Иммунитетті қуаттандыратын сұйық экстракт қосылған шырынды дайындау процесін автоматтандыру және оны дайындау технологиясын жетілдіру арқылы емдік сироп өндіретін фармацевтикалық өндірісті жобалау
Шаймерден Ұлпан Нұрланқызы
Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясы
Фармацевтикалық өндіріс технологиясы 4 курс студенті
Иммунитетті күшейтетін сұйық экстракт қосылған шырынды дайындау технологиясын жетілдіру негізінде емдік сироп алу қазіргі фармацевтикалық ғылымның өзекті бағыттарының бірі болып табылады. Өсімдік текті дәрілік препараттар табиғи шығу тегімен, биологиялық белсенділігімен және салыстырмалы түрде қауіпсіздігімен ерекшеленіп, соңғы жылдары кеңінен қолданысқа ие болуда. Әсіресе сироп түріндегі дәрілік формалар жөтелді симптоматикалық емдеуде тиімді, себебі олар қолдануға ыңғайлы, органолептикалық қасиеттері жағымды және фармакологиялық әсері жылдам байқалады.
Биологиялық белсенді заттардың перспективалы көзі ретінде Cirsium arvense (егістік қалуен) өсімдігі қарастырылады. Оның құрамында флавоноидтар, дубильді заттар және терпеноидтар бар, олар антиоксиданттық, қабынуға қарсы және иммуномодуляциялық қасиеттерімен сипатталады. Сонымен қатар, Cirsium туысына жататын өсімдіктердің су экстрактылары полифенолды қосылыстарға бай болып келеді және жоғары биологиялық белсенділік көрсетеді. Дегенмен, аталған өсімдік негізінде сироп дайындау технологиясының ғылыми негізделуі мен оңтайландыру мәселелері жеткілікті дәрежеде зерттелмеген.
Зерттеу жұмысының мақсаты – Cirsium arvense сұйық экстракты негізінде жөтелге қарсы және иммунитетті күшейтетін сироптың тиімді құрамын әзірлеу және оның технологиясын жетілдіру болып табылады.
Зерттеу барысында сироп алу технологиясының негізгі кезеңдері қарастырылды. Алдымен қант шәрбаты белгілі температуралық режимде (60 °C) дайындалды, содан кейін ол механикалық қоспалардан тазарту үшін сүзілді. Келесі кезеңде дайындалған сұйық өсімдік экстракты енгізіліп, компоненттер біртекті масса алынғанша араластырылды. Соңында алынған қоспа стандартталып, белгіленген көлемдегі флакондарға құйылды. Технологиялық процесте температура, уақыт және компоненттердің арақатынасы негізгі факторлар ретінде қарастырылды.Дайын өнімнің сапасын бағалау мақсатында органолептикалық көрсеткіштер (түсі, иісі, дәмі, мөлдірлігі), физика-химиялық параметрлер (pH, тығыздық), сондай-ақ микробиологиялық тазалық пен технологиялық шығым анықталды.
Нәтиже:зерттеу нәтижесінде алынған сироп қызғылт-қоңыр түсті, мөлдір, аздаған лайлануға жол берілетін біртекті сұйықтық түрінде болды. Өнімнің органолептикалық қасиеттері талаптарға сәйкес келді, ал технологиялық шығым 98,36% құрады, бұл әзірленген технологияның тиімділігін көрсетеді.Сонымен қатар, технологиялық процесті жетілдіру мақсатында өндірістік параметрлердің өнім сапасына әсері талданды. Температуралық режим, араластыру ұзақтығы және экстракт концентрациясының өзгеруі сироптың тұтқырлығы, тұрақтылығы және жалпы сапалық көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер ететіні анықталды. Бұл факторларды оңтайландыру өнімнің тұрақтылығын арттыруға және сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қорытынды:қорытындылай келе, Cirsium arvense өсімдігі негізінде дайындалған сироп тиімді фитопрепарат ретінде қарастырылуы мүмкін. Ұсынылған технология дайын өнімнің жоғары шығымын және тұрақты сапасын қамтамасыз етеді. Зерттеу нәтижелері өсімдік текті дәрілік сироптарды әрі қарай дамытуда және өндірістік тәжірибеде қолдануда маңызды ғылыми және практикалық мәнге ие.
