарын қиындатпай, керісінше, өзара бірлесе жұмыс жасап, ортақ талаптар қою арқылы эссе жазуды  жақсарту  қажет деген мәселені қозғадық.

Әдебиеттерге шолу. Зерттеу тақырыбына сәйкес теориялық әдебиеттерге талдау жүргізуде UNESDOC Цифрлық кітапханасының материалдарының негізінде құрылымдап оқытудың әдіс-тәсілдері туралы «Медиа және ақпараттық сауаттылық» көмекші құралынан ақпараттар [Wilson et al.  2018] мен “НЗМ” ДББҰ “Педагогикалық шеберлік орталығының” әдістемелік құралдары қолданылды. Аталған әдебиеттерге шолу жасағаннан кейін ақпараттарды визуалды модельдеп, құрылымдап оқыту арқылы оқушылардың эссе жазу дағдыларын қалыптастыруда бірыңғай талап қоюды шешуге болатынын түсіндік. Модельдеп оқытудың әдістемелік құралдарын ұсынған Д.Қ. Советқанқызының «Эссе жазуға арналған 10 сабақ» әдістемелік құралындағы сараланған техникалары жазба жұмыстарын күрделі құрылымға сәйкес ұйымдастыруда тиімді болды [Советханқызы, 2017]. Сонымен қатар, «Дәйексөз және оның танымдық қызметі»,- деп аталатын  ф.ғ.д. Сарқыт Әлісжанның зерттеу еңбегі дәйектерді дұрыс құрылымдаудың жолдарын ұсынады [Әлісжан, 2016]. Мәселеге байланысты қарастырылған әдебиеттердің ішінен өз зерттеуімізде  Р.П. Мильруд ұсынған анықтамаға негізделіп, оқушыларды эссе жазуға қалыптастыруда «Графикалық органайзер» [Роуди, 2014] құралы эссе жазу дағдысын қалыптастыруға  тиімді болды.

Жазба жұмыстары қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушылардың ойын еркін, терең, детальді жеткізу және шығармашылық ойлау дағдыларын қалыптастырады. Эссе өзіндік ойлап-сезіну қажеттілігін туғызатын, идеяны дәлелдеу, аргументтеуге негізделген күрделі композицияға құрылады.  Өйткені пікірлер мен идеяларды ұйымдастыруда сәйкес композициялық құрылымды тиімді қолдану дағдысын жетілдіру жазба жұмыстарында оқушылардан талап етілетін ең маңызды дағды болып есептеледі [Әдістемелік құрал, 2003]. Жоғарыда аталған әдіс-тәсілдерді  оқу сауаттылығының 3 оқырмандық біліктілігін (табу және алу, біріктіру және түсіндіру, түсіну және бағалау) қалыптастыру арқылы жүзеге асыруды жоспарладық. Оның тиімді әдіс-тәсілдері пән мұғалімдерінің тәжірибесімен түсіндіріледі. Оқу сауаттылығы дағдысы жазба мәтіндерді түсіну, академиялық жазылым тілін дамытуға көмектеседі [Даулетова, 2019].

Зерттеу гипотезасы. Зерттеу нысанына алынған 8-сыныпта оқытылатын барлық пәндерде эссе жазуға бірыңғай талаптар қойылып, мұғалімдерде эссе жазуға үйретудің ортақ әдістемесі қалыптасып, эссе жазуды  үйрету стратегияларының  базасы құрылады. Оқушылар түрлі көзқарастар тұрғысынан, пәндер топтамасы аясындағы бірнеше пәндерден туындаған дағдыларды біріктіре отырып, эссе жазу дағдысын жеңіл меңгереді.

 Күтілетін нәтиже:

  • әртүрлі пәндерде эссе жазуға қойылатын талаптар мен түрлерінің  ұқсастықтары мен ерекшеліктерін анықталады;
  • пән мұғалімдері эссе жазу дағдысын қалыптастырудың тиімді стратегияларын саралап ұсынады;
  • визуалды құрылымдау дағдыларын қалыптастыру арқылы эссе жазуда (жазба жұмыстарында) ойша құрылымдау дағдыларын қолдануға үйренеді
  • оқушылардың бір пәннен  үйренген дағдыларын әртүрлі пәндерде қолдана алуға қол жеткізеді;

Әдіснама. Бұл жұмыста аралас (mixed method) зерттеу әдістері қолданылды. Қоғамдық ғылымдар негіздері және тілдік пәндерде жазылған эсселердің үлгілері, оқушы сауалнамаларының, мұғалімдермен сұхбаттың талдамасы, үлгерім мониторингі, эссе жазу дағдысын қалыптастырудың оңтайлы стратегияларын саралап, іс- тәжірибеде қолдану және т.б.

Сауалнама. Зерттеу нысанына алынған 8-сынып оқушыларының академиялық жазылым бойынша түсінік деңгейлері мен кездесетін кедергілерін анықтау мақсатында алынған бастапқы сауалнамада оқушылар орыс тілі, қазақ тілі, ағылшын тілі, қоғамдық ғылымдар негіздері, әлеуметтік ғылымдар пәндері арасындағы эссе жазудың құрылым, талаптарындағы ұқсастықтар мен  айырмашылықтар туралы сұрақтарға төмендегі салыстыру критерийлеріне сүйеніп жауап берді:

  • эссенің түрлері;
  • эссенің толық құрылымы;
  • абзац  құрылымы;
  • сөз саны;
  • аргументтер саны;
  • көзқарастар позициясы;

Сауалнама нәтижесінде қоғамдық ғылымдар негіздері пәні мен қазақ тілі мен әдебиеті  пәндерінде және әлеуметтік ғылымдар пәнінде оқушыларға эссеге қойылатын талаптардың ұқсастығын эссе құрылымына, аргументтер санына байланысты түсіндірген. Ал қоғамдық ғылымдар негіздері пәнінде эссенің сөз санының шектелмейтінін және әлеуметтік ғылымдар пәнінде эссе жазуға керекті алдын ала берілетін он шақты тірек сөздің берілетіндігін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде эссе жазуға қойылатын талаптарға қарағанда айырмашылық деп анықталды. Жалпы тілдер пәндерінде 7-8-сыныптарда эссе жазуға қажетті дағдыларды қалыптастыратын жазба жұмыс түрлерін ұйымдастыруға көп көңіл бөлінетінін оқушылар  жауаптарынан  байқадық. Бұл сұрақ негізінде, оқушылар тарих, әлеуметтік ғылымдар  пәндерінде  эссе түрлерін жиі жазатындықтан  тарихи эссе жазу құрылымын қолдануға  бейім болатын себебі  айқындалды.

Мұғалімдермен сұхбат. Зерттеу барысында пән мұғалімдерінен эссе жазуға қатысты келесі сұрақтарға жауап алдық:

  • пәнде эссенің қандай түрлерін жиі жазғызасыз?
  • эссе жазғызуда қандай әдебиеттерге сүйенесіз?
  • эссе жазуда оқушыларда үнемі қайталайтын қандай қателер болады?
  • эссе жазуда оқушылардың үнемі қайталайтын қателіктері немен байланысты?

Мұғалімдердің сұхбатта берген жауаптары оқушылардың жауабымен сәйкес келді. 8-сынып оқушылары қоғамдық ғылымдар негіздері және әлеуметтік ғылымдар пәнінен аргументтік эссе жазу дағдыларын қалыптастыра бастаған (1-сурет).  Ал эссе жазуда туындайтын қиындықтар ол: эссе түрлерін ажырату, әрбір эссенің түрлеріне байланысты  қойылатын талаптар, тезисті құрылымдау, аргументтерді дәлелдеу, пайымдау мен қорытындылау екендігі анықталды (2-сурет).

Оқушылардан алынған сауалнама.

1-сурет.

111

2-сурет

222

Зерттеу нәтижесі.

Қоғамдық ғылымдар негіздері пәнінен  І жартыжылдықта 8-сынып оқушылары “Қазақ хандығы мүмкіндіктер мен шектеуліктер негізінде ұлттық бірегейлік пен қауіпсіздікті қаншалықты сақтай алды?” тақырыбы бойынша эссені  жазудың құрылымы бірнеше сабақтарда  түрлі стратегиялар («FILA  кестесі»,“Өз ұстанымыңды айқында”т.б) арқылы үйретілсе де, кейбір оқушылар оң нәтиже көрсетпеді. Эссе сұрағына жауапты аргументті дәлелдермен негіздеудің орнына жалпылама түсіндірумен шектелген. Мысалы, 8Д сыныбындағы 25 оқушының 11-і Д критерийі бойынша, аргументтерді дәлелдермен негіздеуден қателіктер жіберген. Бұл үдерістің қалыптастырушы және қорытынды бақылау жұмысын жазу барысында қайталанып отыруы, қателіктердің себебін анықтау қажеттілігін туындатты. Осы мақсатта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде оқушылар эссені қаншалықты талапқа сай орындайтының білгіміз келді. Тілдік пәндердің мұғалімдерімен сұхбаттасу негізінде сұрағымызға жауап алдық.

8-сыныпта оқитын аталған пәндер бойынша  мұғалімдер  көлденең жоспарлау барысында эссе жазуға қажетті эссе жазу  дағдыларын қалыптастыру стратегияларын  таңдаудан бастадық. Аталған пән  мұғалімдері бірлесіп, мәтіннің негізгі ойын айқындау, негізгі және жанама ақпаратты ажырата білу, екі немесе одан да көп мәтіннің мазмұнын салыстырып, ерекшеліктерін анықтау, мәтінді тез шолып өту,  мәтіннің мағыналық құрылымын анықтау және қажетті ақпаратты іріктеу, сұраққа сәйкес қажетті ақпаратты таба білу, мәтіннің мазмұны бойынша қорытынды жасау,  мәтіннің атауын түсіндіру,  мәтін ақпаратын өмірмен байланыстыра білу, пікірлерді растайтын аргументтер құру, өз көзқарасын дәлелдеуге бағытталған түрлі тәсілдерді қолдану арқылы  эссе  және басқа жазба жұмыстарын орындауды   орта мерзімді оқу жоспарына қажетті дағдыларды айқындадық. Осындай жоспарлаудың нәтижесінде, оқушылардың бір пәнде үйренген дағдыларын келесі пәндерде қолдана алу  мүмкіндігі артатынына болжам жасадық.

 Ал оқушылардың эссе жазу дағдыларын  қалыптастырудың қандай стратегиялары таңдалды?   

  • Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде қолданған «Сұрақ-жауап» әдісі оқушылардың автор ой түйінінен қорытынды шығару, ақпаратты жинақтау, мәтіннің мазмұны бойынша қорытындылар жасау, пікірлерді растайтын аргументтерді табу, мәтіннің атауын түсіндіру сияқты дағдыларын дамытты.
  • «Төрт ресурс» әдісінің қазақ тілінде қолданудың артықшылықтары болды. Ол оқушылардың мәтіннен алған білім мен түсінігін бағалау, мәтін мен өмірді байланыстыру, сыни ойлау дағдыларын дамытты.
  • «FILA  кестесі» әдісі  [Даулетова, 2019] ақпаратты жинақтауда, өмірлік тәжірибемен байланыстырып, сыни талдауда қоғамдық ғылымдар негіздері пәнінде  тиімділігі жоғары. Мысалы, қоғамдық  ғылымдар негіздері курсы бойынша “Абылай ханның сыртқы саясаты” тақырыбын өткенде топ мүшелерінің бірі Абылай ханның қоғамның қауіпсіздігін нығайтуға негізделген дипломатиялық іс-әрекетіне мәтіннен сәйкес фактілер (цитаталар) жинақтаса, екіншісі мәтіннің идеясын, үшіншісі, мәтін негізінде сұрақтар құрастырып, төртіншісі сұраққа сәйкес іс-әрекет жоспарын құрады. Қорытындысында топ мүшелері жұмыстарын біріктіріп, кестеде орындайды. Соңында «FILA кестесін» сыныпқа таныстырып, жұмыстарын қорғайды.
  • Сонымен қатар, «Корнелл кестесі» әдісі [Роуди, 2014] де мәтіндегі ақпаратты жинақтап, біріктіруде қоғамдық ғылымдар негіздері пәнінде қолдану тиімді болып табылады.
  • Сонымен бірге, “Өз ұстанымыңды айқында” тәсілі [Онбасиева, 2017] мәтінді оқып, мәселені немесе қарама-қарсы көзқарастарды анықтаған кезеңде пайдалану тиімді. Оқушылар тапсырманы  Jamboard тақтасында орындады. Әр топқа бөлінген тақырыптан оқушылар мәселелерді анықтап, екі жақты көзқараста талдады. Ойларын дәйектеп, сәйкес фактілермен бекіте алды. Кестеде өз көзқарастарын негіздегеннен кейін, өз пікірлерін ауызша қорғады.
  • ПОПС» формуласы, «Т кестесі», «Гамбургер» әдістерін қолдандық. Графикалық органайзерлер пәндік білімдерді шығармашылықпен тасымалдап, сәйкес композицияны құруға ықпал етсе, «Т кестесі» идеяларды дәлелдеп, салыстыру қазақ тілі мен қоғамдық ғылым негіздері пәнінде  қолдану эссе  жазу дағдысын қалыптастыруға  тиімді болды.

Нәтижесінде эссе жазуды қалыптастыруға ортақ талап қойылып, жоғарыда аталған түрлі стратегияларды бір пәнде үйренген дағдыларын оқушылар  екінші пәнде қолдана алды.

Осының  нәтижесінде зерттеу нысаны ретінде таңдалған  8Д сыныбы оқушыларының екінші бақылау жұмысы алынды. Зерттеу барысында оқушыларға  таңдауға келесі тақырыптар ұсынылды.  “Кіші жүздің Ресейге қосылуы қазақ қоғамы үшін  пайдасы мен зияны”, “Абылай хан  қазақ хандығының  қауіпсіздігі мен дербестігін нығайтты/нығайтпады”, “1822-1824 жылдардағы реформалар қазақ елін дамытты/дамытпады” тақырыптары бойынша   сыни талдауға негізделген эссені қоғамдық ғылымдар негіздері пәнінде жазды. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей бастапқы эссе жазуда орын алған қателіктер азайды. Оқушылар нақты дәлелді пайымдаулар  мен  дәлелді мысалдар келтіріп, аргумент, түсіндіру мен дәлелді өзара байланыста қорытындылай алды. 8 Д сыныбының 22 оқушысы бағалау критерийлерінің деңгейлік талабына сай, эссені жоғары деңгейде орындады.

Зерттеудің нәтижесінде, 8 сыныпқа қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінде сабақ беретін мұғалімдердің эссе жазу дағдыларын қалыптастыратын стратегиялардың ортақ базасы қалыптасты; Осы стратегияларды қолданудың әдістемесі жинақталды. Бұл  мұғалімнің жұмысын жеңілдетті, себебі, бір пәннен үйреткен дағдыны  басқа пәндерде үйретуге уақыт кетірмей  қолдана алатын болды. Бір пәнде үйретілген дағдыны келесі пәнде қолдану нәтижесінде оқушының эссе жазу шеберлігі  артты. Дегенмен, оқушыларда эссенің түрлеріне қарай,  командалық терминдерді (дәлелде, талқыла, талда, түсіндір, салыстыр т.б. ) қолдану дағдысын әлі де дамыту қажеттігі байқалды.

8-сыныпқа сабақ беретін қазақ тілі пәні мұғалімдерімен бірлесіп эссе жазудың ортақ моделін (1-кестеде)  құрылымдау да  эссені жоғары деңгейде орындауға ықпал еткені байқалды.

1-кесте.     Эссенің   құрылымдық   моделі

Қоғамдық ғылымдар негіздері

Қазақ тілі мен әдебиеті

Кіріспе

1. Тарихи мәнмәтінді қалыптасқан жағдайда сипатта (Қашан? Қайда?)  (3-4 сөйлем)

2. Зерттеу сұрағының мақсатын айқындап,түсіндіреді (2-3 сөйлем)

3. Эссе тезисі . Зерттеу сұрағына екі жақты позицияда  қысқаша жауап беретін аргументтердің негізгі идеясы .

Кіріспе

1.Эссе тақырыбын түсінгені туралы сөйлем

2.     Тақырыптың өзектілігін негіздейді

3.       Шығарма мен  авторды  таңдауын негіздейді 

4.       Эссе тезисі  эссе сұрағына жауап болуы тиіс. Тезисте негізгі бөлімде қарастырылатын аргументтердің  идеялары  қамтылуы керек

Негізгі бөлім

2 негізгі және 1 қарсы көзқарасты ұсынады. (3 толық  абзац) дәлелдемені екі позицияда толық қарастырады

А-  аргумент (позиция )

Т- түсіндіру ( аргументті түсіндіру)

М –  мысал (аргументті фактымен  бекіту)

Қ-  қорытынды (позицияны тұжырымдау )

Негізгі бөлім

2-3 негізгі аргумент ұсынады. (250-300 сөз)

 

1.  Аргумент

2.  Т үсіндіру ( аргументті түсіндіру)

3.  Дәлел келтіру , талдау

4.  Абзацты қорытындылайтын сөйлем

 

Қорытынды  бөлім

Негізгі және қарсы аргументтердің салдарын  талдай отырып, зерттеу идеясымен байланыстырып қортынды жасайды.

Қорытынды  бөлім

Кіріспе бөлімнің тезисіндегі ойды перифраз арқылы жеткізу. Негізгі бөлім абзацтарының түйіні

Екі пән бойынша эссенің   құрылымдық   моделін зерделеу нәтижесінде  айырмашылығына қарағанда ұқсастықтары басым екендігіне көз жеткіздік. Ұқсастықтары: эссенің жалпы құрылымы мен  аргументті ұсыну, түсіндіру, дәлелдеу, қорытындылау  болса, айырмашылығы: позицияны екі жақты қарастыру мен сөз санына қойылатын талаптар екендігі  байқалды. Оқушыларға эссенің моделін визуалды түрде салыстыра түсіндіру.      

Қорытынды. Қорытындылай келе, іс-әрекеттегі зерттеуіміздің нәтижесінде келесі мақсаттарға қол жеткізе алдық:

  • оқушылардың тілдік пәндерде неліктен қоғамдық ғылымдар және әлеуметтік ғылымдар пәнінде үйретілген тарихи эссе жазу құрылымын қолдануға бейім келетін себебі  айқындалды;
  • әртүрлі пәндерде эссе жазудың ерекшелігі ескеріліп, дағдыларды  қалыптастырудың ортақ стратегиялары сараланды;
  • эссе жазу дағдыларын әртүрлі пәндерде ұштастырып үйретудің тиімділігіне оқушылардың тәжірибесі арқылы көз жеткізілді;

Зерттеуімізде оқушылардың эссе жазу дағдыларын әртүрлі пәндерде ұштастыру маңызды екендігіне көз жеткіздік. Тәжірибе барысында тілдік пәндерде эссе жазу әдеби талдауға негізделсе, эссенің аргументтеу мен салыстыру түрлері тарих пәні үшін тиімділігі ескерілді.   Әрине, эссені жазудың ортақ моделі мен эссе жазудың дағдысын жоғарыда аталған стратегиялар арқылы қалыптастырғанмен  мәселе толық шешілді деп айту мүмкін емес. Оқушыларда эссенің түрлеріне қарай командалық терминдерді қолдану дағдысын әлі де дамыту қажеттігі анықталды. Олай болса, іc-әрекеттегі зерттеуіміздің келесі циклінде командалық терминдерді қолдану арқылы   эссе  түрлерін ажырата білуді  пәнаралық байланыста  қарастыруды  ұйғардық.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

Астана қаласының Білім басқармасы. (2003). Эссе жазу жөніндегі әдістемелік нұсқаулық. Әдістемелік кабинет. Астана, Қазақстан.

Даулетова, Н. (2019). Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың тиімді әдістері. [Әдістемелік құрал]. «Өрлеу» БАҰО» АҚ. Атырау, Қазақстан: Даулетова.

Қазақстан Республикасы Үкіметі. (2012). Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. [Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы № 832 қаулысы]. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1200000832 сайтынан алынды.

Онбасиева, Ш. (2017). Мәтінмен жұмыс жүргізу арқылы оқу сауаттылығын дамыту. [Әдістемелік құрал]. Педагогикалық шеберлік орталығы. Астана, Қазақстан: Онбасиева.

Онбасиева, Ш. (2016). Мәтінмен жұмыстың тиімді тәсілдері. [Әдістемелік құрал]. Педагогикалық шеберлік орталығы. Астана, Қазақстан: Онбасиева.

Әлісжан, С. (2016). Дәйексөз және оның танымдық қызметі. http://nur.nu.edu.kz/handle/123456789/1398 дереккөзден алынды.

Советқанқызы, Д. (2017). Эссе жазуға арналған 10 сабақ. Алматы, Қазақстан: Q_ORATOR mektebi. https://www.youtube.com/watch?v=zLaBUlX4PEQ бейнехостинг базасынан алынды.

Роуди, М. (2014). Визуальные заметки: иллюстрированное руководство по скетчноутингу. / М. 

Роуди: перевод с англ.К. Наумова. Москва, РФ: Иванов и Фербер.

International Baccalaureate Organization. (2014). MYP: From principles into practice. [Brochure]. Cardiff, Wales, United Kingdom.

International Baccalaureate Organization. (2014). Middle Years Programme Fostering interdisciplinary teaching and Learning in the MYP. [Brochure]. Cardiff, Wales, United Kingdom.

Wilson, C., Grizzle, A., Tuazon, R., Akyeampong, K., Cheung, C. (2018). Медиа және ақпaрaттық сaуaттылық: оқытушыларға көмекші құрал. [Brochure]. https://unesdoc.unesco.org/ark:/48223/pf0000366285 дереккөзден алынды.