Тарихи деректерді цифрлық технологиялар көмегімен оқыту: Ахыска түріктерінің Қазақстанға депортациялануы
Нуриева София Омаровна
Тарих және құқық факультеті
«7М01601 – Тарих» мамандығының 2 курс магистранты
Ғылыми жетекшісі:
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің, т.ғ.к.,доцент
Оспанова Рысгуль Рамазановна
Цифрлық технологиялармен оқыту әдістемесі-білім беру процесінде ақпараттық және цифрлық құралдарды пайдалану арқылы оқушылардың білімін тиімді меңгеру үшін бағытталған педагогикалық әдістер жүйесі. Цифрлық технологиялармен оқыту негізінен компьютер, интернет, мобильді қосымшалар, мультимедиа және онлайн платформаларды пайдалану арқылы білім беру процесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Бұл әдістеме қазіргі білім беру жүйесінде өте маңызды, себебі цифрлық технологиялар оқу материалын түсіндіруді жеңілдетіп, оқушылардың қызығушылығын арттырады.
Қазіргі цифрлық жүйе дамыған заманда интернет пен компьютер арқылы әр білім алушының қызығушылықтарын, қажеттіліктерін ескере отырып, сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін онлайн оқыту мен цифрлық ресурстарды пайдалану қажет. Цифрлық технологиялар әрбір ғылым саласында, соның ішінде тарихта да маңызды, әрі ерекше қажеттілікке ие болып табылады. Мысалы, тарих сабағында интерактивті карталар, виртуалды экскурсиялар немесе уақыт сызықтары арқылы тарихи оқиғаларды көрсетуге болады. Бұл оқушыларға ақпаратты тез әрі жақсы түсінуге мүмкіндік береді.
Қазіргі әлемді цифрландыру нәтижесінде пайда болған, ауқымы үлкен сын-тегеуріндерге сәйкес келетін, эпистемологиялық тұрғыда ең маңыздысы білім беруді трансформациялау мәселесі болып табылады. Білім беру ісі терең мағынасында білімді таратуға келіп тірелмейтіні белгілі. Ол өз менінің толықтығы мен тұтастығына сүйене отырып, өз тепе-теңдігін сақтай отырып, басқаша болу қабілетімен адамның әлеуметтік және мәдени сәйкестігін қалыптастыру міндетін шешеді. Бұл туралы ресейлік ғалым М. Маниковская «әлемдік ғалымдар қауымдастығының ғылыми ізденістері мен болжамдары, сондай-ақ нақты фактілер цифрландырудың бұрын-соңды болмаған жемісті құдіретіне сендіреді. Бірақ бұл процесс неғұрлым тиімді болса, оның тәуекелдері де соғұрлым маңызды болады. Цифрландырудың бүгінгі теориялық көрінісінде адам өмірінің барлық жақтарын, соның ішінде білім берудегі түбегейлі өзгерістердің таңғаларлық перспективалары басым және оның тәуекелдері мен теріс салдары азырақ ұсынылған», – дейді [1].
Білім беру процесінің әр түрлі міндеттерін қамтамасыз етуге арналған ақпараттық жүйелердің ашық жиынтығы ретінде барлық білім алушыларға теңдей қол жетімді болып көрінетін цифрлық білім беру ортасы әлеуметтік әділетсіздіктің көптеген белгіленген конфликтерін алып тастайды. Алайда, цифрлық шындық бұл саладағы моральдық этикалық сын-қатерлерді анықтайды. Білім беруді дигитализациялау интеллектуалды коллапс, креативтің төмендеуін, жалған шығармашылықты тудырады. Көптеген білім алушылар өздерінің интеллектуалды ізденістерін «әлемдік өрмектен» алынған компиляциямен, дайын шешімдердің фрагменттерімен алмастырады, қалтасында гаджеттің болуы олардың білімді екенін көрсетеді деген елеспен өмір сүреді. Жаңа Зеландиялық философ Д. Флинн бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, «олар жаңа технологиялар мен гаджеттерді басқара алады, бірақ соған қарамастан оқу ордаасынан шыққанда тар шеңберге қамалған ортағасырлық шаруалардан еш айырмашылығы жоқ. Шын мәнінде, олардың әлемі әлдеқайда кең, бұл заманауи әлем, бірақ олар сонда да қамауда, себебі оларға тарихи өлшем беймәлім», – дейді [2; 467].
Білім беруді цифрландыру білім алушыларға оқу бағдарламаларын меңгеру қарқынын, педагогты, оқыту формалары мен әдістерін таңдауға мүмкіндік береді. Білім беруді цифрландырудың маңызды тұстары педагогтардың өздері де, білім алушылар да интернетті және мобильді коммуникацияларды дамытуы, кеңінен енгізуі және қолдануы болып табылады. Мысалы, интернетті және мобильді технологияларды білу және жұмыс істей алу, педагогқа сабақ өткізуге, ал білім алушыға кез келген жерде және кез келген уақытта оқуға мүмкіндік береді.
Ахыска түріктерінің Қазақстанға депортациялануын цифрлық технологиялар арқылы әдістемесі-тарихты заманауи тәсілмен түсіндіруге мүмкіндік беретін тиімді әдіс. Бұл әдіс оқушыларға тарихи оқиғаларды тек мәтін арқылы ғана емес, карта, инфографика, уақыт сызығы, бейнематериалдар арқылы түсінуіне көмектеседі.
1944 жылы Кеңес үкіметінің шешімі бойынша Ахыска түріктері өздерінің тарихи мекені Грузияның Ахыска өңірінен күштеп көшіріліп, Орта Азияға, соның ішінде Қазақстанға жер аударылды. Депортация тақырыбына қатысты мәліметтерді алғаш жариялаушылардың бірі Бугайдың еңбектерінде 17 қарашада сағат 16-ға қарай Грузиядан 25 эшалонмен 81324 жер аударылғандар жіберілді деп беріледі.[3, 2 б] Бұл тарихи оқиғаны оқыту кезінде цифрлық технологияларды қолдану оқушылардың тақырыпты тереңірек меңгеруіне көмектеседі.
Мысалы, сабақ барысында карта жасау құралдарын пайдаланып, Ахыска өңірінен Қазақстанға дейінгі депортация бағытын карта арқылы көрсетуге болады. Бұл оқушыларға халықтың қандай ұзақ жолмен көшірілгенін және олардың қай аймақтарға орналасқанын көзбен көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар уақыт сызығын қолдану арқылы 1944 жылғы депортациядан бастап кейінгі жылдардағы маңызды оқиғаларды ретімен көрсетуге болады.
Сабақ барысында оқушыларды топтарға бөліп, әр топқа белгілі бір тапсырма беруге болады. Бір топ карта жасаса, екінші топ уақыт сызығын құрастырады, ал үшінші топ инфографика дайындайды. Соңында олар өз жұмыстарын таныстырып, тарихи оқиға туралы қорытынды жасайды. Сонымен қатар, Ахыска түріктерінің депортациясы тақырыбын оқытуда цифрлық музейді пайдалану-тарихты түсіндірудің тиімді және заманауи тәсілдерінің бірі.
Ахыска түріктерінің 1944 жылғы депортациясын түсіндіру кезінде цифрлық музей ерекше маңызға ие. Цифрлық музей депортацияланған халықтың жағдайын, сол процесті тек көзбен көріп емес, визуалды деректер арқылы белгілі бір тұрғыда сезінуге де мүмкіндік береді.
Ахыска түріктерінің 1944 жылғы депортациясын оқытуда цифрлық технологияларды қолдану оқушылардың тарихи оқиғаларды тереңірек түсінуіне, визуалды және аналитикалық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Виртуалды музейлер, интерактивті карталар және уақыт сызықтары оқушыларға оқиғаның кеңістіктік және уақыттық өлшемдерін түсінуге мүмкіндік береді, инфографика мен бейнематериалдар арқылы тарихи фактілер тек есте сақталмай, ой қорыту процесіне айналды.
Бұл әдіс оқушыларды пассивті тындаушыдан белсенді зерттеушіге айналдырады:олар тек деректерді қабылдамайды, сонымен қатар талдайды, салыстырады және өз қорытындыларын шығарады. Нәтижесінде тарих сабақтары тек өткенді үйрететін орын емес, заманауи ойлау қабілетін дамытатын интерактивті алаңға айналды.
Цифрлық технологиялар арқылы өткен мен қазіргі уақыт арасындағы көпір қалыптасып, оқушы тарихи оқиғаны «тірі» факті ретінде қабылдайды, ал бұл білім берудің нағыз нәтижелі формасы болып табылады.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
- Маниковская М.А. Цифровизация образования: вызовы традиционным нормам и принципам морали / М.А. Маниковская // Власть и управление на Востоке России. — 2019. — № 2(87). — С. 100–106.
- Сатпаев Д. Деформация вертикали / Д. Сатпаев. — Алматы: Print House «Gerona», 2019. — 794 с.
- Aydingün, 1999 – Aydıngün A.B. A Deported Nationality: The Ahiska Turks// Perceptions Journal of International Affairs. December 1998 – February 1999. Volume III. Number 4. S. 1- 6.
