Қазіргі жастардың кітап оқуға қызығушылығы
Әжібай Дария Бейбітқызы
Студент
Ғылыми жетекші – Әлміш Жадыра Талғатқызы
Алматы қаласы, Тұран университеті
Қазіргі жастардың кітап оқуға қызығушылығы бұрынғыдан азайған. Яғни жастар кітап оқудың орнына бос уақытын әлеуметтік желіде өткізіп, қысқа видеороликтер көруге уақытын жұмсауды тиімді көреді. Әрине, әлеуметтік желі қызық әрі тез дамып жатыр, бірақ оның да кері әсері бар. Оған қоса қазақ тілін, дәстүрін, мәдениетін ұмыту да көбейіп келе жатқанын айтсақ, өтірік емес.
Кітап оқу жастардың ойлау қабілетін, сөздік қорын, білімін және дүниеге деген көзқарасын қалыптастырады. Әсіресе көркем әдеби шығармаларды оқыған адамның қиялы дамиды. Кітап арқылы адам өзіне таныс емес өмірмен танысады, басқа адамдардың жағдайын түсінуге тырысады. Сол себепті кітап оқу тек жеке тұлғаның емес, бүкіл қоғамның мәселесі деп білемін.
Қазіргі таңда қай жерге барсақ та, әр бұрышта ұялы телефонына үңіліп отырған адамдарды көреміз. Кейде адамдар жанындағы адаммен сөйлескеннен гөрі телефонға қарағанды жөн көреді. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Себебі осыдан 2-3 жыл бұрын кітап оқу жастар арасында мүлдем сәнде емес еді. Ал қазіргі таңда кітап оқитын орындар немесе тиімді бағада кітап сатып алуға болатын дүкендер көптеп ашылуда. Тіпті саябақтарда, мейрамханаларда кітаптарды айырбастауға мүмкіндік бар. Қазіргі заманның дамуына байланысты кітапты онлайн форматта да оқуға болады.
Меніңше, кітап оқуды тек жастар ғана емес, үлкен буын өкілдері де әдетке айналдыруы керек. Егер үлкендердің кітап оқығанын көрсе, жастар да оны әдетке айналдыруы мүмкін. Себебі бала көбінесе өзіне жақын адамдардан үлгі алады. Үйде кітап оқитын орта қалыптасса, баланың да кітапқа деген қызығушылығы артуы мүмкін.
Әлеуметтік желі миды қатты жұмыс істетуді қажет етпейді. Сол себепті әлеуметтік желі бізге ең таптырмас құрал болып кетті. Бірақ оны жас буынға ерте жастан бергеніміз дұрыс па деген сұрақ мазалайды. Өзім көрген оқиғалардан мысал келтірсем, туылғаннан ұялы телефонмен өскен баланың сөйлесуіне және қарым-қатынасына кері әсер ететін жағдайлар кездеседі. Бала 2-3 жастан бастап сөйлем құрап, ойын сөзбен жеткізудің орнына бәрін ыммен көрсетуі мүмкін. Бұған қысқа әрі мағынасы аз видеоларды ұзақ көру де әсер етуі мүмкін деп ойлаймын. Әрине, қазір ата-аналардың бәрінің қолы бос емес. Алайда ұялы телефонның орнына балаға аудиокітап тыңдату немесе бірге кітап оқу пайдалырақ сияқты. «Бала тәрбиесі – тал бесіктен» демекші, баланың кішкентай кезінен бастап пайдалы дүниеге қызығушылығын қалыптастыру маңызды.
Кітап тек ой-өрістің дамуына ғана емес, ұлттық құндылықтарды білуге де көмектеседі. Қазақ әдеби кітаптарын оқысақ, өз тарихымызды білеміз. Сонымен қатар бұрынғы ата-бабаларымыздың кешкен тағдырын, өз тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді ұмытпай, құрметпен қарауға үйренеміз деп ойлаймын. Бұл жерде кітап оқудың халықтық маңызы да көрінеді. Себебі тіл мен мәдениетті сақтау бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Демек, кітап оқудың себептері көп. Бізден көп нәрсе талап етілмейді. Кітапты оқып, оны жақындарымызға ұсыну арқылы да кітап оқуға деген қызығушылықты арттыра аламыз. Ал ірі блогерлер, актерлер және басқа да танымал адамдар өздерінің әлеуметтік желілерінде кітаптарды насихаттап, оқырмандарына ұсынса, бұл жастарға жақсы әсер етуі мүмкін. Кітап оқу қайтадан жастардың күнделікті әдетіне айналса, оның қоғамға пайдасы көп болары анық.
