Lesson study: қазақ тілі мен әдебиеті сабағында оқушылардың зерттеу дағдыларын дамыту жолдары
Сейсенбаева Жадыра Шарифхановна
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Нұр-Сұлтан қ. Назарбаев Зияткерлік мектебі
ІВ бағдарламалары оқушылардың қоршаған әлемді зерттей отыра білім алуына мүмкіндік жасайды. MYP-де концептуалдық түсінікті қалыптастыру арқылы білім алуға, дағдыларды дамытуға көп көңіл бөлінеді. Оқушылар мәтін мазмұнын меңгеруде жаһандық мәселелермен байланысты:
• өзінің жеке сұрақтарын құруына;
• өзінің жеке зерттеулерін құрылымдауға;
• олардың зерттеуін қолдау үшін қолжетімді түрлі құралдарды бағалауға;
• мәселелердің жекелеген шешімін табуға көмектесетін зерттеуді, бақылау мен талдауды іске асыруға үйренеді.
Оқушыларды осындай нәтижеге бағыттау үшін Lesson Study әдісінің маңызы өте зор. «Lesson Study – мұғалім тәжірибесі саласындағы білімді жетілдіруге бағытталған, сабақтағы іс-әрекеттегі зерттеудің ерекше үлгісі болып табылатын педагогикалық тәсіл» – дейді Пит Дадли. Ол Lesson Study тиімділігін былайша сипаттайды:
• оқушылардың оқу процесі әдеттегіден тереңірек түсіндіріледі;
• оқу процесінде оқушылардың не оқып жатқаны жайлы ой-пікірлері мен шынымен не оқып жатқаны жайлы түсінік арасындағы айырмашылық айқын көрінеді;
• оқу үрдісі оқушылардың қажеттіліктеріне сай жоспарланады;
• бұның барлығы қолдап оқыту мен оқу ортасы мәнмәтінінде жасалады.
Пит Дадлидің нұсқаулығын басшылыққа ала отырып, әріптестерімен бірлесе Lesson Study жүргізуді қолға алдық. Мәтін мазмұнын өз беттерімен меңгеру дағдылары 7-сынып оқушыларында қиындық туғызғандықтан, олардың мәтінді өз беттерімен зерттеп оқу дағдыларын дамытуды зерттеуіміздің басты нысаны ретінде таңдадық.
Lesson Study өткізудегі мақсатымыз:
- оқыту нәтижесінде оқушылардың қажеттіліктерін барынша қанағаттандыратындай жоспарлауды жүзеге асыру;
- оқушыларға білім алуға көмектесу және топ мүшелерінің кәсіби дамуына ықпал ету;
Lesson Study-дің алғашқы циклінде әріптестеріммен сабақты бірлесіп жоспарлап, бақылауға алынатын оқушыларды анықтап, тиімді әдіс-тәсілдерді сараладық. Алғашқы Lesson Study сабағын өткізіп, оқушылармен сұхбат жүргіздік. Сұхбат нәтижесінде және бірінші Lesson Study сабағын талқылау нәтижесінде екінші Lesson Study сабағын жоспарладық. Алғашқы сабақты жоспарлау барысында 7-сынып оқушыларының мәтін мазмұнын өз беттерімен меңгере алулары үшін алдымен зерттеу дағдысын дамыту мақсатында зерттеу сұрақтарын құрастыруды үйретуді көздедік. Сұрақтарды құрастырып қана қоймай, сол сұрақтарды критерий арқылы бағалатуды ойластырдық.
Сұрақтар мынадай критерийлер арқылы бағаланды:
– «Иә» немесе «жоқ» деген жауаппен шектелмеу керек;
– Сұрақ концептілермен байланысты болуы керек;
– Әр түрлі көзқарастарды қарастыруы керек?
– «Қалай?», «қаншалықты?», «неліктен?» деген сияқты сұрақты негізге алу керек;
Зерттеу объектісі ретінде 7-сыныптың 12 оқушысы алынды. Жалпы сынып оқушыларының 3-еуі сұрақты дұрыс құрастырмаған, оған себеп- сөздік қордың аздығы, сөздерді орынды қолданбаған. 4 оқушы деректі сұрақ құрастырған, кейбіреуінікі шұбалаңқы, себебі концепциялармен байланыс орнатпаған, 5 оқушы зерттеу сұрағын дұрыс құрастырған. Оқушылар бір-бірінің сұрағымен танысып, бір-біріне кері байланыс берді.
Әріптестеріммен жұмыс барысында оқушылардың зерттеу дағдысын дамыту үшін әдіс-тәсілдерді таңдап, оны сабақтың қай бөлігінде қолданғанда тиімдірек болатынын анықтадық. Сабақты талдау барысында жеткен нәтижелерімізбен бөлісіп, сабақты жоспарлауда оқыту барысында көңіл бөлінбей қалған тұстарды талқыладық. Оқушы үніне құлақ асу арқылы оқушы қызығушылығын арттырдық.
Оқушыларға қойылатын сұрақтар:
-Саған сабақта не ұнады?
-Сен нені үйрендің?
-Нені жақсырақ істей аласың?
-Оқытудың қай бөлігі сен үшін барынша тиімді болды?
-Нені өзгертер едің? Неліктен?
Біз бұл жерде ең бастысы талдауды оқытудан емес, баланың оқуын, білім алғандығын қадағалаудан бастадық.
А оқушы сұрақ құрастырғанына қызыққанын айтты.
В оқушы концепциялармен, ғаламдық мәнмәтінмен байланыстыруда аздап қиналатынын айтты.
С оқушы қызығушылық туғанын, бірақ белсенді жұмыс істей алмағанын жеткізді.
Алғашқы Lesson Study-де оқушылар мағынаны тану барысында өздері қалаған оқушылармен сұрақтарды талқылағылары келетінін айтты. Сонымен қатар, көркемдегіш құралдармен жұмыс істеуде қиындықтар бар екенін жеткізді.
Ол үшін өзара талқылауда мына сұрақтар төңірегінде жауап іздедік:
- Оқушының әрқайсысы қандай жетістікке қол жеткізді? Ол жеткілікті болды ма? Олардың сыныптарындағы басқа оқушылар қандай нәтиже көрсетеді?
- Енгізіліп жатқан әдіс қалай көмектесті немесе кедергі келтірді (екеуі де болуы ықтимал)? Қандай тосын оқиғалар болды?
- Әр оқушының нәтижесін жақсарту үшін келесі жолы әдістеменің қандай аспектілері түзетілуі керек?
- Келесі жолы біз не істеуге тырысуымыз керек?
Келесі сабақта тағы да осы жұмыстарды қайта ұйымдастырып, алдымен коммментарий жаздырып, бағалатып, оны жинап алған соң, онымен өзіміз танысып, төмен бағаланған оқушылармен жеке жұмыс істеу керек деп шештік. Келесі сабақты жоспарлауда біз оқушыларға шығармадан үзінділер беріп, сол үзінділермен жұмыс істеуді ұсындық. Оқушы ұсынылған үзінді бойынша концептуалды сұрақ құрастыруы керек және оны өзі қалаған оқушымен талқылауды ұсындық. Осы тұста А оқушының жақсы жұмыс істегенін байқадық. С оқушының да белсенділігі артты. Оқушылар бұл тапсырманы орындауда оншалықты қиналған жоқ. Бұл жұмыс оңтайлы әдіс болды әрі оқушыларды ынталандырды. Бұл жұмыстар біздерге оқушыларға эйдос-конспект жасатуға көп септігін тигізеді деген болжам жасадық.
Оқушылар оқыған мәтіндерінің мазмұны бойынша түсінгендерін эйдосконспект жасау арқылы өздері жеке-жеке зерттеу сұрағын құрастырып, тақырыпты ашатын суретпен байланыстыра отырып, жұмыс істеді. Бұл лессон стадидің өнімі болды.
Лессон стади соңында оқушылар төмендегідей нәтижеге қол жеткізді:
- оқушылардың білімінен, игерген дағдыларынан ілгері даму байқалды;
- зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған жұмыстар оқушылардың мәтінді зерттеп оқудағы белсенділігін арттыруға оң әсерін тигізді;
- Әр оқушының нәтижесін жақсартудағы іс-әрекеттерді жоспарлау арқылы айтарлықтай жетістіктерге жеттік.