Жоғары сыныптарда веб-бағдарламалауды жобалық оқыту технологиясы арқылы жандандыру

Ханибек Гүлдана

Информатика пәні мұғалімі мамандығының 3 курс студенті

Ғылыми жетекшісі – Альменаева Р.У, аға оқытушы, PhD

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда қ., Қазақстан Республикасы

Аңдатпа. Мақалада жоғары сынып оқушыларына веб-бағдарламалауды жобалық оқыту арқылы үйрету тәжірибесі сипатталады. Оқушылар командалық рөлдерге бөлініп, университетте әзірленген медициналық ақпараттық жүйені қайта құрастырды. Жүйе дәрігер мен психологқа онлайн жазылуды, электрондық медициналық картаны, онлайн кеңесті және ақпараттық сипаттағы жасанды интеллект көмекшісін біріктіреді. Оқушылардың өз бағасы бойынша олар SQL, HTML, CSS және JavaScript қолдануды, функциялар жазуды және жасанды интеллектті әзірлеуші деңгейінде пайдалануды үйренді. Мақалада рөлдердің бөлінуі, жазылу алгоритмі және жүйені пилоттық сынаудың алғашқы нәтижелері беріледі.

Кілт сөздер: веб-бағдарламалау, жобалық оқыту, командалық рөлдер, медициналық ақпараттық жүйе, жасанды интеллект көмекшісі, мектеп информатикасы.

Аннотация. В статье описан опыт обучения старшеклассников веб-программированию методом проектов. Учащиеся были распределены по командным ролям и заново собрали медицинскую информационную систему, разработанную в университете. Система объединяет онлайн-запись к врачу и психологу, электронную медицинскую карту, онлайн-консультации и ИИ-помощника справочного характера. По самооценке учащихся, они освоили SQL, HTML, CSS и JavaScript, написание функций и использование ИИ на уровне разработчика. Приведены распределение ролей, алгоритм записи и первые результаты пилотной апробации системы.

Ключевые слова: веб-программирование, проектное обучение, командные роли, медицинская информационная система, ИИ-помощник, школьная информатика.

Abstract. The article describes an experience of teaching high school students web programming through project-based learning. The students were divided into team roles and rebuilt a medical information system originally developed at a university. The system combines online appointment booking with a doctor or psychologist, electronic medical records, online consultations and an informational AI assistant. According to their self-assessment, the students learned to use SQL, HTML, CSS and JavaScript, to write functions, and to use AI at a developer level. The article presents the distribution of roles, the booking algorithm and the first results of the pilot testing of the system.

Keywords: web programming, project-based learning, team roles, medical information system, AI assistant, school informatics.

Веб-бағдарламалауды оқытқанда оқушылардың көбі HTML тегтері мен CSS қасиеттерін жаттап алады, бірақ жазған бетінің нақты өмірде кімге керек екенін көрмейді. Біз осы олқылықты жобалық оқыту арқылы жауып көрдік. Жобалық оқыту оқушыны нақты, шынайы мәселені зерттеуге тартады [1, 2]. Бұл тәсіл оқушының қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді, бірақ оқушы мен мұғалімге қиындықтар да тудырады [1]. Шолулар жобалық оқытудың нәтижесі топтық жұмыстың сапасына, оқушының дербестігіне және оған көрсетілетін қолдауға байланысты екенін көрсетеді [3]. Бұл көзқарас оқушының өз қызығушылығына сүйенетін жобаларды, құрдастармен бірге жұмыс істеуді және ойнап үйренуді дәріптейтін идеяларға да жақын [4].

Жоба ретінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде әзірленген медициналық ақпараттық жүйені (МАЖ) алдық [5]. Мұндай жүйелер электрондық денсаулық сақтаудың (e-Health) бір бөлігі: бұл термин интернет және байланысты технологиялар арқылы жеткізілетін денсаулық қызметтері мен ақпаратты білдіреді [6], ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы цифрлық денсаулық сақтаудың жаһандық стратегиясын қабылдады [7]. Жүйені біз екі себеппен таңдадық. Біріншіден, оның міндеті оқушыларға түсінікті: дәрігер немесе психологқа жазылу, өз медициналық картасын көру. Екіншіден, бұл бір беттік сайт емес: онда тіркелу, пайдаланушы рөлдері, дерекқор, жазылу логикасы және онлайн кеңес бар, яғни шынайы веб-жүйенің барлық қабаты көрінеді. Жүйе жұмыс істеп тұр, оны интернеттен ашып көруге болады [8]. Осы жүйені біз оқушылармен бірге қайта құрастырдық. Жұмысқа сегіз адам қатысты: 10-сынып оқушылары (6 оқушы), мен және ғылыми жетекшіміз Р. У. Альменаева. Жетекші жұмыс барысында қажетті кеңестерін беріп отырды.

Жұмысты IT-команданың рөлдері бойынша бөлдік (1-кесте). Backend бөлігін мен жасадым, дерекқорға (SQL) үш оқушы, frontend-ке тағы үш оқушы жауап берді. UI/UX бөліміне, яғни беттердің көрінісі мен пайдаланушы қадамдарын ойластыруға, сегіз қатысушының бәрі қатысты. Жоба соңында әр қатысушы өз бөлігін аяқтады.

1-кесте – Команда рөлдері және олардың міндеттері

Команда рөліОрындаушыларМіндеті
Дерекқор (SQL)3 оқушыПайдаланушылар, жазылулар, медициналық жазбалар және әрекет журналы кестелерін жобалау
BackendАвторТіркеу, авторизация, рөлдік қолжетімділік, жазылу логикасы, хабарландыру
Frontend3 оқушыТіркелу, жазылу, электрондық карта және онлайн кеңес беттерін жасау
UI/UX8 қатысушының бәріМәзір мен беттердің құрылымын, пайдаланушы қадамдарын ойластыру

Жүйе үш қабаттан тұрады: пайдаланушы көретін веб-интерфейс, сұраныстарды өңдейтін сервер бөлігі және деректер сақталатын орталықтандырылған дерекқор (1-сурет). Жүйеде алты пайдаланушы рөлі бар: студент, мұғалім, қызметкер, дәрігер, психолог және әкімші. Әркім өзіне қажетті функцияларды ғана көреді. Мысалы, әкімші пайдаланушыларды басқарады, бірақ медициналық жазбалардың мазмұнын аша алмайды [5]. Медициналық деректер жеке деректерге жатады, оларды жинау, өңдеу және қорғау «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңмен [9] реттеледі, ал денсаулық сақтау жүйесі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекспен [10] реттеледі. Сондықтан рөлдерге бөлінген қолжетімділік біздің жобада тек техникалық шешім емес, заң талаптарын түсінудің де нақты мысалы болды.

1-сурет – Жүйенің басты беті және жасанды интеллект көмекшісі

Жобаның ең күрделі бөлігі қабылдауға жазылу модулі болды. Пайдаланушы жүйеге кіріп, маманды (дәрігер немесе психолог) таңдайды, жүйе сол маманның бос күндері мен уақытын көрсетеді, содан кейін пайдаланушы кеңес форматын (жеке қатысумен немесе онлайн) таңдап, қысқаша түсініктеме қалдырады. Маман жазылуды растағанда, пайдаланушыға хабарландыру жіберіледі (2-сурет). Мәселені осылай қадамдарға бөліп қарау есептеуіш ойлаудың негізгі әдісі [11].

2-сурет – Қабылдауға жазылу алгоритмі

Жасанды интеллект көмекшісін біз тек ақпараттық құрал ретінде қарастырдық. Ол жүйенің мүмкіндіктері, жазылу ережелері және кеңес мәртебесі туралы сұрақтарға жауап береді, бірақ диагноз қоймайды және дәрігерді алмастырмайды. Әр жауап маманның нұсқауын орындау керегін еске салады [5]. Мұндай шектеу жасанды интеллект медицинада маманға уақыт пен көмек беруі керек, оның орнын баспауы керек деген көзқарасқа сәйкес келеді [12].

Жұмыс барысында қиындықтар да болды. Ең көп қиындық дерекқорды frontend және backend бөліктерімен байланыстыруда туды. Бұл мәселелерді шешуде біз жасанды интеллект құралдарын көмекші ретінде пайдаландық. Кодты жазатын модельдер бастауыш деңгейдегі бағдарламалау есептерін студенттердің көбінен жақсы шеше алатыны көрсетілген [13], бұл оқытушылар үшін мүмкіндік те, қиындық та тудырады [14]. Сондықтан мұндай құралдарды қолданғанда оқушылар олардың шектеулерін түсінуі және нәтижені тексеруі керек [15]. Өнімді алғашында XAMPP арқылы өз компьютерімізде жасадық, ал оны интернеттегі серверге шығару кезіндегі қиындықты ғылыми жетекшіміз шешіп берді.

Жоба аяқталған соң жүйені тоғыз қатысушы сынады: жалпы практика дәрігері, екі мейірбике, екі психолог және төрт оқытушы. Сауалнама нәтижесінде жүйенің қолдануға ыңғайлы екені анықталды [5]. Жүйені енгізгенге дейінгі және одан кейінгі көрсеткіштерді салыстырғанда (3-сурет) қабылдауға жазылу уақыты 100%-дан 60%-ға, мамандардың жұмыс жүктемесі 100%-дан 75%-ға дейін төмендеді, ал пайдаланушылардың қанағаттануы 55%-дан 85%-ға, медициналық көмекке қолжетімділік 50%-дан 90%-ға дейін өсті. Қатысушы саны аз болғандықтан, бұл нәтижені соңғы қорытынды емес, алғашқы бағалау деп қараймыз. Қатысушылар жүйені жетілдіру бойынша да пікір білдірді: олар жүйені eGov және Damumed платформаларымен байланыстыруды және ата-аналар бақылауын қосуды ұсынды.

3-сурет – Жүйені енгізгенге дейінгі және кейінгі салыстырмалы көрсеткіштер, %

Оқушылармен жұмыстың нәтижесін олардың жазбаша пікір алмасуы арқылы бағаладық. Оқушылар SQL, HTML, CSS және JavaScript тілдерін қолдануды, функциялар жазуды үйренгендерін айтты. Сондай-ақ олар жасанды интеллектті қарапайым қолданушы деңгейінде емес, әзірлеуші деңгейінде тиімді пайдалануды үйренгенін жазды. Бұл оқушылардың өз бағасы екенін ескеру керек: білім деңгейін арнайы тапсырма немесе тест арқылы өлшеу келесі қадамға қалды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1 Blumenfeld P. C., Soloway E., Marx R. W., Krajcik J. S., Guzdial M., Palincsar A. Motivating Project-Based Learning: Sustaining the Doing, Supporting the Learning // Educational Psychologist. – 1991. – Vol. 26, No. 3–4. – P. 369–398.

2 Thomas J. W. A Review of Research on Project-Based Learning. – San Rafael: The Autodesk Foundation, 2000.

3 Kokotsaki D., Menzies V., Wiggins A. Project-based learning: A review of the literature // Improving Schools. – 2016. – Vol. 19, No. 3. – P. 267–277.

4 Resnick M. Lifelong Kindergarten: Cultivating Creativity through Projects, Passion, Peers, and Play. – Cambridge: MIT Press, 2017.

5 Ханибек Г., Жұмаділла Б. Р. Интеллектуалдық технологиялар арқылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына арналған медициналық ақпараттық жүйені әзірлеу және енгізу: СҒЗЖ конкурсына ұсынылған жұмыс. – Қызылорда: Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, 2026. – 40 б.

6 Eysenbach G. What is e-health? // Journal of Medical Internet Research. – 2001. – Vol. 3, No. 2. – e20.

7 Global strategy on digital health 2020–2025. – Geneva: World Health Organization, 2021. – 50 p. – URL: https://www.who.int/publications/i/item/9789240020924 (Date of access: 01.11.2026).

8 Медициналық ақпараттық жүйе. – URL: https://health.korkyt.edu.kz/ (қаралған күні: 01.11.2026).

9 Закон Республики Казахстан от 21 мая 2013 года № 94-V «О персональных данных и их защите». – URL: https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z1300000094/z13094.htm (Дата обращения: 01.11.2026).

10 Кодекс Республики Казахстан от 7 июля 2020 года № 360-VI ЗРК «О здоровье народа и системе здравоохранения». – URL: https://adilet.zan.kz/rus/docs/K2000000360 (Дата обращения: 01.11.2026).

11 Wing J. M. Computational Thinking // Communications of the ACM. – 2006. – Vol. 49, No. 3. – P. 33–35.

12 Topol E. Deep Medicine: How Artificial Intelligence Can Make Healthcare Human Again. – New York: Basic Books, 2019.

13 Finnie-Ansley J., Denny P., Becker B. A., Luxton-Reilly A., Prather J. The Robots Are Coming: Exploring the Implications of OpenAI Codex on Introductory Programming // Proceedings of the Australasian Computing Education Conference (ACE ’22). – New York: ACM, 2022. – P. 10–19.

14 Denny P., Prather J., Becker B. A. et al. Computing Education in the Era of Generative AI // Communications of the ACM. – 2024. – Vol. 67, No. 2. – P. 56–67.

15 Kasneci E., Sessler K., Küchemann S. et al. ChatGPT for good? On opportunities and challenges of large language models for education // Learning and Individual Differences. – 2023. – Vol. 103. – Art. 102274.