Зейін үшін күрес: неге қазір адамдар ұзақ уақыт бір нәрсеге көңіл бөле алмайды?
Тоқболат Дина
11 сынып оқушысы
103 орта мектеп, Астана қаласы
Зейін-адамның психикалық әрекетінің, ойының бір жерге шоғырлануы. Зейіннің адам өмірінде алатын орны зор. Әсіресе, таным процесінде, білім алу ісінде маңызды. Адамның ақпаратты түсінбеуі, есте сақтау қабілетінің әлсіз болуы зейіннің дұрыс болмауынан, ойдың шашыраңқы жүруінен. Ал мұндай жағдайда жетістікке жету қиын.
Зейіннің дамыған болуы адам үшін өте маңызды. Бұл ақпаратты тез қабылдауға, оны ой иегінен өткізіп, есте сақтауға көмектеседі. Зейінді қалыптастыру баланың сәби кезінен басталып, жасөспірім кезінде қатаң қадағалануы керек. Көп ата-ананың жіберетін қателігі- баламен интеллектуалдық ойындар ойнап оның ой-өрісін дамытудың орнына теледидар алдына отырғызып қоюы. Бұл- кішкентай баланың зейінінің құртылуының бастамасы және баланың дамуы өз қатарластарынан кешірек жүруіне алып келеді.
Зейіннің маңызы әр салада бар, әсіресе білім саласында. Зейінді жақсарту үшін әр тұлға өзіне не керек екенін, ал қандай зат ешқандай пайда әкелмейтінін толық шешіп алуы қажет және өзіне керек емес заттардан арыла білу де маңызды. Ал жасөспірімдерге келетін болсақ, олардың бір күні әлеуметтік желісіз, қысқа Reelsтерсіз өтпейді. Reelsтер қысқа болса да, баланың кем дегенде 2-3 сағатын алады. Ал қысқа видеороликтер енді жетіліп келе жатқан жасөспірімнің ұзақ уақыт видео қарай алмауына, кітап оқи алмауына, тіпті бір жерде үзақ отыра алмай, бастаған жұмысты соңына дейін апармай тастап кететін әрекеттеріне алып келеді. Маңызды емтиханға дайындалу үшін өте көп оқып, дайындалу керек. Ал адамның ойында басқа кедергі келтіретін заттар болса ми барлық ақпаратты бірдей қабылдай алмай, процесс ұзақ әрі нәтижесіз болады. Сондықтан, оқушылар емтиханға дайындық кезінде көбіне әлеуметтік желілерден, видео ойындардан бастартады.
Жасөспірімдер кейде ақ-қараны ажырата алмайды, солай жанындағы адамдарға қосылып қызығушылықпен немесе «бір рет қана» деген сылтаумен темекі шегіп, жаман әрекеттерге беріле бастайды. Бұл күнделікті әдетіне айналған баланың ойы тек «ойын-сауықта», «зиян әрекеттерде» болады. Сәйкесінше, бала кітап оқуға тырысқанның өзінде ойы шашыраңқы болып, ұзақ уақыт концентрация ұстай алмай, оқығанын түсінбей, есте сақтай алмай қалады.
Жұмысқа немесе оқуға барынша зейін қою үшін жақсы жағдай жасалуы керек. Айналадағы шулар, қолайсыз орта, пайдасы жоқ достар және бітпейтін кездесулер, зиянды әдеттер, өмірдегі проблемалар зейіннің жоғалуының себепшілері. Сондықтан жұмыс орнында тыныштық пен қолайлылық болса- жұмысқа зейін қою да оңайырақ болады.
Зейін қоюды жақсартудың өте көп тәсілдері бар. Адам өз өмірін контрольда ұстай бастағанда-зейін де жақсарады.
- Әр күнге жоспар жазу және оны жазып қана қоймай әр әрекетті өз уақытында орындау. Сонымен қатар, жоспар жазылған қағаз сіздің көз алдыңызда тұруы қажет. Адам өзінің бір күнде не істеуі керек екенін көрген кезде, оны күні бойы ойлап жүреді. Бұл сіздің мақсатыңызға қалай жетуіңізге болатынын көрсетеді.
- Уақытты дұрыс бөлу. Кей жағдайда адамды уақыт басқарады, яғни адам үнемі асығып жүреді немесе кешігеді, ешнарсеге үлгермейді. Бұл барлық жоспардың құртылуына, орындалмай қалуына алып келеді. Бірақ сен уақытты басқаруың керек. Мысалы, сен жұмыс пен оқуды қатар алып жүретін болсаң уақытты дұрыс бөліп, сабақ оқитын уақытта жұмысқа алаңдамай, барлық фокусты тек сабаққа қоюың керек. Ал, жұмыс жасайтын уақытта жұмысты ғана ойлау- жұмысқа зейін қоюға көмектеседі. Одан бөлек, демалуға да, ұйқыға уақыт бөліп, ол уақытта ешнарсені ойламай, физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да демалу өте маңызды. Ұйқы режимінің дұрыс болуы- гормондардың реттелуіне, сәйкесінше есте сақтау қабілетінің жақсаруына алып келеді.
- Жұмыс кеңістігін орналастыру. Жоғарыда айтып өткендей қолайлы әрі тыныш кеңістік- зейін қоюда өте маңызды. Сонымен қатар, жұмыс кеңістігінде тек керек затты қалдырып, керек емес затты алып тастау да жұмысқа фокус қоюға жақсы көмектеседі. Егер сіз телефонды минут сайын тексеретін болсаңыз жұмыс кеңістігінен ұялы телефонды алып тастап, басқа бөлмеге қойыңыз.
- Үзілістерді дұрыс пайдалану. Зейінді жақсарту бірден бола салатын процесс емес, оның дамуына өте көп уақыт қажет болады. Сол үшін, бастапқы уақытта 30 минут кітап оқып, 5 минут демалып, кейін 40 минут кітап оқып 5 минут демалып, тағы солай аз-аздан үздіксіз қайталап, кітап оқитын уақытты көбейтіп отырсаңыз зейін бірте-бірте қалпына келеді.
- Өз қажеттіліктеріңді түсіну. Жоғарыдағы пункттердің бәрі орындалуы үшін адам өзіне не керек екенін түсініп, бұрынғы үйреншікті әрекеттерден бастартады. Күнделікті 2-3 сағаттап отыратын әлеуметтік желіден, пайдасы жоқ ойын-сауықтан, зиянды әдеттерден бастартуы ең маңызды пункттердің бірі.
- Дисциплина. Зейін қоюдың жақсарғанын қаласаңыз, дисциплинаңыз өте мықты болуы керек. Адамдар көбіне мотивация жоқ, болды жасамаймын деп бастаған ісін тастап кетіп жатады. Бірақ, біз түсінуіміз керек жайт- мотивация 1 аптада 1 рет немесе 1 айда бір рет келуі мүмкін. Ал жетістікке жету үшін сіз дисциплинаны өз қолыңызбен жасауыңыз қажет. Егер сіз жоғарыдағы әрекеттерді нақты 21 күн бойы мотивациясыз да жасасаңыз олар әдетке айналады, оларды жасауға қиналмаймыз. Бірақ, 1 күн өткізіп алсаңыз бәрін басынан бастауыңыз қажет. Себебі бұл- дисциплина. Ал дисциплина мен күнделікті тәртіп- жетістіктің іргетасы. Әрине, зейінге де үлкен әсер етеді.
Қорытындылай келе әр тұлғаның белгілі бір салада мақсатына жетуі үшін зейіннің маңызы үлкен. Ал оны қалыптастыру үшін адам өзін-өзі бақылай алып, тәрбиелеуі керек. Бұл тәртіп неғұрлым ерте басталса соғұрлым оңай болады, себебі адамның кішкентай кезінде бір тәртіпке үйренуі есейген кезге қарағанда оңайырақ.
